Университет • 10 Сәуір, 2024

Тұрар Рысқұлов есімін университетке қайтару – көптің қалауы

1514 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазіргі жоғары мектеп – ғылым-білім мен отан­шыл­дықтың ошағы. Бізде қалыптасқан дәстүрге сәйкес, ұлттық және өңірлік университеттердің әрбірі тарихымыздағы ірі тұлғалардың есімін алған. Сондай оқу орындарының бірі Т.Рысқұлов атындағы ұлттық экономика универсиеті еді. «Еді» дегенді амалсыз айтып отырмыз. Ел тәуелсіздігіне еңбек сіңірген Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов сынды зиялылардың, Молдияр Серікбаев секілді қоғам және ғылым өкілдерінің бастамасымен 2000 жылы бұрынғы Халық шаруашылығы институты (Нархоз) Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған көрнекті тарихи тұлға Тұрар Рысқұловтың есімі берілген. Көп кешікпей оқу ғимараты алдынан қайраткердің ескерткіші бой көтерді. 2013 жылға дейін осы атпен әлемге танылды. Жылда экономикалық Т.Рысқұлов форумы (оқулары) өтіп тұрды... Бұдан кейін бұл оқу орны жекеменшікке өтіп, Тәуелсіздік мұратымен келген бастаманың бәрі тас-талқан болды. Бас ғимарат алдындағы ескерткіш те жасырын алынып тасталды. Ең сорақысы, бейдауа нарық «акулалары» жекшелендірген оқу орны кеңестік экономика атауын («Нархоз») таңдап, университет сайтындағы тарихынан Т.Рысқұловқа қатысты деректің бәрін жойды. Мұны қазақша – қасиетсіздік, орысша – «кощунство», ағылшынша «blasphemy» демей тұра алмаймыз.
Біз осы материалды жазу барысында «Egemen Qazaqstan» газетінің қалыптасуы мен дамуына еңбек сіңірген Т.Рысқұловтың (басқарған уақыты – 1926 жыл), Шерхан Мұртазаның (1989-1992), Әбіш Кекілбаевтың (1992-1993) аруағы алдындағы парызымызды да қаперге алдық.

Тұрар Рысқұлов есімін университетке қайтару – көптің қалауы

Тұлғалар – университет темірқазығы

Осы бір кемшін тұсымыздан да шығар: Үкімет халық, зиялы қауым тілегін ескеріп қаулы шығарады, көлденең кел­ген көк аттылар жымиып отырып, біз­дегі заңның осал тұсын пайдаланып, өз дегенін істейді. Әңгімемізге арқау болып отырған мәселе Алматыдағы «Нархоз университетінің» 24 жыл бұрын Президенттің рұқсатымен, Үкіметтің қаулысымен бекітілген атауына қатысты. Осы уақытқа дейін оқу орнының атауы бірнеше рет өзгертілген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір топ зиялы қауым өкілі кеңестік дәуірден келе жат­қан университетке ел экономикасына сүбелі үлес қосқан ұлт қайраткерінің есімін беру туралы сол кездегі Мемлекет басшысына хат жазады. Сол хаттың негізінде 2000 жылдың 23 мамырында «Қазақстан Республикасының білім берім ұйымдарына есімдер беру және оларды қайта атау туралы» Үкіметтің №775 қаулысы шығады. Қаулыға сәй­кес сол жылдан бастап оқу орны «Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ эконо­ми­калық университеті» болып аталады. Бірақ көптің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Он бес жылдан кейін мемлекет меншігіндегі университет жеке қолға өтіп кеткендіктен, жаңа қожайындары келмеске кеткен атауды қайта қалпына келтіреді. Бір қызығы, қоғам өкілдері түгілі, оқу орнының оқытушылары мен студенттердің пікірін ескерместен, қабыл­данған бұл шешімнің заңсыз шы­ға­рылғанына ешкімнің шаруасы бол­мағанға ұқсайды.

