3 сәуірде кешкілік Науырзым ауданы Буревестник аулының үшінші бөгетінен су асып, жеті үй су астында қалды. Тұрғындар жақын туыстарының үйіне көшірілген. Мал шығыны жоқ.
«ЖАО, ТЖ, полиция күштері мен жергілікті шаруашылықтар күре жолдың үстін екі жерден жырып, суды еңіске жіберді. Ол жерде «К-701» техникасы, экскаватор, басқа да ауыр техникалар жұмыс істеді. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Таң ата Буревестник аулында жағдай тұрақталды. Су деңгейі төмендеді. Эвакуацияланған тұрғындар үйіне оралды. Буревестник аулындағы су тасқынының жағдайы аудан әкімінің бақылауында», деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Меңдіқара ауданына да су тасқынынан қауіп төніп тұр. Қазір осы ауданға қарасты Степанов, Архипов елді мекендерінде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүріп жатыр. Бұл ауылдарға қар суы маңайдағы егіс алқаптарынан кіріп жатыр. Ауылдың айналасындағы ойпаң жердің бәрі суға толып тұр. Абырой болғанда, су астында қалған үй жоқ.
«Бұл елді мекендердің айналасына бөгеттер салынып жатыр. Жедел штаб пен жеке құрамның 3 адамы және арнайы жасақталған топ тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. Жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмыз», деп мәлімдеді жедел штаб өкілдері.
Тобыл арнасы да күн санап көтеріліп келе жатыр. Ірі өзен аңғарындағы су деңгейінің көтерілуі жұртты алаңдатып отыр. Қостанай қаласының жедел штабы су деңгейі күрт көтеріліп кеткен жағдайда қала шетіндегі 5 көшені су басып қалу мүмкін дейді. Сондай-ақ өзен жағасына орналасқан 2 мейрамхана, 1 сауда орталығы, «Мохито» жазғы демалыс орнына да қауіп төніп тұр. Тобылға жақын жатқан Бейімбет Майлин ауданынан да Әйет аулының шеткі көшелерін су алып кетуі мүмкін деген жайсыз хабар естідік.
Өңірде су тасқыны басталған 25 наурыздан бері күшейтілген режімде жұмыс істеп жатқан Полиция департаменті облыс аумағындағы автокөлік жолдарын 21 жерден су шайып кеткенін мәлімдеді.
«Оның ішінде 1 республикалық, 5 облыстық, 13 жергілікті маңызға ие жол бар. Басты міндет – қоғам мен жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Сондықтан тұрғындардың амандығы үшін біз қауіпті жолдарды дер кезінде анықтап, автокөліктердің сол бағытқа шығуына тыйым салып отырмыз», деді ПД бастығы Ерлан Файзуллин.
Полиция департаментінің жанынан құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр. ПД бастығы қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етуге дайын тұрған қосымша күштің жасақталғанын айтты.
Сонымен қатар тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың алды мемлекеттен өтемақы ала бастады. Мәселен, өткен аптада төтенше жағдай жарияланған Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарының 327 тұрғынына жалпы сомасы 60 млн теңге көлемінде өтемақы төленген.
1 сәуірге дейін келіп түскен 327 өтініштің бәрі қанағаттандырылып, мемлекет қолдауына жүгінгендерге материалдық көмек көрсетілген. Бір отбасына берілетін 50 АЕК көлеміндегі бір жолғы әлеуметтік төлемнің көлемі 184 600 теңге болады.
«Жеке шотыма 184 600 теңге түсіпті, мұны маған кеше қызым айтты. Біз үшін алаңдап, осындай қиын сәтте демеу көрсетіп жатқан әкімдік пен Үкіметке ризашылығым шексіз. Әрине, жағдайымыз жақсы деуге ертерек. Бірақ бұл табиғи апат қой, оған не істей аламыз? Уақытша қиындыққа төзіп, шыдай білуіміз керек. Кезінде бұдан да қиын кезеңдерді бастан кешіргенбіз. Өткен аптада етікпен жүрдік. Үйдің ішіне тізеге дейін су кіріп кетті. Екі сорғымен айдадық. Бір сорғы күйіп кетіп еді, Қостанайдан жаңа сорғы әкеп берді. Астанадан біреуін алып ұлым келді. 28 наурызда төтенше жағдай қызметкерлері келіп көмектесті. Олардың сорғысы мықты болғанымен, су тапжылмай қойды. Келесі күні әкімдіктен басқа сорғы әкеліп еді, өте қуатты екен, түнгі сағат бір шамасында үйдегі судың бәрі кетті. Бірақ таңертең қайта толып қалды. Одан кейін ТЖ қызметкерлері мен волонтерлер келді. Сол күні жаңбыр жауып тұрды. Соған қарамастан ерікті жастар жанталасып жүріп судың бәрін сыртқа айдап шығарды. Балалар тоңып қалды ғой деп шайға шақырып едім, келмеді. Волонтерлерге соншалықты риза болдым. Одан кейін әскерилер құм әкеп берді. Бақшамда тұрған сорғы үздіксіз жұмыс істеп тұр, күні-түні су айдап жатырмыз. Түнде екіде жаттым. Су айналып келіп қайта жиналып қалып жатыр. Сондықтан күнде сорғытып отыру керек», дейді Арқалық қаласының тұрғыны, зейнеткер Надежда Майорова.
Ендігі маңызды мәселенің бірі – су тасқыны салдарынан мал-мүлкінен айырылған азаматтарға өтемақы төлеу. Төтенше жағдай жарияланған үш ауданда бір аптадан бері бағалау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Суға кеткен үйдің, техника мен малдың шығынын осы комиссия анықтап, бағалап, сосын барып өтемақы тағайындайды.
«Тиісті көмекті алу үшін зардап шеккен аудан тұрғындары құжаттарын тіркеп, учаскелік комиссияға немесе ауылдық округ әкіміне өтініш жазуы қажет», дейді облыстық Қаржы басқармасы басшысының орынбасары Алма Жүсіпова.
Облыстық жедел штабтың соңғы мәліметінше, су тасқыны басталғалы бері Арқалықта – 359, Амангелді ауданында – 271, Жангелдин ауданында 654 адам құтқарылған, барлығы – 1 284 адам. Өңірде 213 үй суға кетті. Облыс аумағындағы көлік қатынасы жолдарының үстінен 18 жерден су асып жатыр. 12 елді мекенге жол жоқ. Авариялық-құтқару жұмыстарына 1 733 адам, 164 су айдау құралы, 30 қайық, 2 тікұшақ жұмылдырылған.
Қостанай облысы