МҰНДА ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІСТІҢ СҮБЕЛІ ҮЛЕСІ БАР
Қысқа мерзімде бой көтерген ғажайып қала – Астана отандастарымыздың рухын аспандатып, ғаламат жоспарлар түзуге жігерлендірумен қатар, әлемдік кеңістіктегі мақтаныш туымызды желбірете көркеюде. Оның бір парасы жанға жайлы жасыл желегінен де көрініс табады. Елбасы Н.Назарбаев Астананың жасыл белдеуін кеңейтіп, оның көлемін 75 мың гектарға жеткізу тапсырмасын қойып отыр. Өңірлік ерекшеліктерді ескерсек, мұнда ғылыми әлеует айрықша сынды еңсеруі қажет. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Бурабайдағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат МҰҚАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Болат Мәжитұлы, Астанамыздың және оған қойнаулас мекендердің жасыл белдеуін қалыптастырудың қажеттілігі мен ерекшеліктерін әңгімелеп берсеңіз.
– Жасыл аймақ Елбасының тапсырмасымен басталып, астананың Алматыдан қоныс аударуына орай қауырт қолға алынды. Мақсат – орман алқабын кеңейтіп, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту. Осыған байланысты маңызды құжаттар, арнайы бағдарламалар қабылданды. “Жасыл ел”, “Жасыл аймақтың” ерекшеліктері де аталған міндеттерден өрбиді. Астана маңының топырақ құнары, құбылмалы ауа райы, қатал жел-дауыл режімі, орман өсірудің шектеулі нормалары ғылыми ізденіс пен табандылықты алға тартады. Жер қойнауының 10 пайызы жоғары минералданған су қосындысындағы сортаң мен батпақты құрайтындықтан, оған қарсы амал-тәсіл де ағаштың тиімді түрлерін егіп, оны қорғай білуге тәуелді болмақ. Бұл – қатал климаттағы далалық аймақта әрі орасан зор аумақта жасыл белдеу құрудың әлемдегі ең бірінші жобасы.
– Мерейге бөлейтін міндет екен. Мәселе оны бастап, табысты жалғастыруда ғой. Осы ретте жобалау-іздестіру, алғашқы өндірістік жұмыстар барысына қысқаша тоқталсаңыз.
– Біздің қызметімізді тұрақты жариялап отыратын “Егемен Қазақстанға” ризамыз. Газет материалдары негізгі түйінге құрылып, ықшамдалып берілетіндіктен, мен де ықшамдай сөйлейін. Қазір 80 мың гектар алқапта жобалау-іздестіру жұмыстары атқарылды. Онда институттың әдістемелік ұсыныстары басшылыққа алынған. “Солтүстік Қазақстанның тұзды топырақ құрамында орман өсіруге жарамдылық бағамы” әдістемелік нұсқаулығына сәйкес, тұзданудың 3 тобы іріктеліп, көгалдандырудың қолжетімді бағыттары айқындалды.
Ғалымдарымыздың ұсынысымен, бүгінгі күні тұқым сұрыптау нәтижесінде өскіндер тұқымының 60 түрі сынақтан өткізілді. Сондай-ақ, топырақтың тұздану барысына, оны суландыру мүмкіндіктеріне, топырақ қыртысына гипс, органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізу нормасына қатысты байлам жасалды. Жалпы, кешенді сипаттағы ғылыми ізденістерде тоқтам болмайды.
Қазір Астана қаласының аумағындағы жасыл өскін 47786 гектарды құрайды. Біз өндірістік жұмыстарға 1997 жылы қатысып, сол жылы 1500 гектарға орман жолағын ектік. Келесі жылы арнайы учаскеде өсірілген 480 қарағайдың тамыр жүйесін бұзбай отырғызсақ, 67 гектар тұзды жерге көпжылдық шөптер егу арқылы көгалдандыру жұмыстарын жүргіздік. 2000 жылы 4,5 гектарға 38 түрді құрайтын 4500 ағаш отырғызып, арнайы дендробақтың негізін қаладық. Енді топырақ құрамына тұрақты талдамалар, жұмыс жобалары бойынша экологиялық сараптамалар жүргізумен қатар, өзіміз дайындаған ағаш тұқымдары мен көшеттерін өткізумен айналысудамыз.
– Енді соңғы он жылда қолға алынған ғылыми-ізденіс жұмыстарынан хабардар етсеңіз. Оның қайтарымына көңіл тола ма?
– Ғылым ізденістер арқылы дамитыны белгілі, бірақ қайтарымы болатын дүниені жоспарлаған жөн. 2000 жылы “Астана қаласы маңындағы санитарлық-қорғаныштық өскіндердің өсіп-өну нормативтері” тақырыбында көп жұмыс атқардық. Осының нәтижесінде ағаштар мен жасыл өскіндердің 15 түрі іріктеп алынып, қолданысқа енгізілді. Одан кейін, екі жыл еңбектеніп, орман ағаштарының 13 түріне өнгіштік бойынша нақты бағамдау жасалды. Келесі зерттеулеріміз қорғаныштық алқаптардағы ағаштың 13 түрі мейлінше төзімділігін көрсетті. Сынақ атыздарда, құм жолақтарында, полиэтилен жаппаларымен және “қара бу” тұмшалау арқылы жүргізілді. Зерттеу нысанындағы түр мен топтың 45-71 пайызы жерсініп үлгерді. Сондай-ақ, қауіпті зиянкестер де анықталып, онымен күресу жолдары белгіленді.
Талдауларымыз Астананың санитарлық және жасыл аймағында жерді тиімді пайдалану, өскіндердің өнімділігін және қорғаныштық қабілетін арттыру жолында кешенді шараларды қамтамасыз етуді талап ететінін көрсетті. Жоғары ландшафттық белдеудің заманалық технологиялық сипаттамасын қамтамасыз ету мақсатында “Жасыл-Аймақ” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 29,1 гектарлық демонстрациялық учаскесінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ғылыми ұсыныстар таратылды.
– Елбасы биылғы Жолдауында “Болашақтың экономикасы” секторына ерекше маңыз артып, “2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс” деп атап көрсетті. Ендеше, оқырмандарымызды “жасыл белдеу” аймағына қатысты ғылыми ізденістеріңіздің басым бағыттары қызықтыратыны анық.
– Біз 2011-2013 жылдарғы тапсырыс шеңберіндегі басым бағыттарды басшылыққа алудамыз. Мұнда негізгі бес жүйе қалыптасқан. Олардың ішінен Астана ормандарының табиғи жаңғыруына, қазіргі орман аясын күтімге алу мен сақтауға, орман зиянкестеріне қарсы шараларға, өртке жол бермеуге, аудандастырылған түрлер мен топтарды жетілдіруге, тағы басқаларына қатысты маңызды ізденістерді атауға болады. Мақсат – жасыл аймақ желегінің тиімділігі мен сапасын арттыру, негізсіз шығындар көлемін азайтып, орман дақылдарының өсіп-өнуін жақсарту.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.