Төтенше жағдай • 05 Сәуір, 2024

Күрделі жағдайдан шығудың қамы

106 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында су тасқынымен күрес дамылсыз жүргізіліп жатыр. «Қазгидромет» мекемесі облыстық филиалының басшысы Төлеген Шапанов Жайық өзеніндегі су деңгейі сәуірдің екінші жартысында қауіпті шекке жетеді деп мәлімдеді.

Күрделі жағдайдан шығудың қамы

Қазір Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жағдай күрделі. Облыста кіші өзендердің су деңгейі түс­кенімен, облыс орталығы ар­қы­лы өтетін үш өзен – Жа­йық, Шаған және Деркөлде су көте­ріліп, тұрғындарға қауіп төн­діріп тұр.

«Алдағы болжам бойынша Жайық өзенінің деңгейі сәуірдің екінші жартысында Ресейден келетін судың есебінен 850 см-ге жетеді деп отырмыз. Бұл – қауіпті деңгей. Орал қаласының маңында Жайық суы 650 см-ге жеткен кезде аңғарынан асып, айналасындағы сай-са­лаға жайы­лады. Бұл – саяжай ау­мақ­тарында тұратын халыққа қауіп төнеді деген сөз. Яғни Подстепной ауылына дейінгі №1, 2, 3 саяжай аумағы, Ет комбинаты шағын ауданындағы бау-бақша серіктестігі, жалпы өзен бойындағы саяжайдың бәріне қауіп бар», деді Т.Шапанов.

Орал қаласының маңындағы саяжай аумағында 5 мың үй-жай, 20 мың адам тұрақты тұрып жатқаны белгілі. Бүгінде су басуы мүмкін елді мекендер мен саяжай аумағынан 6 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Олардың 3 мыңнан астамы – балалар. Эвакуациялық бекеттерде 1 мыңнан аса адам ор­на­ласқан, қалғаны туған-туыс­тарын паналаған.

Бүгінгі таңда су тасқынын жою және апаттан құтқару жұ­мысы үздіксіз жүріп жатыр. Төтеншеліктер автожолдардың 48 тұсын су шайып кеткенін, 23 жерде жол үстінен өткенін хабар­лады. Ол жерлерге кезек­шілік қойылған.

Бұған дейін хабарла­ға­ны­мыз­дай, көлік қатынасы жоқ 10 елді ме­кенге азық-түлік қорын жеткізу ұйымдастырылған. Соңғы деректерге қарағанда, 3 мыңнан аса үй жануары қауіпсіз жерге айдалған. Ал әзірге су тасқыны салдарынан 139 ірі қара, 39 жылқы, 1 413 қой-ешкі – барлығы 1 591 мал, 112 үй құсы шығынға ұшырағаны хабарланды. Толық шығынды арнайы комиссия есептейді.

Қазір Орал қаласы маңында қауіпті жағдай қалыптасып отыр. Өткен тәулік ішінде 1 500-ден аса адам көшірілді. Мұның 700-ден астамы – бала. Сондай-ақ Ұзынкөл су қоймасындағы қауіпті жағдайға байланысты төменде орналасқан Ұзынкөл, Барбастау, Шаған, Кемер және Юбилейное ауылы тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

Қазіргі уақытта жағдай тұ­рақ­ты күрделі және бақылауда тұр. Өңірге осыған дейін Ақтөбе облысы аумағында болған маңғыстаулық құт­қарушылар тобы келді. Олар орал­дық әріп­тестерімен бірге Орал қала­­сын­дағы «Бірінші саяжай» және «Екінші саяжай» тұр­ғындарына су басу қаупі жөнінде түсіндірме жұмы­сын жүргізіп жатыр.

Батыс Қазақстандағы қиын жағ­дайға еліміздің түкпір-түкпірінен алаңдаушылық біл­­діріп жатқан жандар көп. Сә­уірдің 4-і күні «Amanat» партия­сы Шымкент қалалық филиалы атынан 20 тонна гуманитарлық көмек Орал қаласына жетті.

«Орал қаласында үшінші эвакуа­ция­лық бекеті толуы жақын. Тағы 2 бекет бар, олар да толса, резервтегі 3 бекет дереу жасақталады», деп ха­барла­ды Төтенше жағдайлар депар­та­мен­ті­нің баспасөз қыз­меті.

Тасқын судан зардап шеккен ха­лыққа медициналық, психологиялық көмек дер ке­зінде жасалып жатыр. ТЖМ апаттар медицинасы орта­лы­ғы қызметкерлері және БҚО тө­тенше жағдайлар депар­та­ментінің психологі олим­пиа­да­лық резерв интернат-мек­тебіндегі эвакуациялық бекетте ор­наласқан тұрғындарға көмек көрсетті.

Өңірдегі құтқару жұмыс­та­рына арнаулы қызмет өкіл­дерінен бөлек, «Жайық таза қала» ЖШС, №5517 әс­кери бөлім сарбаздары, «Таулы Қара­бақ ұрыс қимылдары арда­гер­лері» қоғамы, «Зенит» зауыты қыз­меткерлері, т.б. көптеген мекеме-ұйым атсалысып жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы