Қоғам • 09 Сәуір, 2024

Су тасқынымен күресуге кім және қанша қаражат бөлді?

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық компаниялар Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге қаржы аударып, қол ұшын созды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су тасқынымен күресуге кім және қанша қаражат бөлді?

фото: azh.kz

Бөлінген қаржының қомақты бөлігін «Самұрық-Қазына» қоры аударды. «Самұрық-Қазына» су тасқынының салдарын жоюға 15 млрд теңге бөлді. 

«Қор табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге жалпы сомасы 15 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді. Көмекті Қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазақгаз», «Кегок», «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» компаниялары көрсетті», деді Нұрлан Жақыпов.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры зардап шеккендерге тұрғын үй салуға 5 млрд теңге бөлді.

Су тасқынының салдарын жою мақсатында Теңізшевройл компаниясы 2 миллиард теңге аударды. 

- «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) осындай қиын-қыстау кезеңде Атырау облысының тұрғындарымен және Қазақстан халқымен бірге. Су тасқынына қарсы жедел әрекет ету шараларына және жағдай басылғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында «Теңізшевройл» 2 миллиард теңге қаражат бөлді. Бұл қаражат зардап шеккендердің тұрмысын қалпына келтіруге септігін тигізеді деп сенеміз», деп мәлімдеді компания.

Ал Chevron компаниясы су тасқынынан зардап шекккендерге 3 млн доллар бөлетінін мәлімдеді (шамамен 1,3 млрд теңге). Қаражатты компания өзінің жергілікті «Шеврон Мұнайгаз Инк.» еншілес компаниясы арқылы бөледі.

Қазақстанның тау-кен саласындағы компаниялары – KAZ Minerals Тобы мен «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету және Қазақстанның бірқатар өңірлерінде табиғи апаттың салдарын жою үшін 800 миллион теңге бөлді.

Сонымен бірге Болат Өтемұратовтың қоры су тасқынынан зардап шеккендерге 680 млн теңге бөлген.

«Бұл күндері біз миллиондаған отандастарымыз сияқты, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына алаңдаушылығымызды білдіре отырып, көмек қолын созамыз. Бөлінген қаражат керек-жарақтарды сатып алуға және көмектесуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деді Болат Өтемұратов атындағы Қордың директоры Марат Айтмағамбетов.

Eurasian Resources Group су тасқынына 500 млн теңге аударған. Компания мұның алдында 400 млн теңге, артынан қосымша 100 млн теңге бөлген.

Halyk банкі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде 1 млрд теңге бөлетінін хабарлады. 

Дәл осы көлемдегі көмекті Freedom Holding Corp. компаниясы да бөледі. Ол «Freedom Шапағат» арнайы қайырымдылық қорынан «Демеу Қазақстан қорына» қаражат аударатынын мәлімдеген.

Ал Jusan Bank су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін 300 миллион теңге аударды. Kaspi kz 620 миллион теңге бөлді. Сондай-ақ Банк ЦентрКредит – 200 млн тенге, Еуразиялық банк – 200 млн тенге, RBK банк – 150 млн тенге бөлген.

Сонымен қатар Astana Motors – 500 млн теңге, BI Group – 500 млн теңге, Allur, QazTehna және Qarmet – 500 млн теңге, PTC Holding – 150 млн теңге, QazaqOil – 150 млн теңге, Ораз Жандосов пен Ерлан Қожасбай - 100 млн теңге бөлді.

Айта кетейік, жоғарыда көрсетілген сомаларды «Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов есептеді.