Сенат • 11 Сәуір, 2024

Депутат әрбір мемлекеттік органның ТЖ кезіндегі жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің 10 өңірінде бұрын-соңды болмаған табиғи апат болып, төтенше жағдай тәртібі енгізілгені мәлім. Сенатор Ольга Булавкина өзінің Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында болашақта төтенше жағдай салдарын азайтуға көмектесетін бірқатар шараларды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутат әрбір мемлекеттік органның ТЖ кезіндегі жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды

Фото: senate.parlam.kz

Ел Президенті тасқын судан зардап шеккен азаматтарға шұғыл түрде көмек көрсетуді тапсырғанын, Сенат депутаттары Үкіметке және өңірлерге тасқын судың зардаптарымен күресте қажетті қолдау көрсетіп жатқанын тілге тиек еткен депутат: «Өңірлерде азаматтармен кездесулерде тұрғындар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде мемлекеттік органдардың іс-әрекетіндегі сәйкессіздік туралы айтты», деді.

Ольга Булавкина төтенше жағдайлардың алдын алуға және уақтылы ден қоюға, адамдардың өмірін сақтап қалуға және залалды барынша азайтуға ықпал ететін тиісті хаттаманы әзірлей отырып, әрбір мемлекеттік органның төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеті үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды. Сенатор сонымен қатар тасқын судың аграрлық секторға кері әсерін атап өтті.

«Ондаған шақырым құнарлы жер су астында қалды. Тасқын судың ауыл шаруашылығына келтірген залалы әлі бағаланбады. Ауыл шаруашылығы алқаптары мен мал шаруашылығына ауқымды залал келді, өсімдік шаруашылығы үшін елеулі зардаптар елдің азық-түлік қауіпсіздігінің нашарлауына, ал жайылым жерлерінің батпақтануы жем-шөп базасының жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Бұл кейіннен мал басы санына әсер етеді. Тасқын судан кейін топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, тасқын судың өсімдік шаруашылығына зиянды әсерін азайту бойынша ғылыми зерттеулерге негізделген кешенді бағдарлама әзірлеуге көмектесетін шұғыл шаралар қабылдау қажет», деп атап өтті Ольга Булавкина.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысынан ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктеріне, барлық деңгейдегі әкімдерге жедел әрекет етуді және ел азаматтарына уақтылы кешенді көмек көрсетуді тапсыруды сұрады.