Аймақтар • 08 Сәуір, 2024

Жангелдин ауданының тұрғындары үйлеріне оралып жатыр

273 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Торғай өңіріндегі жойқын су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің тұрғындары үйлеріне оралып жатыр.

Жангелдин ауданының тұрғындары үйлеріне оралып жатыр

Торғайдағы эвакуация пункттерінде жатқан Тәуіш, Көлқамыс, Аралбай елді мекендерінің тұрғындары ауылдарына тікұшақпен жеткізілді. Тентексай ауылының төрт отбасы Жаркөл ауылында. Жергілікті әкімдік оларға баспана беріп, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз еткен.

Торғай ауылындағы эвакуациялық пункттердегі барлығы 600-ден астам адам ауылдарына оралып, эвакуациялық орталықтар жабылған. Жергілікті билік аталған ауылдардың тұрғындарының тұрмысына қажет азық-түлік, киім-кешекті тікұшақпен жеткізіп берді. Мұндай көмек көлік қатынасы үзілген елді мекендерге жол қалпына келгенше тұрақты түрде көрсетілетін болады.

Сондай-ақ өңірде су тасқыны салдарынан келген шығынды есептеу, бағалау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Аталған комиссияға Жангелдин ауданы бойынша бүгінге дейін 58 өтініш келіп түскен. Мұның сыртында, тұрғындарға 50 АЕК көлемінде әлеуметтік өтемақы төленді. 8 сәуірдегі мәлімет бойынша 32 тұрғынға 5,9 млн теңге әлеуметтік көмек берілген.

Комиссия жұмысын жалғастырады.

 

Қостанай облысы