Ғылым • 09 Сәуір, 2024

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметтің 2024 жылғы 5 сәуірдегі қаулысымен академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне зерттеу университеті мәртебесі беріліп, оның 2024-2028 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді

Фото: gov.kz

«Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына зерттеу университеті мәртебесі берілсін», делінген құжатта.

Даму бағдарламасының құндылықтары:

1) Жаңа кәсіптер атласын ескере отырып, ел экономикасының инновациялық салалары үшін кадрлар даярлау;

2) жаңа білім мен инновацияларды генерациялау;

3) мемлекет пен қоғамға қызмет ету үшін бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту;

4) магистратура және докторантура деңгейінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің халықаралық стандарттарына сәйкес зерттеу құзыреттерінің жиынтығын меңгерген жас ғалымдарды даярлау;

5) «жасыл» экономика жағдайында экономикалық секторларды инновациялық жаңғырту саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, аддитивті өндірісті енгізу, өндірісті бақылау және басқару жүйелерін оңтайландыру, ҚарУ ОПҚ-ның, студенттерінің, магистранттарының, докторанттарының, шаруашылық жүргізуші субъектілер өкілдерінің қатысуымен көпфункционалды маңызы бар жаңа материалдар жасау және әзірлеу;

6) инновациялық жаңғырту және «жасыл» технологиялар саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілерге маркетингтік және инжинирингтік қызметтер көрсету;

7) ҚарУ-да орнықты даму қағидаттарына сәйкес келетін корпоративтік саясатты енгізуге бағытталған түбегейлі жаңа құрылымдар-орталықтар құруға алып келетін институционалдық және қоғамдық өзгерістер жүргізу;

8) жетекші шетелдік зерттеушілерді тарта отырып, халықаралық консорциумдарды ұйымдастыру үшін жағдайлар жүргізу.

Сондай-ақ алдағы бес жылға арналған университетті дамыту бағдарламасы бекітілді, оның міндеттеріне:

  • жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде ғылыми қызмет пен білім беру процесін интеграциялау;
  • сапалы білім берудің теңдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, талантты жастарды тарту;
  • елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға, Қазақстанның ғылыми мектептерінің халықаралық беделін арттыруға мүмкіндік беретін іргелі және қолданбалы ғылым саласындағы жобаларды іске асыру;
  • Аталған ЖОО ғалымдарының қолданбалы зерттеулерінің нәтижелерін патенттерді, лицензияларды сату, стартап-жобаларды әзірлеу түрінде өңір экономикасына енгізу;
  • «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қоғамды дамытуға қосқан үлесін ұлғайту.

Даму бағдарламасының пайымы: классикалық зерттеу университеті – жоғары технологиялық ғылыми зерттеулер және академиялық артықшылық орталығы.

Даму бағдарламасының миссиясы: ҚарУ серпінді ғылыми зерттеулер мен білім беру инновациялары арқылы өңір мен елдің жоғары технологиялық дамуына ықпал етеді.

Даму бағдарламасын iске асырудың тiкелей нәтижесi - кәсiпорындарды инновациялық жаңғырту, қазiргi заманғы технологияларды құру, жоғары бiлiктi кадрлар даярлау арқылы әлемдiк үрдiстер мен трендтердi ескере отырып, республика мен өңiр экономикасының негiзгi салаларын дамыту.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Толық ақпарат ҚР құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.