Қылмыс • 04 Сәуір, 2024

Алаяқтардың жұмыс схемасы қандай? Полиция түсіндіріп берді

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Астанада 1085 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Азаматтарға келтірілген шығын 500 миллион теңгеден асады. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сарыарқа аудандық ПБ басшысының орынбасары Жаслан Жақай алаяқтардың негізгі схемалары туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алаяқтардың жұмыс схемасы қандай? Полиция түсіндіріп берді

Фото: gov.kz

Қазіргі уақытта жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде киберқылмыстар саны 11,5%-ға азайды.

Спикер өз сөзінде алаяқтардың негізгі жұмыс схемаларын атап өтті.

1) Жасанды интеллект арқылы банктің қауіпсіздік қызметкерлерінің немесе құқық қорғау органдарының атынан шақырулар.

Бұл жағдайда алаяқтар жасанды интеллектің әртүрлі қосымшаларын пайдалана отырып, олардың сыртқы түрін, дауысын қолдан жасап, сол арқылы күмәнді банктік операциялар немесе арнайы операциялар жүргізеді деген желеумен жаңылыстыруы мүмкін.

2) Әлеуметтік желілерде және сауда алаңдарында тауарлар мен қызметтерді сату.

Интернеттегі қылмыстың бұл түрі тауарлар мен қызметтерді сатуды көздейді, бұл жағдайда алаяқтар әртүрлі сылтаулармен жоқ тауарға алдын ала төлемді немесе толық төлемді сұрайды.

3) Фишингтік сайттарды пайдалану.

Алаяқтықтың бұл түрі жеке деректер мен банктік ақпаратты жинауға бағытталған. Мұндай сайттар ресми сайттарға қатты ұқсас болады. Алаяқтар жалған веб-сайтты пайдалана отырып, сіздің банктік шотыңыздың толық мәліметін алады, содан кейін шоттағы ақшаға қол жеткізу үшін аударымдар мен басқа да операциялар жасайды.

4) Криптовалютаға, бағалы қағаздарға инвестициялау.

Аталған алаяқтықтың құрбандары материалдық жағынан жағдайы жақсы азаматтар болып саналады, олар қосымша табыс іздеп, инвестиция салуға болатын жобаларға кезігеді. Алайда өздерінің жинақтары мен табысын жалған банк шоттарына аударады.

5) What's App мессенджерінің есептік жазбасына заңсыз кіру.

Мұндай жағдайда алаяқтар жалған сілтеме арқылы бір адамның жеке деректерін ұрлап алып, сол адамның таныстарына жалған хабарлама жолдайды. Хабарламада, әрине, ақша сұралады. Танысына көмектеспекші болған адамдар өз қаражатын жалған банк шоттарына аударады.

«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, әдетте, ұтыс ойыны және балаларға дауыс беру түрінде таралатын күмәнді сілтемелерді баспау керектігін ескертеміз. Қорытындылай келе, тағы бір рет атап өткім келеді, онлайн платформаларда тауарлар мен қызметтерді сатып алғанда мұқият және сақ болыңыз, жеке және банктік ақпараттың құпиялылығын сақтаңыз, мүмкіндігінше екі факторлы аутентификацияны қосыңыз, белгісіз біреулерге қаражат аудармаңыз, әр операцияны тексеріп отырыңыз», деп ескертті Жаслан Жақай.