Мысалы, Созақ ауданындағы орталық аурухананың жылу және электр жүйесі жаңартуды қажет етеді. 60 мыңнан аса тұрғыны бар аудан халқы қайтыс болған туыстарын патология-анатомиялық зерттеулер жүргізуге облыс орталығына баруға мәжбүр. Өйткені ауданда мәйітхана жоқ. Ауылдық округтерде және елді мекендердің кейбірінде дәрігерлік амбулатория мен аурухана, емхана мүлдем жоқ. Сол себепті дәрігерге қаралуды ойлаған тұрғындар 300 шақырымнан аса жол жүріп, аудан орталығына барады.
Ал 1957 жылы салынған Бәйдібек ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Бөген дәрігерлік амбулаториясының тозығы жеткен. 4 мыңға жуық халыққа қызмет көрсететін мекеме медициналық-санитарлық талаптарға мүлдем сәйкес келмейді. Орталық ауруханаға қарасты 12 дәрігерлік амбулаторияның барлық санитарлық автокөлігі жаңартуды қажет етеді. Бірнеше жылдан бері өзекті мәселеге айналған аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан жұқпалы аурулар бөлімшесінің жағдайы да мүшкіл.
Түлкібас ауданының Састөбе, Мичурин, Түлкібас кенттерінде дәрігерлер ыңғайластырылған ғимаратта отыр. Терапиялық бейіндегі 14 төсекке арналған аурухана Састөбе кенті және Келтемашат, Арыс, Машат, Балықты округіне қарасты 32 мың халыққа қызмет көрсетеді. Қазір Састөбе кентінен жаңа аурухана ғимаратын салу үшін 1,5 гектар жер телімі қарастырылып отыр. Састөбе, Мичурин, Түлкібас кенттерінде жаңа аурухана салу – шешімін күткен мәселе.
Шардара ауданының «Қазақстан», «Алатау батыр» сияқты шалғайдағы ауылдарында бұрыннан істеп тұрған аурухана мен перзентхана жабылып қалған. Ол аздай балалар бөлімі қысқартылған. Бұл ауылдар аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан. Елді мекен тұрмақ, көптеген ірі ауылда амбулаториялық пункт те жоқ. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауруханаға барар жолда жантәсілім еткен науқастар көбейіп кеткен. Тіпті жүкті әйелдер жолда босанып, нәрестелер шетінеп кеткен жағдайлар да бар. Сарыағаш, Келес аудандарының ең шалғай орналасқан ауылдары да медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттердің ашылуын қажет етеді.
Өңірдегі денсаулық саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, жоғарыда айтылған деректерді келтіре, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ұлас Сәдібеков жыл сайын медицина саласын қолдауға триллиондар жұмсалып жатса да, ауыл тұрғындары игілігін көре алмай келе жатқанын айтты. Депутаттар облыс еліміздің халқы көп, демографиялық өсімі жоғары өңірі болғандықтан, ауыл медицинасындағы өзекті мәселелерді бірінші кезекте шешу керек деп есептейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында: «Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден аса нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек», деп нақты міндеттер жүктеген еді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдарда 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр. Бұған қоса 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысанына қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тарту бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Биыл 8 аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстарын бастау көзделген. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді ауданаралық аурухана болып бейінделеді. Былтыр өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрылысы өткен жылдан биылға өтпелі 7 нысан бар. Сондай-ақ былтыр 9,3 млрд теңгеге 712 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау деңгейі 84% болса, биыл 89%-ға көтеру жоспарланған. Биыл медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 6 млрд теңге қаржы қарастырылды. Дегенмен жоғарыда айтып өткеніміздей, шалғай ауылдардағы мәселелерді шешу үшін мемлекеттік қолдау қажет.
Айта кетейік, облыста 756 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Бұған қоса облыстық денсаулық сақтау басқармасында 45 мемлекеттік, 130 жекеменшік мекеме бар. Өңірдің медициналық қызметкерлермен қамтылуы республика деңгейінде жоғары. Алайда бүгінде 245 бейінді маманға тапшылық байқалып отыр. Осы мәселені шешу үшін облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 139 грантқа қаржы бөлу жоспарланды. Сонымен қатар ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек қаржысын ұлғайту жұмыстары қолға алынбақ.
Түркістан облысы