Негізінде, Тұрардай тұлғаның есімін оқу орнына беру аспаннан алынған идея емес. Бүгінде ұлтының ұлт болып қалыптасып, артына өшпес іс қалдырған ұлы тұлғаларының есімі дәріптелген алыс-жақын шетелдерде университет көп. Мәселен, Германиядағы Альберт Людвиг атындағы Фрайбург университеті, АҚШ-тағы Элис Ллойд колледжі, Бэйлор және Бентли университеттері, Бирла технологиялық институты, Үндістандағы Месра Ранчи, Жаңа Шотландиядағы Далхаузи, Англиядағы «Royal Holloway» уни­верситеттері секілді Америка мен Еуропа елдерінде өз ұлтының қайрат­кер­лерінің есімімен аталатын оқу орын­дарының санынан жаңылысуға болады. Ал іргемізде тұрған Ресейде де М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік, И.М.Сеченов атындағы Бірін­ші Мәскеу мемлекеттік медицина, Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ, Н.Е.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті сияқты тарихи тұлғаларының есімін берген білім ошақтары көп. Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында да ұлтына саналы ғұмырын арнаған қайраткерлерінің атына берілген оқу орындары бар. Мысалы, өзбектер кеңес дәуіріндегі бұрынғы Ташкент мемлекеттік университетін қазір Ұлықбек мырза атындағы Өзбекстан ұлт­тық университеті етіп өзгертіп алған. Қырғыз Республикасының да жо­ға­ры оқу орындары өз ұлтының бетке­ұ­старларын ұлықтаудан кенде қа­лып жатқан жоқ. Тіпті салалық уни­верситеттерінің көп­ші­лігі тарихи тұлғаларының атымен аталады. Айталық, қырғыздың бола­шақ жас мамандары Б.Осмонов атын­дағы Жалал-Абад, Қасым Тыныстанов атындағы Ыстықкөл және М.Рысқұлбеков атындағы Қырғыз эко­но­микалық университетінде тәлім алып қана қоймай, тарихи буынның елдік сара жолын, есімін де мақтаныш етеді. Ал бізде де, шүкір, жақсы тә­жірибе қалыптасты. Тәуелсіздік жылдары А.Байтұрсынұлы, Шәкәрім, Жәңгір хан, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, Ә.Марғұлан, т.б. тұлғалардың есімі уни­вер­ситеттерге берілді. Осы аяда бұрын­ғы кеңестік экономиканың атауын айшық­тай­тын «Нархоз» институтына (ол кезде мәртебесі сондай) Тұрардай тарихи тұлғаның есімін беруге, мәртебесін «ұлттық экономикалық университет» деуге не себеп болды?

вв

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

 

Қаулыны бұзған кім?

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Түркі дүниесіне танымал қайраткер, саяси аса қиын кезеңде кеңес одағындағы шет ұлттар мен этностардың, шекарадан тыс моңғол ұлысының қамын жеген тұлға Тұрар Рысқұлов қоғам санасына сілкініс жасады. Ол әр халықтың бостандығы мен теңдігіне, әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастар сырына терең үңіліп, мәдени-рухани дамуына да мән берді. Ұлт тәуелсіздігінің жарқын жақтаушысы әрі осы жолдағы бірден-бір күрескер-қаһарман һәм халықшыл қасиеттерінің арқасында ел экономикасын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оның батыл ұсынысымен Ташкентте – Орта Азия университеті, Алматыда – ҚазҰУ шаңырақ көтерді. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген қай­раткер «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынады. Себебі Тұрар Рысқұлов халықты аштықтан қорғаудың алғашқы дабылын қақты. Бұған 1932 жылы қазақ зиялылары жазған ұлт трагедиясы туралы хат дәлел. «Бесеу­дің хаты» деген атпен қалған бұл хат алапат аштық туралы алғашқы дабыл еді. Сонымен бірге ол күрделі жылдары Алаш зиялыларымен, түркі қайраткерлерімен жасырын байланыс орнатты. Большевиктік қателіктер мен бұрмалаушылыққа ықпал етуді қалады.

Қазақстан Тарихшылары қауымдас­ты­ғының төрағасы, академик Мәмбет Қойгелдиев: «Тұрар Рысқұлов – қазақ ұлтына, Түркістан Республикасы аталған алып еліне күрделі де сын кезеңде сирек кездесетін тегеурінді қайраткерлік қабілетімен қызмет атқарған тарихи тұлға. Оның осы арнадағы қызметі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа да замандастары тарапынан қызу қолдау тапқан. Мұхтар Әуезов Тұрардың әкесі Рысқұлдың өмір жолына белгілі шығармасын арнаған. Халықта «жібекті түте алмаған жүн етеді» деген нақыл сөз бар. Осы ойдың өміршеңдігі кейбір жағдайларға байланысты көрініп қалады. Өткенге, ұлы тұлғалардың атына тас ату – соның айғағы» дейді.

