Айбын • 09 Сәуір, 2024

Шекара шебіндегі қақтығыс

169 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасындағы Пшихарв шат­­қалында бол­ған шайқас 17 қазақ сарбазының өмірін жал­мады. Бауырлас елдің шека­­­расын күзет­кен өрімдей жас жа­уын­­герлер ауған тарапынан келетін қауіп-қатердің бетін қай­та­рып, заңсыз сауда-саттықтың жолын кесу мақсатында әскерге ат­танған болатын.

Шекара шебіндегі қақтығыс

Солардың қатарында 20 жас­тағы Дәулет Елеусізов те болды. Бүгінде Өскемен қа­ла­сында тұрып жатқан ардагер – екі сағатқа созылған сол шай­қаста аман қалғандардың бірі.

Шығыс Қазақстан облы­сы­ның Ақсуат ауданына қа­рас­ты Ойшілік ауы­лының ту­масы Дәулет Елеусізов құл­ды­раң­да­ған құлын шағынан газет-журнал оқуға құмар болып өсті. Әр мерзімді басылымда жарияланған жаңалықтарды қалт жібермей оқып қана қой­май, соңғы бетіндегі сөз­жұм­ба­ғын да шешіп тастамаса, көңілі тын­шымайтын.

– Бірде тәжік-ауған шекара­сын­дағы қақтығыс жайында жазылған мақаланы көзім шалды. Онда ауған содырларының озбырлығы туралы айтылыпты. Менде сол кезден бастап қаныпезер жаулармен күрессем, бейбіт елдің шекарасын қорғасам деген арман пайда болған еді. Бұл балаң ойымның кейін шын мәнінде жүзеге асарын кім білген? – дейді кейіпкеріміз.

сми

Ол 1993 жылы қараша айында әскерге шақырылып, Шымкент қа­ла­сындағы 5485 әскери бөлімде аза­мат­тық борышын өтейді. Бір күні тәжік-ауған шекарасын күзетуге баруға ниет­тілерді іріктеп жатқанынын естіп, өзі барып тіркеліпті. Алайда ке­ңес одағының ыдырап жатқан тұсы бол­ған­дықтан, бұлардың тәжік-ауған шекарасына аттануы ұзаққа созылып, тек 1995 жылы ғана діттеген жерге жетеді.

– Алдымен ұшақпен Душан­бе қаласына қонып, әрі қарай тік­ұшақпен шекараға табан тіре­дік. Бастапқыда Подкунов ауы­лы маңындағы шекара ау­ма­­ғын жіті қадағалауға алдық. Ағы­сы қатты Пяндж өзені екі елдің арасын бөліп тұр. Арғы жағында ауған жұрты бол­са, бергі жағы мамыражай күн кешкен тәжік ауылдары. Тау­лы аймақта біз жоғарыдан тө­мен қарай үш топқа бөлініп, бақылау жасадық. Бұл уақытта бізге тиісті аумақта оқыс оқиға болмады. Бір ауысым таудың құзар шыңын пана тұтса, келесі топ таудың сайлы-жыралы тұсын бақылады. Бір күні «УАЗик» көлігімен келген әскери адамдар басшылыққа біздің басқа жаққа ауысатынымызды айтып кетіпті. Оны біз кейін рота басшыларынан естідік. Бір жерде жата беруден жалыққандықтан, әуелгіде біз үшін бұл қуанышты жаңалық болды. Сөйтіп, 7 сәуір күні таңға жуық орталық жасаққа келіп, сол жерден Ресей мен Тәжікстанның роталары біздің колоннаға қосылды, – дейді Д.Елеусізов.

Бұлардың бет алған бағыты шека­ра­ның заңсыз есірткі, қару-жарақ саудасының қызған тұсы болса керек. Ол сонысымен де қауіпті еді. Алғашқыда ешқандай бөтен ой жоқ, басқа да роталардағы жерлестерін кезіктірген жандар жол-жөнекей ән айтып, әңгімелесіп мәз-майрам болып отырады. Бір кезде ұзын-сонар колонна Пшихарв шатқалына жеткенде кілт тоқтайды. Көліктен түскен барлаушы топ маңайды шолып көрмек болып тауға өрмелеп кетеді. Бұл уақытта Дәулет жүк көлігінде қарулас серіктерімен қосылып ән шырқап отырған еді. Бір кезде гүрс етіп қатты жарылған дауыс айналаның әлем-тапырығын шығарыпты.

– Гранатометпен атылған зымыран оғы колоннаның басындағы көлікті күл-талқан қылып жарып жіберді, – дейді ол. – Біз де жүк көлігінен жапа-тармағай жанталасып сыртқа шы­ғуға кірістік. Бірақ бір-бірімізді ите­рі­сіп жатқанда менің аяғым есікке қы­сы­л­ып қалмасы бар ма? Қасымдағы дос­та­ры­мның бәрі сыртқа шығып кеткенде мен жалғыз қалып қойдым. Осы кезде тау басындағы гранатометтің тағы бір гүрс етіп атқан от ұшқынын көзім шалып қалды. Яғни бірнеше секундтан кейін оның оғы да бізге жетіп, тағы бір көліктің астан-кестеңін шығармақ. Мен аяғымды әрең шы­ға­рып алдым да, көліктен жерге се­кіріп түсіп, тығылатын қауіпсіз жер іздеп жан-жағыма қарадым. Қа­сым­дағы сарбаздардың бәрі біз отырған көліктің артына барып бой тасалапты. Олардың жанына барайын десем, адамның көптігінен тығылатын орын қалмапты. Сосын бізден бірнеше метр жердегі әскери жабдықтар мен азық-түлік тиелген көлікке жүгіріп жетіп, алдыңғы дөңгелегінің астына домалай кеттім. Сол-ақ екен, гүрс етіп жарылған дауыс шығып, жалт қарасам, жаңа ғана өзіміз отырған жүк көлігі жарылып кетті...

