Қоғам • 05 Сәуір, 2024

«Ауыл тұрғындары қиындықта қалмайды»: депутаттар су басқан ауылдарды аралады

230 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттарының екінші тобы жағдайды бақылау үшін су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға аттанды. Олар жергілікті тұрғындармен кездесіп, жедел штаб жұмыстарына қатысып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ауыл тұрғындары қиындықта қалмайды»: депутаттар су басқан ауылдарды аралады

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Абай облысынан сайланған депутат Нұртай Сабильянов су тасқынына байланысты халықтың жағдайын білу мақсатында Аягөз ауданы Бозай елді мекеніндегі қарғын су шайып кеткен көпірге барды. Бұдан кейін Көкпекті, Жарма аудандарында болып, суға кеткен нысандарды көріп, жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Ауа температурасы күрт көтеріліп, қардың қарқынды еруіне байланысты Абай облысының екі ауданында жергілікті төтенше жағдай жарияланған еді. Аймақтағы бірнеше аудан мен Семей қаласы маңында су деңгейі көтеріліп, салдарынан көпірлер мен жолдарды су шайған. Қазір облыс бойынша жағдай тұрақтанды. Су тасқынынан кейін жолдар қалпына келтіріліп жатыр.

Ир

Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тумашинов су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмысты көру үшін Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына барды. Өңірде қауіптің беті қайтқан. Жағдай жергілікті әкімдіктің және мәслихат депутаттарының бақылауында. Облыстық маңызы бар Ақсуат-Бәкей-Қарасу-Ақжар тас жолының бөлігі кесіліп, тасқын суды жолдың келесі бетіне кедергісіз өткізу шаралары жасалған.

Сонымен қатар мәжілісмендер республикалық маңызы бар Қалбатау - Майқапшағай жолының Қалбатаудан Боғасқа дейінгі бөлігі бойынша жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысымен танысты. Оған жауапты Қытайдың «Синь-синь» компаниясы өкілдерімен кездесіп, жөндеуді жылдамдату керектігін айтты.

Батыс Қазақстан облысында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Орал қаласындағы эвакуациялық пункттердің жағдайымен танысты. Бүгін Қаратөбе ауданына қарасты Қаратөбе ауылына гуманитарлық көмек жеткізілді. Оны жинауға бірқатар қаланың кәсіпкерлері атсалысты. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті тұрғындармен кездесті.

«Су көп келетіндіктен Теректі ауданы Ұзынкөл ауылындағы көлемі 80 млн текше метр гидротехникалық құрылыстар апатты жағдайда тұр. Бөгет бұзылса, бес ауылдық округке су басу қаупі төнеді. Қиындыққа қарамастан ауыл тұрғындарын үйлерін тастап кетуге көндірдік. Бұл жұмысқа мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды», дейді Абзал Құспан.

Депутат Еркебұлан Мәмбетов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы жағдаймен танысты. Вагулино кентінде 50 тонна инертті материал, жүк тиегіш, экскаватор, бульдозер, мотопомпа түріндегі арнайы техника дайындалған. Жергілікті мектепте ауыл тұрғындарын қабылдау пункті ашылған. Якор, Ольшанка, Соколовка сынды көршілес елді мекендерде дайындық қызу жүріп жатыр.

«Барлық жағдай бақылауда, ауыл тұрғындары қиындықта қалмайды. Қазір ең бастысы – адам шығынын, мал мен материалдық шығынның алдын алу қажет. Биыл жағдай өте ауыр. Су тасқыны 2017 жылғыдан да көп болуы мүмкін. Өйткені Ақтөбе, Ақмола облыстарынан келетін судың бәрі осы аймақ арқылы өтеді. Су тасқыны тұрғындар үшін күтпеген жағдай емес, дегенмен дайын болу қажет», деді Еркебұлан Мәмбетов.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты Шал ақын ауданына барып, тұрғындарды уақытша орналастыру орталығын, Сергеев қоймасын, Григорьевка ауылындағы дренаждық ұңғыманы аралады. Өткен түнде су қоймасында 40 см-ге дейін су тасқыны тіркелді, алайда құзырлы органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қостанай облысының су тасқынынан зардап шеккен Амангелді ауданы мен Арқалық қаласына барды. Олар ең қажетті деген заттар – су, жарма, консервілер, төсек-орын жабдықтары, майшамдар, жеке гигиена құралдарын жеткізіп берді. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар депутатқа өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

«Жағдай әлі де қиын, қауіп сейілген жоқ. Су деңгейі көтеріліп жатыр. Жергілікті тұрғындардың баспаналары, мүліктері мен малдары зардап шекті. Жалпы Үкімет оның барлығына жан-жақты қолдау көрсетеді», деді Айдарбек Қожаназаров.

Ио

Мәжіліс депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Арман Қалықов Қарағанды облысына аттанды. Олар олар Нұра және Бұқар жырау аудандарындағы Жаңаталап, Ростовка, Тегісжол, Қызылжар сияқты елді мекендерді аралады. Бұл ауылдардағы жағдайды қалыпты деуге болады, бірақ су басу қаупі бар.

Мәжіліс депутаттарының Атырау және Павлодар облыстарындағы халықпен жұмысы да жалғасып жатыр.

Тт