Алматыдағы халық шаруашылығы инс­­титутына берілген Тұрар Рысқұлов­тың есімі – тарихи әділеттіліктің салтанат құрғандығының көрінісі ретінде қабылданғанын айта келіп: «Тә­уел­сіздік жыл­дары жекемен­шікке өткен бұл оқу орнының басына, арасында шетелдіктер де бар, жаңа бас­шының келіп, ұлт қайрат­ке­рі­нің есімі алынып тасталды. Олар мұндай шешімнің бүтін бір елдің намысына тиетінін қапер­леріне де алған жоқ. Тұрар Рыс­құлов есі­мі­нің қазақ ұлты үшін ескірмейтін құн­­­­дылықтар қа­­­та­рында еке­нін ес­кер­­мед­і. Ме­­нің­ше, Тұрар Рысқұлов есімін оқу орнына қайтару – күн тәртібінде тұрған мә­селе. Халықтың та­рихи жадын жаң­­­ғыртып, елі­­­міз­ді сыйлата білейік», дейді Мәмбет Құлжабайұлы.

Экономист-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразалы Сәбден – университетке ұлт қайраткерінің есімін беруге атсалысқан азаматтардың бірі. Сол жылдары депутат болған ол бұл атау халықтың арман-тілегінен туғанын айтады: «Оқу орнына Тұрар Рысқұлов есімін беру туралы Президенттің атына жазылған хатқа 15-ке жуық зиялы, қайраткер қол қойдық. Қол қойғандардың арасында Парламенттің депутаты ретінде мен де бармын. Бұл хатты дайындап, көп жүгірген – Молдияр Серікбаев деген геолог ақсақал. Сөйтіп, хат Президентке жетіп, ұсыныс-тілегіміз орайлы қабылданды. Артынша Үкімет басшысының қаулысымен университет Тұрар Рысқұловтың атымен аталып, оқу ғимаратының алдына тұлғаның ескерткіш тақтасы қойылды. Сол уақытта Премьер-министр қазіргі Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Жоғарғы жақтың бұл шешіміне бүкіл зия­лы қауым, халық қуанды. Кейін дәстүрлі Тұрар Рысқұловтың оқулары өтіп тұрды. Оған жыл сайын қатысып жүрдім. Отандық және шетелдік мамандар бас қосатын жиындарда қайраткердің эко­номика саласына сіңірген еңбегі сараланатын. Бұл сол жердегі болашақ мамандардың да бойына отаншылдық сезімді сіңіртуге септігін тигізді», дейді экономика саласының аға буын өкілі.

Өкінішке қарай, ұрпақтар сабақтас­тығының өнегесіндей бұл әділеттік үрдісі 2016 жылы шорт үзілді. Себебі университет жекешеленіп, жаңа бас­шылыққа шетел азаматтары келген. Олар келе салып жаңашылдықты білім реформасынан емес, оқу ордасының атауын өзгертуден бастайды. Сөйтіп, «бүйректен сирақ шығарып» ешкімге ескертпестен университет ныспысын кеңестік атауға қайта ауыстырады. Мұны анахронизм деуге толық негіз бар. Тіпті «нархозшыл» топ білім ошағының алдында тұрған қайраткер ескерткішін көзге шыққан сүйелдей көріп, алып тастауға асығады...

«Бұл шешім университет оқытушы-ғалымдарының төбесінен жай түсір­гендей болған. Біразы қарсылық көр­се­теді. Бірақ нәтиже болған жоқ. Ал бұл – заңбұзушылық. Заң бойынша Үкіметтің қаулысымен қабылданған шешім Үкіметтің қаулысымен ғана күшін жоя алады. Алайда заңға пысқырмаған университет басшылығы өздері шешті, үкімді де өздері шығара салды. Шын мәнінде мұндай шешім көпшілікпен санасып, бұдан халық хабардар болғаннан кейін ғана шығуға тиіс еді», дейді ғалым.

