Оқиға • 08 Сәуір, 2024

Кереғар қайран дүние

110 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық әмбебап дүкенінің алдындағы, аумағы атшаптырым авто­тұрақта жолсерігімізді тосып тұр едік. Қолында шағын шелегі, сұйық сабыны, сулы шүберегі бар он бір-он екі жасар жеткіншек келіп, көлігімнің терезесін қақты. Айтпаса да біліп тұр едім. Өткен күзде, өңмеңіңнен өтер қара суықта көріп едім. Сол бала ма, әлде басқа ма, анық айыра алмадым. Әйтеуір, тұраққа келіп тізгін тартқан көліктердің автошамын жуып жүрген.

Кереғар қайран дүние

– Ағай, – деп имене тіл қатты әлгі бала, – көлігіңіздің автошамы кірлеп қалған екен, жуып берейін бе?

Үсті-басы тап-таза, қолындағы керекті заттары да мұнтаздай.

– Қанша аласың? – деп сұрадым.

– Өзіңіз білесіз, – деп күмілжіді бала.

Меселін қайтармайын деп 1000 теңге ұстаттым.

– Жумай-ақ қой, – дедім, – күн лайсаң, бәрібір қайта кірлейді.

– Жоқ аға, сіз ақшасын төледіңіз ғой, еңбек етпей алуға болмайды.

Жағдайын сұрадым. Анасы мен кішкентай інісі бар екен. Сабақтан қолы бос кезінде осылай табыс таппақ. Есебі, анасына көмектеспек. Кішкентай баланың жақсы ниеті көңілімді уылжытып жібергені. Атам қазақ «жас өспей ме, жарлы байымай ма?» дейді. Ертең-ақ жетіліп кетер.

Облыс орталығындағы Ж.Тәшенов көшесінің бойында азық-түлік сататын бірнеше дүкен бар. Дәріхана да осы жерде, тұрмыстық бұйымдар да сатылады. Содан ба екен, жүргінші үзілмейді. Зәуі бір себеппен соға қалсаңыз, ішімдіктің салдарынан бет-аузы көгере қарайып кеткен, үсті-басында сау-тамтық жоқ әлдекімдердің алақан жайып тұрғаны. Халықты әбден мезі етіп жіберген бе, қалтасына қол салып жатқан кісіні де көрмейсіз. Бір күні елдегі құрдастың өтініші есіме түскені. Қыстың соңында мұзға құлап, мертігіп қалған құрдасқа мал жайлау қиынға түскен сыңайлы.

– Қалада мекен-тұрағы жоқ адамдар болады дейді ғой, біреуін қарастырсаңшы. Бәрін заңдастырып алар едім. Тұратын жері, ас-суы дайын, тек жұмыс істесе болды. Ақысын жемеймін, – деген ол.

Осы жайды көршіме айтып ақыл­дасып көрдім. Ол болса жұлып алғандай:

– Жұмыс істейтін адам болса солай жүрер ме еді? – дегені.

Жан дүниеңді тұз тигендей ашытатын жалғыз ауыз сөздің астарына әлгі топтың бет-бейнесі түгел сыйып тұр еді. Таяуда тағы біреуі кезікті. Отызды орталап қалған азамат, он екі мүшесі сау. Ұсынысымды айттым. Елге барсаң, басыңда баспанаң, ас-суың дайын, ақы-пұлыңды аласың.

Домбыға ісіп кеткен, оты өше бастаған жанарымен маған үңіле қарады. Айтпаса да түсінікті. Ақыл-есімнің дұрыстығына күмәнданып тұр.

Осы екі суретті көрген сайын дүние­нің кереғарлығына таңғалатыным бар.

 

Көкшетау