Таным • 04 Сәуір, 2024

Тұңғыш Олимпиада чемпионы

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтан шыққан тұңғыш Олим­пиада чемпионы – Әлжан Жармұ­ха­медов. Ол баскетболдан КСРО құра­масында ойнап, он рет ел чемпионы, үш рет Еуропа чемпионы және 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанған.

Тұңғыш Олимпиада чемпионы

Әлжан Жармұхамедов 1944 жылы бұрынғы Оң­түстік Қазақстан облы­сының Бостандық ауданына қарасты Табақсай ауы­лында дүниеге келген. 1963 жылы Ташкент мемлекеттік дене шынық­тыру институтына оқуға түседі. Сол тұста СКА (Таш­кент) командасында ойнаған. Ал 1969 жылы Мәскеудің ЦСКА клубының сапына қосылады. Осы құрамада ол бақандай он бір жыл орталық шабуылшы болып ойнаған. Олимпия ойындарында ерекше қабілетімен көзге түсіп, ширек финалдың шешуші сәттерінде бір өзі командасына 8 ұпай әперген. Ең есте қалар сәттерінің бірі – америкалықтармен финалдағы ойын. Жарыстың аяқталуына үш секунд қалғанда команда есепті 51:50-ге жеткізіп, жеңіске жеткен еді. Сол жұлдызды құраманың сапында, даңқты қазақ – өз ұлтының тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған еді.

 

Тұңғыш диктор

сми

Ұлттың үнжариясы – Қазақ радиосында талай жылдар еңбек етіп, оған тағдырын байлаған жандар қаншама. Солардың бірі – Қазақ радиосының ардагері, қазақтың тұңғыш дикторы Мина Сейітова.

Мина Сейітова 1919 жылы 25 тамызда дүниеге келген. Дарынды диктор радиоға келгенге дейін медицина институтында Мәншүк Мәметовамен бірге оқыған екен. Оның сөйлеу мәнеріне Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер тәнті болып, ризашылық білдірген. Қазақ радиосының табалдырығын алғаш аттаған кезде небәрі 15 жаста болыпты. Содан микрофон алдында қырық төрт жыл қызмет етіп, талай дикторға, сондай-ақ Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Мұқағали Мақатаев сынды ұлттық мәдениеттің марқасқаларына ұстаздық еткен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ақпарат бюросының барлық мәліметі Мәскеуде Левитанның үнімен тарап жатса, қазақ даласына ол Мина Сейітованың дау­сымен жеткен.

 

Оксфордта дәріс оқыған

сми

Елімізде әлемді мойын­датқан ға­лым­дар бар. Солардың бірі де, бірегейі  – Темір­ғали Көкетаев.

Кристалдағы жарықтың қасиетін сонау Исаак Ньютоннан бастап талай физик зерттеген. Осы саланың өзіндік заңы бойынша 180 градусқа дейін қыздырылған қандай да болсын қатты дене сыртқа жарық шығармай қоймайды екен. Көкетаевтың жаңалығы сол – суық жарықты ойлап тапқаны. Яғни дене қызбай-ақ сыртқа жарық шығарады. Бұл – физика ғылымында бұрын-соңды болмаған соны жаңалық. Ғалым 2005 жылы Ұлыбританияның Оксфорд университетіне арнайы шақыртумен барып жетпістен астам ғалымның алдында дәріс оқыған. Дәріс біткеннен кейін Көкетаевтың ғылыми жетекшісі Чеслав Лущик «Ұлы орыстың өзі Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен Оксфорд университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақсың!» деп зор құрмет білдірген екен шәкіртіне.