Тәуелсіздік жылдардағы осы көрген­сіз­дікке қайраткер Т.Рысқұлов туралы қадау-қадау еңбектердің авторы, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастаған зиялы қауым өкілдері қатты ашынып, Президентке хат жазады. Оған осы оқу орнының профессорлары да қол қойған. Хатта: «Т.Рысқұловтың есімі осы университет арқылы Қазақстанға ғана емес, көптеген шетелдерге белгілі болды. Алайда жа­ңа­дан келген басшылықтың уни­вер­си­тет атауын өзгертуі төбемізден жай түсірді. Алғашында қауесет шығар деп сенбедік. Себебі бұл біреудің меншігіндегі оқу орны болғанымен, Үкіметтің қаулысымен, комиссияның ұйғарымымен шыққан шешім еді. Өзге­нің өзімбілермендігі еліміздің тарихына немқұрайдылық танытып, Алаш азаматтарының ар-намысына тигені емес пе?! Мұндай шешім қазақ хал­қының ғана емес, Рысқұловты білетін Ресей, Моңғолия, түркі халықтарының таңданысын тудырмай ма? Өйткені Тұрар Рысқұлов – түркітілдес елдердің басын қосуға атсалысқан көрнекті тұлға», деп жазылған.

Содан бері бұл хатқа ресми жауап та берілмеген, Үкімет қаулысын жоқ­­таған тірі пенде де жоқ. Бұдан кейін күрескер, әділеттің жалаугері Шерағаң науқастанып, шау тартып қалды...

«Университетке Т.Рысқұлов есімін беруге не себеп болды? Бұл сұраққа академик М.Қозыбаевтың: «Тұрар  – тек советтік шығыс емес, әлемдік ұлт қозғалысы көсемінің бірі екені сөзсіз. Т.Рысқұловтың әлем тарихындағы тұғыры биік, жұлдызы жарық. Ол – Сун-Ят-Сен, Джавахарлал Неру, Мұстафа Кемал-паша (Ататүрік) қатарындағы қайраткер» деген бір ғана бағасымен жа­­уап беруге болады. Осындай халық­ара­лық деңгейдегі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін тарихы бар университеттен алып тастау – елдігімізге сын, ұят іс. Ең сорақысы, таңдаулы тұл­ға есімін алып тас­тау  –  қорлықпен тең. Зиялы қауымның қалауы ескерусіз қал­ды», дейді Ұлттық құрылтай мүшесі Оразалы Сәбденұлы.

 

Меншік иелері ұлт тарихын сыйлауы керек!

Мемлекет және қоғам қайраткері, бүгінде жемқорлыққа қарсы «Жаңару» қозғалысының төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің де бұл тақырыпқа қатысты өз айтары бар. Оның пайымынша, ұлт маңдайына біткен біртуар тұлға Тұрар Рысқұловтың аты берілген университеттен есі­мін алып тастау – үлкен қателік. «Жер-су, мекеме аттарын ауыстырған кезде қоғамдық пікір сұралуға тиіс. Ал қа­зіргі университет басшылығының іс-әрекеті өздері қыз­мет етіп жатқан ел­дің тарихымен таныс еместігін бай­қатып қана қоймай, жергілікті халықтың ой-пікірімен санаспайтынын көрсетіп отыр», дейді ол. Әсіресе бүгінгідей азаматтық қоғамның жұмысы жанданып, қоғамдық ұйымдар биліктен қолдау тауып отырғанда олар­дың пікірімен санаспау жаңа иелерінің ескі заманның сарқыншағы екенін танытады.

Осы тұста ел зиялыларының ерекше бір табандылығын айта кетсек дейміз. Естеріңізде шығар, 1996 жылға дейін бүгінгі Еуразия ұлттық университетіне бастау болған Целиноград педагогика институты немесе Ақмола университеті С.Сейфуллиннің атында еді. Кейін геосаяси бағдарда оған Л.Н.Гумилев есімі лайықты деп табылды. Міне, осы кезде парасатты зиялы қауым Сәкеннің есімін бұрынғы Ақмола ауыл шаруашылығы институтына беруге себепші болды. Пединститут алдындағы ақын, қайраткер ескерткіші де сәтімен осы оқу орны алдына көшірілді.

