«Сәуірдің 11-і күні ұзындығы 43 км-дей, биіктігі 1-2,5 метр бөгет тұрғызылды. Бұл жұмысқа 250-ден аса арнайы техника мен 2,5 мыңға жуық адам жұмылды. Су тасқынынан қорғау жұмысы әлі де жалғасып жатыр», деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, тасқын суға қарсы күрес штабының жетекшісі Қалияр Айтмұхамбетов.
Бүгінге дейін тасыған судың кесірінен автожолдардың 63 жері бүлініп қалды. Дәл қазір Қаратөбе ауданының Қосбаз, Аққозы, Қоржын, Ақтайсай, Бесоба, Алакөл, Сәуле, Қарақамыс ауылдары, Шыңғырлау ауданындағы Ақтау елді мекені орталықпен қатынаса алмай отыр. Қазіргі мәліметке сәйкес өңірде 735 саяжай үйін су басты. Олардың 457-сі – Орал қаласында, 245-і – Бөрлі ауданында, 17-сі – Бәйтерек, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан.
Өңірде кіші өзендердің суы қайта бастағанымен, трансшекаралық Жайық пен Шаған өзендері әлі тасу шыңына жеткен жоқ. 11 сәуірде Жайық деңгейі – 724, Шаған 1 113 см болды. Мамандардың айтуынша, Жайықтың қауіпті деңгейі – 850 см, ал Шаған өзенінде – 1 280-1 300 см.
Қазір Орал қаласында аталған қос өзендегі су деңгейі мұқият бақыланып отыр. Тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген саяжай аумағында қоғамдық тәртіп қатаң қадағаланады. Облыс орталығының Күрен, Коминтерн, Жас натуралистер стансасы, Шаған жағалауы, Қарт Жайық аудандарында жағалауды бекіту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жалпы алғанда бұл жерлер 15 100 қапшық құммен бекітілген.
Асан ауылы аумағындағы арнайы алаңда әскерилер, мекеме-ұжым қызметкерлері, еріктілер жиналып, 19 мың қапшыққа құм толтырып тастаған. Бұл қаптар қажет жеріне жедел таратылды.
Бөрлі ауданының 5 елді мекенінде де осындай жұмыстар қауырт жүріп жатыр. Шекарада тұрған Жарсуат ауылында соңғы тәулік ішінде 1 700 қап құм дайындалған. Жалпы, 100 метр жерге биіктігі 2-2,5 метрлік бөген жасалды. Бумакөл ауылдық округіне қарасты екі ауылда да жалпы ұзындығы 700 метрлік бөгет жасалып, құм салынған қапшықтармен бекітілген. Бөрлі, Қанай ауылдары да тасқын суды қарсы алуға дайындалып жатыр. Қанайда бір тәулікте ұзындығы 1 560, биіктігі 2,5 метрлік бөген соғылған.
Бәйтерек ауданына қарасты бірнеше ауыл да Жайық өзенінің бойында орналасқан. Қазір Рубежка, Январцев, Дариян, Қызыләскер, Байқоныс, Ақсу, Янайкин, Жайық ауылдары жағалауды бекіту, бөгендерді көтеру жұмысын қызу жүргізіп жатыр. Соңғы төрт ауылда жасалған бөгеттердің жалпы ұзындығы 5,3 шақырымға, биіктігі кей жерде 4 метрге жеткен. «Байқоныс ауылындағы төрт түлік малды қауіпсіз жерге көшіру үшін адам мен техника күші бөлінді», деп хабарлады төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.
Жайық бойындағы Ақжайық ауданында да жағалауды бекіту, қорғаныс бөгендерін салу ісі қолға алынған. Осы кезге дейін ауданда 16 662 қап құм әзірленіп, қауіпті тұстарға орналастырылып жатыр. Айта кетейік, ауданның 32 елді мекені Жайық бойын жағалай отыр. Бұлар – Көнеккеткен, Қамыстыкөл, Есенсай, Кеңсуат, Тасоба, Базаршолан, Баянтөбе, Базартөбе, Қадырқұл, Қызылжар, Тайпақ, Шабдаржап, Томпақ, Алмалы, Атамекен, Ақсуат, Ақбұлақ, Жаңабұлақ, Бударин, Самал, Коловертное, Мерген, Мойылды, Қарауылтөбе, Ілбішін, Қабыл, Тінәлі, Жанама, Сарман, Чапаев, Жайық ауылдары.
Шыңғырлау ауданында көршілес Елек өзенінің көтерілуіне байланысты Мырзағара ауылына су кіру қаупі туындаған еді. Елді мекенді айналдыра бөгет жасалып жатыр. Қаратөбе ауданында тасқын әсерінен Қалдығайты өзеніндегі көпір істен шыққан. Қазір Қаракөл, Аққозы, Саралжын ауылдық округіне қатынас үзілген. Бұл жерге уақытша өткел ұйымдастырылып, қазірге дейін оның қызметін 310 адам пайдаланды.
Өңірге еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті жақын шетелдерден гуманитарлық көмек келіп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті жанынан құрылған ақпараттық штаб үздіксіз жұмыс жасап тұр. Штаб мүшелері өңірдегі су тасқыны туралы облыс тұрғындарына толыққанды ақпарат таратып отыр. Мұнда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидромет» филиалы, «Қазсушар» өкілдерінің, сондай-ақ су тасқынына қатысы бар барлық басқарма басшыларының қатысуымен тәуліктің әр сағаты сайын шұғыл брифингтер ұйымдастырылып жатыр. Ақпараттық штаб жұмысын бастағалы бері отызға жуық баспасөз мәслихатын өткізді.
«Қазавиақұтқару» қызметіне қарасты тікұшақтар арқылы мамандар тәулігіне бірнеше мәрте әуеге көтеріліп, облыс аумағындағы ахуалды тұрақты бақылап отыр.
Өңірдегі ең алып өндіріс – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы да су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек қолын созып жатыр. Соның ішінде эвакуациялау іс-шараларына, су айдау жұмыстарына, тасқынның алдын алу үшін арнайы көлік, азаматтарды қауіпсіз эвакуациялауға қажетті әртүрлі жабдық, сондай-ақ материалдар мен медициналық керек-жарақтар, азық-түлік жиынтықтары мен матрастар берді. Бұған қоса 10 сәуір күні компания Бөрлі ауданы аумағындағы ең маңызды, яғни жергілікті инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін 2 млрд теңге бөлетінін хабарлады.
Жоғарыда айтылғандай, Жайық өзені күн сайын көтеріліп келеді. 11 сәуір күні су деңгейі 725 см-ге жетті. Жалпы, су тасқыны басталғалы бері өзен деңгейі 6 метрге көтерілген. Ресейдегі Сақмар өзені мен Ирикли су қоймасынан құлаған су Орал қаласына сәуір айының ортасында, яғни 3-4 күннен кейін жетеді деп болжанып отыр.
Батыс Қазақстан облысы