Мектеп • 12 Сәуір, 2024

Академик мектебі

175 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғылым күні қазақтың тұңғыш академигінің туған күніне орай бекітілгені белгілі. Дәл осы күні түрлі конференция мен басқосуда Қаныш Иман­тайұлы туралы баяндамалар оқылып, мұрасы насихатталады. Оның ұлтқа қызмет жолындағы еткен еңбегі, төккен тері, ашқан жаңалығы – бәрі-бәрі сөз болады.

Академик мектебі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Академик әлемімен танысу мақса­тында Астана қала­сын­дағы Қаныш Сәтбаев атын­­дағы № 61 мектеп-лицейге бардық.

Ең әуелі мектеп ғимаратындағы Қаныш Сәтбаевтың көлемді портретіне көзіміз түсті. Құдды академиктің өзі қарсы алып тұрғандай әсерге бөлендік. Мектепке кірген жылы дәліздегі «Қаныш Сәтбаев және Қазақстан ғылымы» деген үлкен көрмені көзіміз шалды. Онда ғалымның әр кезеңдегі бірнеше суреті ілініпті. Мектеп директоры Ернұр Омархановтың айтуынша, оқу ордасында ғалымның атын жаңғырту мақсатында түрлі тағылымды іс-шара ұйымдастырылады. Атап айтсақ, Рес­пуб­ликалық ғылыми-танымдық «Әлем таныған Қаныш» конференция­сы, «Ғалым мұрасы – өшпес мұра» тақырыбындағы сынып сағаты, «Қаныш әлемі» интеллектуалдық ойны, «Қаныш Сәтбаев және Қазақстан ғылымы» тақы­ры­бындағы ғылыми жобалар сайысы жыл сайын тұрақты өткізіледі.

ар

«2008 жылы ашылған мектебіміз 2021 жылы Қаныш Сәтбаев атын алса, 2023 жылы мектеп-лицей мәртебесіне ие болды. Сол жылдың қыркүйек айында оқу ордамызда «Академик Қаныш Сәтбаев» музейі ашылды. Жиынның шымылдығын қазақтың тұңғыш антропологі, академик Оразақ Смағұлов ашты. Сондай-ақ ашылу салтанатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, «Халықаралық Сәт­баев қоры» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы құттықтау сөз сөйлеп, музейдің лентасын қиды. Бұл – Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаевқа арналған жалғыз орталық музей. Ондағы ғалымның ғибратты ғұмырнамасы мен ғылыми еңбектері мектеп оқушыларының елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады»,  деді мектеп директоры Е.Омарханов.

Музейге кірген бетте алғаш көзімізге түскені – қабырғада жазулы тұрған Қаныштың сөзі. Онда «Ісіңізге, еңбегіңіз­ге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер» деп жазылған.

«Мұндағы құнды мұралардың бар­­лығын әріптестерімізбен бірігіп, өзіміз жинадық. Жәдігерлерді іздесті­ру барысында бірнеше экспедиция ұйымдастырдық. Ең әуелі Қарсақбайға, сосын Жезқазған өңіріндегі тарихи-өндірістік мұражайға, одан кейін Жезді, Сәтбаев қалаларына барып, тірнектеп жиған еңбектің арқасында музейіміз ашылды. Жәдігерлердің барлығы өңдеу­ден өткен», дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Жанах­медқызы.

по

Расымен, музейдегі әрбір дүние сондай ыждағаттылықпен әрі мұ­қият­ты­лықпен орналастырылған. Ғалым­ның шежіресінен бастап, әрбір аш­қан жаңалығы, тапқан минералы – ешқай­сысы назардан тыс қалмаған. Музей үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі Қаныш Сәтбаевтың отбасына арналған. Екінші бөлімде академиктің білім алған оқу орны мен еңбек жолы қамтылған. Яғни оның Қарсақбай, Жезқазған, Алматы қалаларындағы, Алтай жеріндегі сәулелі сәттерінің куәсі боласыз. Үшінші бөлімде минералдар топтамасы назарыңызға ұсынылады. Сондай-ақ соңғы үлгідегі «Галограмма» арқылы берілген Қаныш Сәтбаевтың бейнесі көздің жауын алады.

Жәдігерлерді көзбен көріп, қолмен ұстап, танымал тұлғаның өмір жолы туралы ақпарат музейге келген жанның жадында жақсы жатталып қалады. Мәселен, Қаныштың жиырма бес жасында «Алгебра» оқулығын жазып шығарғанын көбі біледі. Бірақ кітаптың мұқабасы қандай болғанын, ішінде не жазылғанын, қалай жазылғанын, қолжазбасы қандай болғанын білетіндер некен-саяқ. Ал музейде соның бәрі тұр. Тіпті ғалымның жақындарына жолдаған хаттары да қатталған. Мәселен, Қаныш Имантайұлының жары Таисия Алексеевна Сәтбаеваға жазған хатында:

пр

«Мені сіз жеткілікті білесіз. Мен қазақпын. Жаратылысым да, жаным да қазақы, ой-түсінігім бойынша да қазақпын, алдағы өмірімді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін.  Жан тыныштығын да шат-шадыман тұрмыстан гөрі рухани күреспен өткізгенді жөн көремін. Сол үшін де тұрмыстың жайлы күйтінен бас тартып, Қазақстан қиырында «кезбе» болып, өмір-бақи кен іздеуге құштармын. 8 ақпан. 1927 жыл» делінген. Сондай-ақ Қаныш Сәтбаев туралы Мұхтар Әуезовтің, Әлкей Марғұланның, Александр Затаевичтің, одан да бөлек бірне­ше зиялының естеліктерін оқып, әжептәуір әсерленіп қалдық. Ғалым туралы тереңірек бойлағысы келген білімпаз үшін Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышына» арналған бірнеше кітабы да тізіліп тұр. Сонымен қатар музейде «Ертіс – Қарағанды» каналының сызбасы, суды сынақтан өткізу сәтіндегі суреттер де сақталған. Бұл мәдени ошақтан сондай-ақ Қаныш Сәтбаевтың 1946 жылы 30 қарашада КСРО Ғылым академиясының толық мүшелігіне өткендегі, Мемлекеттік сыйлық алғандағы құжаттары әрі ғылым докторы атанғандағы дипломдарының да көшірмесін көруге болады.

Мектеп басшылығының айтуынша, аталған мектеп-лицейде қазіргі таңда 1500 оқушы білім алады. Сол бала­лардың барлығы музейден бөлек, Қаныш Сәтбаевтың қанатты сөздеріне қанық болып өссе , халыққа қызмет етер адал азамат боларына сеніміміз мол.

Мектептен шыға бере Қаныштың портретіне тағы бір үңілдім. Көзінде бір сыр бар секілді. Ал суреттің қасында академиктің «Қандай ортада жүрсең де, қандай лауазымға ие болсаң да, үш қасиеттен жаңылмағайсың: еңбек­сүй­гіштіктен, сыпайыгершіліктен, адам­гершіліктен» деген нақылы жазылып тұр. Ғалымның ойлы жанарындағы жазу, сірә, осы болса керек.