Алматы интеллигенция өкілдері оқу орнының жаңа басшылығы әрекетіне қатысты жауапты орындарға хат қана жазбай, университет ректоратына барып, мәселенің мәнісін білмек те болады. Алайда үшбу хаттың иесі, геолог ақсақал Молдияр Серікбаевты оқу орнының басшылығы есіктің сыртынан шығарып салған. Одан кейін зиялылар қоғам пікірін жеткізу үшін бірнеше рет барады. Не керек, университет ректоры Кшиштоф Рыбиньски деген отандық ғылым-білімге бейтаныс адам «Оқу орнының атауын өзгертуге «Нархоз» брендін сақтап қалу туралы ғалым-оқы­ту­шылар ұсынысы себеп болғанын» айтып құтылған.

Бұл келеңсіз оқиға туралы 2005-2012 жылдардағы осы университеттің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әли Әбішевтен де (қазір Қазақстан жоғары оқу орындары ассоциациясының 1-вице-президенті) сұраудың сәті түсті. Ғалым «оқытушы-ғалымдар ұсынысы» дегенге мүлдем келіспейді. Себебі осы кісі басқарған 7 жылда университеттің ескі атауын қайтаруды сұраған бірде-бір ұсыныс болмаған. «Т.Рысқұлов есіміне байланысты деңгейі түсіп қалды деу – қазақ тарихы мен дәстүрін білмеуінен шығар. Әйтпесе сол Еуропаның өзінде совет заманында-ақ репрессия ұшыраған Тұрардың еңбегі зерттелінген. Саналы ғұмырында бар білімі мен білігін, тәжірибесі мен мүмкіндігін қазақ елі эко­номикасын қалыптастырып дамы­ту­ға арнаған тұлғаның есімін елдегі экономика мамандарын даярлайтын университетке беруге дауласу, оны алып тастау – әділетсіз шешім болғаны анық. Түптеп келгенде, Қазақстанның бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған негізгі теміржол жүйесін салдыртуға себепші болып, қомақты қаражат бөлдірткен бір ғана еңбегінің өзі зор құрметке лайық еді. Өкінішке қарай, жекеменшік иелерін Қазақстан тарихы мен дәстүрін сыйлатқызуға мәжбүрлейтін қатаң заң тәртібі қажет», дейді ол.

Ғалымның пікірінше, қоғам сұра­нысын қанағаттандыру үшін қау­лының тағдырын қайта қарайтын уақыт келді. Бұл үшін Үкіметтің жауапты саласы мен университеттің меншік иелері бірігіп, ортақ шешімге келгені жөн. Ал архив ісінің белгілі маманы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Шілдебай: «Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай меншік нысанына немесе басқару түріне жататынына қарамастан, өз бетінше ауыстыруға құқы жоқ. Мұндай әрекетті айыптай отырып, әділеттікті темірқазық еткен елімізде көрнекті қайраткердің есімін сот арқылы университетке қай­тарған дұрыс», деп отыр.

Белгілі экономист-профессор Атамұрат Шәменов: «Оқу ордасының қазіргі басшылығы әлемдік стандартты сылтау еткенімен, аттай қалап отырған «Нархоз» атауы – қазіргі нарықтық экономикада қолданыстан шыққан термин. Себебі бұрын «халық шаруашылығы» экономика деген түсінікті берсе, қазір экономиканы бұл терминмен айту ешбір түсінікке сыймайды. Мәселе заманауи үлгі қажет болып тұрса, «Ryskulov University» деп атаса жетіп жатыр. Осы арқылы халық та экономикалық университет екенін түсінер еді», дейді.

Қалай десек те білікті ғалымдар мен қайраткерлер айтқандай, орыс тілін­дегі «народное хозяйство» сөзінің қысқарған түрі қазіргі нарық саясатымен, экономикалық бағытпен үйлеспейтіні былай тұрсын, «әлемдік бағдарламамен оқытамыз!» деп жарнамалайтын осы жекеменшік университет болашақ мамандарын ел дәстүрін аяққа таптап, сала терминологиясын көпе-көрнеу терістеп, даярлай алмайтыны бесенеден белгілі.

Әрине, кез келген қателік кешіктірмей түзетілуі қажет. Сондықтан соңына өшпестей із қалдырған Т.Рысқұловтың есімін оқу орнына қайтару, ескерткішін өз тұғырына қондыру – түсіністік пен құрметке лайықты іс болар еді.