Басылым • 11 Сәуір, 2024

Оқырман мүддесі – ортақ мәселе

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Газет-журналдарды оқырманға уақтылы жеткізу мәселесі, сондай-ақ баспасөзді дамытудың өзекті проблемалары «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры Дихан Қамзабекұлы мен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованың кездесуінде кеңінен талқыланды.

Оқырман мүддесі – ортақ мәселе

Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Ашық әңгіме барысында бас­па ісінің көпқұрамды, күрделі құбылыс екен­дігі, сол себепті өзіне ерек­ше көз­қарасты қажет ететіні баса ай­тыл­ды. Неліктен бүкіл әлемде да­мыған елдер түрлі субси­дия мен преференция арқылы баспа басылымдарын қолдайды? Өйт­кені газеттер – оқитын ұлт­ты тәрбиелеудегі маңызды элемент­тердің бірі.

Дүниежүзілік желіде белгілі бір контентті орналастыру үшін ин­тернеттің болуы, ең қиын жағ­дайларда веб-сайтты әзірлеу және серверді жалға алу қажет болса, бас­па бизнесі бір-бірімен тығыз байланысты кәсіпорындардың күрделі тізбегінен – газет-журнал­дардың редакциялары, баспаханалар желісі, сондай-ақ пошта қыз­метінен тұрады. Осы кезеңдердің әрқайсысында кездесетін мә­се­лелер барлығына ортақ болып саналады.

Кездесуде газет-журналдардың баспаханадан соңғы тұтынушыға дейін жеткізілуі, қадағалануы үшін бақылауды қалай күшейту керек деген негізгі сұраққа жауап іздестірілді. Пошташыларды ең­бекке ынталандыру үшін қандай ша­раларды қарастыру керек? Мер­зімді ба­сы­лымдарға жазылу науқаны әр жолы кедергілерге тап болмас үшін не істеу керек? Та­раптар осы және бас­қа да мәсе­ле­лер­ге қатысты өзара пікір алмасып, бірлескен жұмысты же­тілдіру, нығайту жөніндегі ықти­мал жобаларды талқылады.

Кездесуге сондай-ақ «Қазақ га­зеттері» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Владимир Курятов, «Қазақ газеттері» ЖШС Жарнама және жазылу бөлімінің бас­шысы Олжас Шариязданов, «Қазпочта» АҚ өкілдері – пошта сервисі және мемлекеттік қызмет жөніндегі басқарушы директор Дәулет Бекманов, әлеуметтік еңбек қатынастары, еңбекті қорғау және қоғаммен байланыс жөніндегі бас­қару директоры Талғат Ғазизов және басқалар қатысты.