Оқиға • 11 Сәуір, 2024

Семейде бес жұмысшы жұмыс орнында жарақат алды

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семейде құрылыс материалын шығаратын зауытта бес жұмысшы жарақат алды, деп хабарлайды Egemen.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

 

Семейде бес жұмысшы жұмыс орнында жарақат алды

фото: бейнеден кадр

Жұмысшылардың жарақат алуына серіктестік директоры кінәлі деп танылды. Себебі жұмыс беруші кәсіпорындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген.

Бір ай бұрын құрылыс материалдарын шығаратын зауытта құбыр жарылып, ыстық су атқылаған. Сол сәтте жұмыста болған бес адам күйіп қалмас үшін екінші қабаттан секіріп кеткен. Терезені сындырып шыққандардың аяқ-қолы сынып ауыр жараланған. Тіпті дәрігерлер аурухана төсегіне таңылған науқастарға бірнеше рет ота жасаған. Осыдан кейін жәбірленушілердің туыстары өндірісте жарақат алғандарға басшылық көмек көрсетпеді деп наразылық танытқан.

Тексеріс жүргізген комиссия серіктестік директоры «олқылық жіберген» дейді. Яғни ыстық су құбырларын жаңартқанда ешқандай жоба әзірленбеген. Тіпті техникалық сапасына да мән берілмеген көрінеді. Директор жарақат алған жұмысшылардың жалақысымен қатар, барлық шығынын төлеуге міндеттелді, қылмыстық жауапқа да тартылуы да мүмкін.

«Бұл жерде айыппұл қарастырылмаған. Себебі ҚР ҚК 156-бабы бойынша еңбек қорғау саласындағы қателіктері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Біз материалдарды құқық қорғау органдарына жібердік», деді Абай облысы еңбекті қорғау және қауіпсіздікті бақылау бөлімінің басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев.