Балалар • 10 Сәуір, 2024

Зардап шеккен 185 бала лагерьге барады

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы халыққа үндеуінде «Су тасқыны бол­ған аймақтарда бірде-бір адам ескерусіз қалмайды, бар­лығына мемлекет тарапынан көмек болады» деген еді. Осы тапсырмаға сәйкес, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасы балалары рес­пуб­ликалық сауықтыру лагерьлерінде демалатын болды.

Зардап шеккен 185 бала лагерьге барады

Әзірге республикалық лагерьлерде су тасқынынан зардап шек­кен отбасылардан 185 бала жолдама алып отыр. Оның 10-ы – Бөрлі ауданынан, 48-і – Қаратөбе ауданынан, 32-сі – Сы­рым ауданынан, 60-ы – Теректі ауданынан, 35-і – Орал қаласынан.

– Баланың аты бала ғой. Эвакуациялық бекетте іші пысатын еді. Көңілі сергіп, жақсы демалып қайтады деп ойлаймын. Олар келгенше мына тасқынның беті қайтып, қалыпты тірлігімізге оралармыз деп сенемін. Бар жағдайымызды жасауға тырысқаны үшін билік өкілдеріне, отандастарымызға өте ризамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! – деп Жансұлу Төрешова есімді ана алғысын білдірді.

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Хажарбибі Искандерова берген мәліметке қарағанда, демалыс орнына жолданған балалардың алғашқы легі жолға шыққан. Бірінші лекпен аттанған 70 бала 10-24 сәуір аралығында Алматы облысындағы «Тау Жанашар» сауықтыру лагерінде демалады. Ал 13 бала 10-30 сәуір аралығында Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығында болады. Бұған қоса 102 бала Қызылорда облысы Қазалы қаласындағы «Қамбаш» сауықтыру орталығына жолданды. Ол жақта оқушылар 10 күн демалады.

– Біздің үйге су кіретін болған соң бәрімізді автобуспен спорт залға жеткізді. Ал бүгін Алматыға лагерьге жіберіп жатыр. Қасымда эвакуациялық бекетте танысқан достарым да бар. Мен бұрын Алматыны көрмеп едім. Ол жақтағы демалысымыз жақсы өтеді деп ойлаймын. Бізді Алматы қаласына жіберген аға-апаларға, ата-анама ризамын, – дейді қуанышын жасыра алмаған Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы мектеп оқушысы Оразбек Сырымбек.

 

Батыс Қазақстан облысы