Тасқын су 5 сәуірде аудан орталығы Құлсары қаласына кіре бастады. Содан бері қалада тасқын су әлі тұр. Тасқын су қаупінен 10 сәуірге дейін 36 003 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 8 331 бала бар. Елді мекендер тұрғындарының иелігіндегі 19 939 бас мал қауіпсіз жерге айдалды.
Жылыой ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, Құлсары қаласындағы «Атырау», «Автожолшылар», «Достық» шағын аудандары мен 2-ауыл, музей маңындағы 3 қабатты 5 үй газдан ажыратылды. Жер астындағы газ құбыры зақымдалып, су кіргендіктен 4-ші және 6-ауылдағы тұрғын үйлердің жартысына газ қосу мүмкін болмай тұр.
Мұнда 2 800 тұрғын үй мен әкімшілік нысанды су басты. Қазір қараусыз қалған үйлерді 110 полицей мен 60 сарбаз қадағалап жүр. Тәртіп сақшылары қаланы күндіз де, түнде де патрульдейді. Жылыой аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығындағы бейнекамералар арқылы тасқын су басқан көшелерге бағыт алған көліктер мен тұрғындар тексеріледі. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құлсарыда 6 сәуірде әкесі мен баласы жоғалып кетті. Олар Құлсары қаласындағы 4-шағын аудандағы «Grand Hall» мейрамханасының қасында орналасқан тасқын су басқан үйін қарауға барған. Әкесінің жасы – 48-де, ал баласы 24 жаста екен. Өкінішке қарай, екеуі де әлі күнге табылған жоқ.
Ал 9 сәуірде төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары су бетіне қалқып шыққан мүрде тауып алды. Бұл жөнінде полиция қызметкерлеріне хабарлап, мүрдені тапсырған екен. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мүрде тасқын су астында қалған зираттан шығуы мүмкін. Тәртіп сақшылары осындай тұжырым жасап отыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева дерегіне қарағанда, 7 сәуірден Жылыой ауданынан эвакуацияланған отбасылардың мектеп жасындағы балаларын қашықтан оқытуға шешім қабылданды. Бірақ әлі күнге бұл ауданнан қанша оқушы онлайн оқитыны белгісіз болып отыр.
Жайық өзенінен су тасқынының қаупі төнеді деген болжам айтылып отыр. Бұл ел тұрғындарын бейжай қалдырмады. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, тасқын судың қаупі төнетін Индер мен Махамбет аудандары мен Атырау қаласын қорғауға баса назар аударылып отыр. Қазір барлық күш Жайық өзенінің жағалауын бекітуге жұмылдырылды. Өйткені Жайық өзенінің жағалауында 26 елді мекен бар. Оның жетеуі – Индер, 18 ауыл Махамбет ауылында орналасқан. Атырау қаласының әкімшілік бөлінісіне қарайтын бірнеше елді мекен Жайық өзеніне тиіп тұр.
«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мәліметінше, Жайық өзенінде су деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Мәселен,10 сәуірде таңғы сағат 08.00-де Индербор кентіндегі гидробекетте су деңгейінің көтерілуі 27 см-ді құраған. Су тасқыны басталғаннан бері жалпы су деңгейінің көтерілуі 2 метр 43 см-ге жетіп отыр. Ал Махамбет кентінде су деңгейі 45 см-ге көтерілген. Қазіргі деңгейі – 2 метр 23 см. Атырау қаласында өзен суы 36 см-ге ұлғайып, 2 метр 85 см-ді құрады.
«Жайық жағалауында қорғаныс бөгетін нығайту жұмысы күшейтілді. Осы мақсатта барлық жол-құрылыс жұмысы тоқтатылды. Ірі мұнай компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Әсіресе Жайық өзенінің Атырау қаласы аумағындағы жағалауы 107 учаскеге бөлінді. Қазір Атырау қаласындағы жағалауда 673 арнайы техника мен 7 мыңға жуық ерікті жұмыс істеп жүр. Кейінгі үш күнде 42 шақырым жағалауды қорғау бөгеті мен 350 мыңнан аса қап төселді», деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
«ҚазСуШар» РМК-нің мәліметіне сүйенсек, Атырау облысының аумағында бастауын Жайық өзенінен алатын 15 магистральды су арнасы бар. Тасқын суды 24 шақырымға созылатын Соколок каналы арқылы Каспий теңізіне бұру үшін бөгет биіктетіліп жатыр. Бұл каналдың бойындағы жұмысқа NCOC компаниясының 30-ға жуық техникасы тартылған. Қазір бөгеттің 2 шақырымдық бөлігінде жұмыс аяқталды. Үйлестіруші Олжас Сұлтановтың айтуынша, осы аптада жұмыс аяқталуға тиіс. Осы мақсатта қосымша адам күші мен техникалар тарту көзделіпті.
Жайық өзенінің жағалауындағы осал тұстарды бекітуге кәсіпорындар мен мекемелер бекітілген. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұстаздары мен студенттері Алмалы аулында бөгет салуға кірісті. Бұл ауылда университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері үш ауысыммен жұмыс істейді. Олар үш күнде 20 мыңнан аса қапқа топырақ толтырған. Алмалы аулына белгілі композитор, Қазақстанның Еңбек ері Ілия Жақанов Алмалы аулына арнайы келіп, университет оқытушыларымен, студенттерімен бірге қапшыққа топырақ толтырып, бөгет салу жұмысына үлесін қосты.
«Тіршілік нәрі Жайығымыз арнасынан аспаса екен, ел қиындыққа кезікпесе деймін. Қазір су тасқыны Атырау облысына ғана емес, бірнеше өңірге қауіп төндірді. Сол себептен бөгет салып жатқан жастарды қолдауға келдім. Елімізді қиындықтан бірлігімізбен ғана қорғай аламыз», дейді И.Жақанов.
Бөгет салып жүрген еріктілер қатарына «Атырау барыстары» ойнайтын Канаданың азаматы Майкл Окафор қосылды. Ол мұны – азаматтық парызы санайды.
«Қазір өзім тұратын Атырау қаласына тасқын судың қаупі төнді. Шетелдік болсам да осы елдің тыныштығын, әр қазақстандық пен қонақтардың көңілі көтеріңкі жүргенін қалаймын. Сол себептен Жайық өзенінің жағалауындағы бөгетті биіктетіп жатқан волонтерлерге көмектесуді ұйғардым. Біз Атырау қаласын тасқын судан бірліктің нәтижесінде қорғап қаламыз», дейді М.Окафор.
Ал Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағасына бөгет тұрғызып жүрген еріктілер тосын жайтқа кезікті. Бөгетке қажет топырақ алу кезінде адамның 12 бас және 26 өзге сүйегі табылды. «Сарайшық» музей-қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіттің айтуынша, құзырлы органдардың мамандары тергеу алды тексеру жұмыстарын бастаған.
Атырау облысы