Д.Елеусізов құлақ шыңыл­дат­қан дыбыс біразға дейін басылмағанын, бір кезде көзін ашса, жанында болған сарбаздардың бәрі жан-жаққа шашылып қалғанын айтады. Бірінің басы жұ­лынып кетсе, енді бірінің ішек-қар­ны ақтарылып қалыпты. Арасында тірі қал­ғандары, бірақ ауыр жарақат ал­ғандары да бар екен. «Сол кезде егер есікке ая­ғым қысылып қалып, іш­те қа­лып қоймағанымда мен де сол сар­баз­дардың арасында болар едім ғой. Осы сәт әлі менің есімнен кетпейді. Бұл да тағдыр шығар, соның арқа­сын­­да ажал аранынан аман қал­дым. Әйт­пе­се, қа­сым­дағы ­жа­­­­у­ын­­герлермен бірге ме­нің де күл-талқаным шығар ма еді?», дейді ол.

Азық-түлік пен қару-жарақ тиелген көліктің жүргізушісі бұны сабыр­ға шақырғандай: «Бұл машина оларға керек, мұны атпайды», деп мырс етіп күліп қояды. Расында да, Дәулет жа­сы­рынған көлікке қарай жау оғы ба­ғытталмады. Алайда шатқалда тұр­ған колоннаны жау әскері келесі бет­тегі таудың үстінен атқылап, оқты жаң­быр­ша боратып жатқан еді. Тіпті бас көтеру мүмкін емес. Абырой болғанда, кешке қарай қосымша күш келіп жетіп, бұлар жау шабуылына тойтарыс беріп, қарсы шабуылға шығады.

– Тастан-тасқа ортекедей қарғып үй­рен­ген дұшмандар енді бізден қашудың ама­лын қарастырып, бас сауғалап, зым-зия жоқ болды. Біраз уақыт өткен соң, бізге жаралыларға көмектесу керек екен­дігі айтылды. Аудан орталығынан келген машиналарға жарақат алғандарды та­сы­дық, ал қаза болғандарды алуға ол күні мүм­кіндік болмады. Таң атқанша дұшман жақ­ты аңду­мен болдық. Бірақ ешқандай оқ атыл­мады. Құлаққа ұрған танадай ты­ныш­­тық орнады сол түні. Ертеңінде таң­ға жуық оққа ұшқан сарбаздарды жи­нас­тыр­дық, – дейді кейіпкеріміз.

Пшихарв шатқалындағы сол қыр­ғын­да колонна құрамында болған жүз шақты сарбаздың отыздан астамы жараланып, он жетісі қаза тапты. Осы оқиғадан кейін де Д.Елеусізов тәжік-ауған шекарасында екі ай болыпты. Заңсыз есірткі, қару-жарақ сауда жасаушылар өзеннің үстінен ұзын тросс керіп қойып, әрі-бері есірткі мен қару-жарақ өткізіп тұрған екен. Сол шынжыр жіп байланған қадау­ларды айналасындағы қиыр­шық тастарымен бірге жарып жіберіп, заңсыз сауданың жолын кеседі. Біраз күннен кейін басшылықтан адамдар келіп: «Егер мұнда қалуға қо­рықсаңдар, кері қайтуларыңа рұқ­сат», дейді. Алайда Дәу­леттің кері қайтып кетуге намы­сы да, ары да жібермейді. «Мені ауыл­дан аттандырған әкем: «Әс­кер­ден ауылға қашып кел­сең, сирағыңды сындырамын», деген еді. Сондықтан мен бұл жерден абыроймен қайтуды мақсат тұттым. Соңғы екі айды аман-есен өткеріп, елімізге қайта оралдық», дейді ол.

Тәжік-ауған қақтығысының арда­гері Отан алдындағы борышын абыройлы атқарып келген соң, Өскемен қала­сындағы Ұлттық ұланның «Шы­ғыс» өңірлік қолбасшылығына қарас­ты 6699 әскери бөлімде қызмет етеді. Қаладағы №17 түзеу мекемесінде бақылаушы болып, кейін өңірлік қолбасшылыққа қарасты 3477 әскери бөлімге ауысып, қарауыл бастығы қызметін атқарды. Ал жауынгерлік қызметінің соңғы жылдарын 5518 әскери бөлімде өткізді.

Бүгінгі таңда тәжік-ауған қақ­тығысының ардагерлері қам­шы­ның өріміндей өзара тығыз байланыста. 7 сәуір қарсаңында жиі бас қосып, шейіт болған боздақтарды еске алады. Сонымен қатар әрдайым білім ордаларын­да ерлік сабақтарын жүргізеді. Бала кезден арманшыл аза­мат­тың тағы бір арманы бар: Өскемендегі сая­бақ­тар­дың бірі­нен тәжік-ауған қақ­ты­ғысының құр­бан­да­рына арналған ескерткіш-тақта қо­йылса игі дейді. Өлшеусіз ерлікке тағзым етіп, құрмет тұтатын ұрпақ бар­да ажалдың тырнағынан аман қал­ған­ жауынгердің бұл арманы да орындалып қалар.