Қоғам • 05 Сәуір, 2024

Бүлдіргілерге қарсы акция

156 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау қаласында өткен Ұлт­тық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вандализмге қатысты ой қозғап, қоғам тәрбиесіне алаңдаушылық білдірген еді. Бүгінде бұл кеселге қарсы күресіп жүрген ерікті жас­тар ұжымдары елімізде аз емес. Бірақ вандалдар да бұза­қы­лық әрекеттерін тыятын түрі жоқ.

Бүлдіргілерге қарсы акция

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кем­пір­тасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисы­ны бар?! Мұның бәрі – барып тұр­ған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүл­кіндей қорғауы керек. Дүниежүзін­де, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүс­тік Кореяда, Қы­тайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көп­ке үлгі болып отыр. Ал біз неге олар­дан кем болуымыз керек?», деген Прези­дент мейірімді де мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керектігін де баса айтты.

Осы орайда жуырда тараздық еріктілер, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері «TazaLike» жобасы аясында вандализмге қарсы күрес жұмыстарын жалғастыра түсті. Олар көне шаһардың басты тарихи орындарының бірі саналатын Тектұрмас кесенесінің төңірегін тазалап, тастардағы жабайы жазуларды өшіріп шықты. Бұған дейін әлеуметтік желіде тараздықтар кесененің артқы бөлігі вандализмнің құрбаны болғанын бірнеше мәрте айтып, күйінген болатын.

«Тектұрмас» кесенесі мен «Төрт­күл» керуен-сарайының айнала­сын та­залауға 20-дан аса ерікті жас атсалысты. Кесененің Талас өзені бетіндегі тас қоршауына, қабыр­ғасына жазылған жазулардан көз сүрінеді. Акцияның мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару. Сондай-ақ туған жердің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру.

– «Вандализмге жол жоқ!». Дәл осы ұран еліміздегі рухты жастарды біріктіріп, былтыр ауқымды акцияның басталуына түрткі болған. Еліміздің тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық іс-шараға Жамбыл облысының жастары да үлес қосып, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» кесе­несі, «Төрткүл» керуен сарайы, сая­бақ­тар мен киелі орындардағы келеңсіз көріністерді ретке келтірді. «Ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі», деп Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлттық мұра­мызды сақтау, қастерлеу әр азаматтың парызы деп санаймын. Вандализмге тосқауыл қоюға арналған петиция қолға алынып, бүгінде мыңдаған азамат бастаманы қолдап отыр. Қоғамның айнасы, бет-бейнесі жасаған ісіміз арқылы көрінетіндіктен, үнемі жақсыға ұмтылып, жаманнан жиреніп, ізгі істің бастамашысы болуымыз керек. Барша азаматты табиғатымызды, тарихи мұрамызды барынша қорғауға шақырамын, – дейді «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали.

Жалпы, «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты еліміздің тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғау жөніндегі ауқымды республикалық акцияны жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да осы мәсе­леге тоқталып, заңды қатаң сақ­тауды, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырған еді. Президент дала­дағы, көшедегі вандализм, кейбір аза­маттарымыздың тәртіпсіздігі, мәде­ниетсіздігі еліміздің халықаралық аре­надағы абыройына нұқсан келтіре­тініне назар аударып отыр.

Мәселені шешу үшін жастар қана­тының белсенділері мен жақтастары өткен жылы тарихи ескерткіштерді, табиғи саябақтар мен қасиетті орындарды бұзақылық пен вандализмнің іздерінен тазартуға кірісіп кетті. Мәселен, «Жас­тар рухының» 50-ден астам белсен­дісі «Жұмбақтас» жартасын тазалап, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында сенбілік өткізді. Сонымен қатар жастар Алматы облысындағы «Тамғалы тас» шатқа­лынан 100 қап қоқыс шығарса, Қоста­най облысы Мичуринское аулында Ыбырай Алтынсарин кесенесінің аума­ғында сенбілік ұйымдастырды.

Барлығы 1500-ден аса «Жастар рухы» белсендісі мен еріктісі 500-ден аса табиғи, тарихи және мәдени ескерткішті тазартты. Акцияға қоғам белсенділері де қосылды. Мәселен, «Kaz Alpine Сlub» бірлестігінің басшысы Денис Лукьянчук өткен жылдың қараша айында Ұлттық мұраны қорғау жөнінде петиция бастаған еді. Бүгінде ол отандастарымыз тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Айталық, жарты жылға жетпей бұл бастаманы 16 мыңнан аса адам  қолдады.