Шаруашылық • 11 Сәуір, 2024

Сұранысы көп «Агрохорвест» көкөнісі

86 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43 пайыздан асып отыр. Абайлық жеке кәсіпкер Әлия Жұматаеваны осы қатарға жатқызуға әбден болады.

Сұранысы көп «Агрохорвест» көкөнісі

Қызылжар өңірінің тумасы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, 1994 жылы бітіргеннен кейін мамандығы бойынша елде жұмыс істейді. 2008 жылы отбасымен Абай қаласына көшіп келеді. Шағын қаланың жайлылығын сезінген олар біржола орнығады. Жұбайы Сайлау «Абай» шахтасына жұмысқа тұрып, өзі кәсіпкерлікпен айналысуға ниет етеді.

Әлия ойға алған жоспарын 2015 жылы жүзеге асырды. Бизнес-жоспары әкімдік тарапынан қолдау тауып, 1,8 миллион теңге грантқа қол жеткізеді. Мемлекеттің қара­жатына Топар жылыжайларынан саңы­рауқұлақ цехын жалға алады. Өзі­нің туған өлкесі Солтүстік Қазақстан саңырау­құ­лақтың шантерелла, россула, балдыркөк секіл­ді түрлеріне өте бай. Ал жаңа қоныс аудар­ған қаладағы дүкен сөрелерінен поляк шам­пиньонынан басқасын таппай, таңғал­ғаны бар. Бұл кәсіп түрі сол кезде ойына ке­ліп, саңырауқұлақтың түр-түрін осы жерде де өсіру мақсатымен жұмысқа кірісіп кетеді.

Саратов қаласында білімін жетілдіріп, Алматыдан арнайы технолог шақыртады. Бірте-бірте шаруасы дөңгелеп, кәсіппен жеті жыл айналысады. Алайда жыл сайын өскен цех ақысын төлеу қиынға соғып, кәсібін тоқтату туралы шешім қабылдайды.

Әлияның саңырауқұлақ­та­рына әбден сұраныс артып, оны өсірудің жолдарын сұраушылар көбейеді. Білге­німен бөліскенді о бастан жөн көретін жан «Ата­мекен» кә­сіп­керлер палатасы ар­қылы «Қа­лалық фермер» оқу ор­талы­ғын ашып, ісін жаңа бас­­та­ған­дар мен тәжірибесі аз кә­сіп­кер­лерге жылыжай ша­руа­шы­лығын жүргізудің қыр-сы­рын үйретеді. Қазір де осын­­дай игі іспен айналысады. Мәселен, өткен жылдың маусымында 17 тыңдаушы осы курсты бітіріп шығып, кәсіптерін ілгерілетіп отыр. Жылыжайға ықтимал қауіп­тер, форс-мажор­лық жағ­дай­лар, демпинг, өсімдік ауру­лары туралы дәрістер оқып бере­­ді. Тіпті бизнес-жоспар үлгі­лерін ұсынады, көпжылдық тә­жірибесімен бөліседі.

Мұнымен қоса жылыжайдың жұмысы өзінің сүйікті хоббиіне айналып кеткендіктен, әуелдегі ісін жалғастырып, 2020 жылы Абай қаласындағы бұрынғы шахтақұрылыс басқармасының қаңырап, қираған жылыжайы­ның ғимаратын сенімдік басқа­руға алады. Аумағы 1 мың шаршы метр болатын ғимараттың сау-тамтығы қалмаған екен. Әуел­гі жұмысты соны қалпына кел­тіруден бастайды. Суын, жы­­луын, электр желілері мен то­­рап­­тарын қайта жалғатып, қос­­ты­руға қаншама күшін сарп етеді.

«Осының негізінде 2022 жылы «Агрохорвест» жекеменшік кәсіпорнын құрдым. Бүгінде кәсіпорында алты адам еңбек етеді. Мұнда қызғалдақ, қияр, көкөніс өсіреміз. Өткен жылы 10 мың тал қызғалдақ, 3 тонна қы­­занақ пен 20 тонна қияр өнді­ріп, тұтынушыларға жөнел­тіп, тәуір табыс түсірдік. Былтыр облыс әкімінің 3,8 миллион тең­ге грантын ұтып алдым. Осы қара­жат есебінен өндіріс көлемін ұл­ғай­туды ойластырып отыр. Мақса­тым – тек табысқа кенелу емес, халықты сапалы өнімдермен қамтамасыз ету», дейді Әлия.

Кәсіпкер келіншек – отбасында аяулы ана, адал жар. Үйдегі үш баласының бабын тауып, одан бөлек ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласып, өңір өміріне үлкен үлесін қосып жүр. Қайырымдылық акцияларынан да қалыс қалмайды. Мәселен, «Жәрдем» мүгедектер қоғамына көмектесіп, кембағал жандардың атаулы күні 9 қа­занда оларға арнап дас­тарқан жаяды. Жылда бұл дағдысынан айныған емес. Кәсіпкердің тағы бір тамаша қыры – үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер. Облыстық жарыстарда Абай ауданының намысын қорғайды. Спорттан да, кәсіпкерліктен де алған Алғысхаттары мен марапаттары сөресінде сыңсып тұр. Ол – бас­тысы еңбектен қашпайтын, ерік-жігері мол тәуекелшіл жан. Қай шаруаға болсын бел буып, мақсатына жеткенше тыным таппайды. Сол тәуекелі түбі табыс әкелетінін жақсы түсінеді.

 

Қарағанды облысы,

Абай ауданы