Қоғам • 07 Сәуір, 2024

Маңғыстаулық спортшылар эвакуацияланған халыққа көмек қолын созды

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстаулық спортшылар бірігіп су тасқыны салдарынан эвакуацияланған азаматтарға көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстаулық спортшылар эвакуацияланған халыққа көмек қолын созды

Қиын-қыстау кездерде ортақ байрақ астына бірігіп, елдікті ұран еткен қазақ батырларының ерлігін бүгінгі күні маңғыстаулық азаматтар қайталап отыр. Атырау облысы Жылыой ауданынан Құлсарыдағы су тасқыны кезінде көшірілген тұрғындардың бір легі Бейнеу ауданындағы эвакуациялық пункттерге орналасты. Өңірдегі спорт саңлақтары бірігіп, қөмек қажет еткен жандарға барынша демеу көрсетіп жатыр.

Атап айтқанда, Бейнеу аудандық аралас жекпе-жек бапкерлері мен спортшылары спорт залдарына көшіп келіп жатқан тұрғындарды орналастырған. Ал, Бейнеу аудандық спорт мекемелерінің спорт залдарында қажетті 100-200 төсек орын дайындалып, спортшылар түгелдей жұмылдырылды. Және Жаңаөзен қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің ұжымы мен жаттықтырушылары спорт залдарға кереуеттерді дайындап адамдарды орналастыруға жағдай жасап қойды.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мекемелерінің автобустары және спортшылары және мамандар жеке көліктерімен тұрғындарды көшіруге атсалысып жатыр.

Маңғыстаудан кетіп жатқан фуро-камаздарға, көліктерге Ақтаудан, Мұнайлыдан, Маңғыстау ауданынан гуманитарлық көмекке қажетті қапшықтарды орап, жүк көліктеріне тиеуге бапкерлермен қатар жас спортшылар да өз көмектерін көрсетіп жатыр.

Бірқатар спортшылар Ақтау қаласындағы эвакуациялық пункттегі 17 шағынауданында орналасқан жатақхана жаныннан құрылған ағаш үйді тігуге, орналастыруға көмектесіп жүр. Спорт мамандары эвакуациялық пункттерді азық-түлік пен қажетті гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етіп отыр.

Айта кету керек, спортшылар мен және спорт федерациялары атынан су апатынан эвакуацияланған азаматтарға қаржылай көмек көрсетіліп жатыр. Осыған дейін, маңғыстаулық спортшылар еліміздің Батыс аймағындағы су басқан өңірлерге гуманитарлық көмекті фураларға тиеп жіберген болатын.