Инфрақұрылым • 11 Сәуір, 2024

Бекболат Орынбеков республикалық жолдарды салу және жөндеу мерзімдерінің ұдайы кешігуіне наразы

113 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қыруар қаржы бөлінеді, ал жолдарды жөндеу жұмысының аяғы көрінбейді. Бұл сала тек ақша құюды талап етеді. Сенатор Бекболат Орынбеков өзінің депутаттық сауалында жолдарды жөндеу мәселесі ұзақ жылдар бойы шешілмейтіні туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Бекболат Орынбеков республикалық жолдарды салу және жөндеу мерзімдерінің ұдайы кешігуіне наразы

Депутат еліміздің Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында жөндеу жұмысы аяқталмайтын республикалық маңызды трассалар мәселесін тағы да көтергенін еске салды. 2017 жылы басталған Астана – Балқаш – Алматы автожолында жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандыағаш, Талдықорған – Өскемен сияқты басқа да республикалық жолдарда жөндеу жұмыстары 5 жылдан астам уақыт бойы жүріп жатыр.

«Президент бұған дейін Қарағанды облысындағы жұмыс сапарында Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал жолдарының құрылысын сынға алып, жұмыстардың баяу жүріп жатқанына назар аударды. Қарағанды облысы арқылы Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын негізгі магистраль болғандықтан, автожолдардың сапасы өңірдің дамуына ерекше ықпал ететіні еске салынды. Қарағанды-Жезқазған тас жолының маңыздылығына тоқталды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын бұл жолды жөндеу, орталық аудандармен байланысты жақсартуға және жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік беріп, Ұлытау облысының дамуына оң әсерін тигізеді. Осылайша, екі облыстың инвестициялық және туристік бағытының ұлғаятынына айрықша мән берілді», деп сенатор Орынбеков Мемлекет басшысының тапсырмасын еске салды.

Депутаттың пікірінше, қазір автожолдарды жөндеуді аяқтау мерзімдерінің орындалмау қаупі жоғары. Сонымен қатар қазір жаңа магистральдар салу жоспарлары айтылып жатыр. Депутат егер бүгінгі күні басталған жобаларды аяқтауға қаржы болмаса, онда жаңа жобалар туралы не айтуға болады, деп таңданысын білдірді.

«Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандыағаш, Күрті-Қапшағай, Қарағанды-Балқаш жобалары әлі күнге дейін тиісті қаржыландырумен қамтамасыз етілмегенінің себебі неде? Оларды бюджет қаражаты есебінен қосымша қарыздарсыз аяқтауға мүмкіндік бар ма? Осы жобаларды аяқтауға Еуразиялық даму банкінен қарыз алу қаншалықты мүмкін? Жаңа қарыздарды тарту рәсімдері ұзаққа созылып, төлем мерзімдері бұзылмай ма? Немесе құрылысқа тартылған мердігерлік ұйымдар алдындағы міндеттемелердің уақтылы орындалуына кедергі болмай ма? Көлік министрлігінің 12 мың шақырым жолын қамтитын ұзақ құрылыстарды аяқтау және жаңа жобаларды іске асыру бойынша нақты қандай жоспар бар?», деп Бекболат Орынбеков сұрақ қойды.