Сауран ауданы Ибата елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Жасур Муминов арнайы бассейнде балық өсіреді. Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несиеге 16 текше метрлік 4 бассейн, балық жемі және қажетті жабдықтар мен 10 грамдық шабақтар сатып алған. Бір бассейнде 1500 форель балығының шабағын өсіріп жатыр. Он грамдық шабақты тауарлық деңгейге, яғни 350 грамға жеткізу үшін кемінде 6 ай бағып, күтеді. Тауарлық деңгейге жеткенде бір бассейнде шамамен 500 кило балық өсіп шығады. Балықшылардың айтуынша, форель шабағының біреуі нарықта 80-100 теңге, тауарлы балықтың бір килосы 2800-3000 теңге болады екен. Бүгінде бес азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпкер жылына 4 тонна балық сатуды межелеп отыр.
«Сирек кездесетін кәсіпке бейімделу де оңай емес. Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға аталған бағдарламаның мүмкіндігі мол, алдағы уақытта бұл істі одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз», дейді Жасур Муминов.
Бүгінде Сауран ауданының аумағында балық өсірумен 18 кәсіпкер айналысса, оның 3-еуі кәсібін былтыр іске қосқан. Ал Түлкібас ауданы Ақ биік ауылының тұрғыны Бауыржан Төлепбергенов балық шаруашылығына бала күннен қызығып, кәсіптің нәсібін көруді мақсат тұтқан. Осы орайда ол былтыр күзде Алматы облысы Есік қаласындағы балық мектебінде білімін жетілдіреді. Балық өсірудің қыр-сырын меңгеріп, жұмысына жоспар құрған жас кәсіпкер Ақ биік ауылынан арнайы жер телімін алады. Оны балық шаруашылығына ыңғайластырып, жобасын жасайды. Желтоқсан айында құрылыс жұмысы аяқталғанымен, ауа райы кәсіпкерге қолбайлау болған. Сөйтіп, балықты арнайы орынға жуырда, яғни наурыз айының басында жіберуге тура келді.
«Сәті түсіп, жасанды көлшіктерге балық шашып жатырмыз. Дәл бүгін 10 мың форель балығын жібердік. Бұл нәзік әрі ерекше балықтардың бірі. Судың салқындығы -10 градусты талап етеді. Алда мемлекеттік қолдаулардың шарапатын көріп, кәсібімізді кеңейткім келеді», дейді жас кәсіпкер Бауыржан Тілегенов.
Отырар ауданында да балық шаруашылығымен айналысатындар қатары артып келеді. Солардың бірі «RAN» шағын балық шаруашылығында сазан, ақ амур, мекіре сынды балықтар өсіріледі. Үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшысы келесі жылы 20 бассейн салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда өз қаржысы есебінен 4 бассейннің құрылысын аяқтап, 18 мың дана шабақтарды суға жіберген. Мұндағы 0,20 гектар жерде жылына 20 тонна балық өндіріледі. Шаруа кәсібін кеңейту мақсатында бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа өтінім де беріпті. Сонымен қатар «Ырыс» МҚҰ-ға 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие алуға құжаттар тапсырған. Жоба толық іске асқан жағдайда балық өнімін өндірудің жылдық қуатын 100 тоннаға жеткізбек.
Келес ауданы, Ақтөбе ауыл округінің тұрғыны Жанат Бауанов та жалпы аумағы 15 гектар жер телімінде тоғанды көл жасап, тауарлы балық шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер «Жанель» шаруа қожалығында өсірілетін балық көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұл орайда көлдің бір бөлігі жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге жалға берілмек. Биыл 10-нан астам шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында арнайы несиелендіру бойынша өтінімдер тастап, аталған көлдің бір бөлігіне алғашқы балық шабақтарын салу жоспарланған.
Жалпы, облыста бұл салаға қолдау жақсы. Мысалы, Шардара ауданында тауарлы балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқан 15-тен астам шаруаға облыс әкімдігі тарапынан тоған қазу жұмыстарына демеушілік жасау қолға алынды. Атап айтқанда, Қызылқұм каналы бойынан жалпы аумағы 15,4 гектар жерде 10 дана тоған қазу жұмыстарын «Тұран су» мекемесі техникаларының күшімен атқару және аудан әкімдігіне қажетті жанар-жағармай отынының бір бөлігін жергілікті демеушілердің көмегімен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді. Бүгінде Келес, Шардара аудандарынан 30-дан астам шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізінде балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген.
Өңірде жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті жоғары. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сәйкес, 2021 жылы – 5706,9 тонна, 2022 жылы – 6120 тонна, 2023 жылы 6660 тонна тауарлы балық өндірілді. Өткен жылы облыстық бюджеттен акваөсірудің өнім сапасын арттыру мақсатында 31 кәсіпкерге 500 млн теңге, балық шаруашылығы субъектілерінің шығындарын өтеу үшін 7 кәсіпкерге 123,8 млн теңге субсидия берілді. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ тарапынан 14 кәсіпкерге 5,4 млрд теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынылып, 5 кәсіпкерге 3,7 млрд теңге несие беру мақұлданды. Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының көлемін 2 есе, яғни 7,0 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 100%-ға дейін жеткізу көзделген.
Бағдарлама бойынша биыл 24 тоғандық балық өсіру шаруашылығы тіркеліп, 68 жұмыс орны ашылды. Облыс аумағында орналасқан кәсіпшілік балық шаруашылығы су айдындарына 3070 тонна квота бөлініп, балық аулау жұмыстары жалғасып жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 35 кәсіпкерге 249,5 млн теңге жеңілдетілген несие берілді.
Балық шаруашылығы инспекциясының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде облыс бойынша 10 400 тонна тауарлы балық өндірілген. Өлкедегі кәсіпорындар 4900 тонна балық өңдеген. Өңірде жаңа 93 тоғанды балық шаруашылығы бар. Оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік ауладан ашқан. Қуаты жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Түркістан облысы