Оқиға • 15 Сәуір, 2024

«Эвакуцияланғандарды кепілге алды». Құлсары тұрғыны полицияға хабарласқан

120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ІІМ қызметінің аймақтардағы өкілдері бір күнде 3 жалған терроризм фактісін анықтады, деп жазады Egemen.kz.

«Эвакуцияланғандарды кепілге алды». Құлсары тұрғыны полицияға хабарласқан

Фото: polisia.kz

Сондай жалған қоңыраудың бірі Құлсары қаласының 22 жасар тұрғынан түскен. Бойжеткен эвакуацияланған тұрғындарды қарулы топ кепілге алып, ақшалай сыйақы талап етіп отырғанын хабарлаған. 

Полиция хабарламаны тексеріп, негізсіз қоңырау екенін анықтады.

«Облыстық ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қабылдаған шаралар нәтижесінде Бейнеу кентінде жалған қоңырау шалғаны үшін 22 жастағы қыз ұсталды. Сонымен қатар оның бұған дейін автобуста ұялы телефон ұрлағаны анықталды. Қолды болған гаджеттен ол қоңырау шалған.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты бөтен мүлікті ұрлау және терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында. 

Сол күні Ақтөбе облысының тұрғыны да Гришин көшесіндегі үйде бомба орнатылғаны туралы айтқан. Полиция бұл ақпараттың расталмағанын мәлімдеді.

Ақтөбе облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын да осындай қылмыс үшін сотталған Ақтөбе қаласының жұмыс істемейтін тұрғынын мас күйінде ұстады. Оған қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.

Жалған терроризмнің үшінші фактісі Алматы қаласында тіркелді. Онда қаладағы жеке компаниялардың бірінің телефонына WhatsApp мессенджері арқылы ірі ақшалай сыйақы үшін сауда орталығынa бомба қою туралы ұсыныс келіп түскені айтылған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Талдықорған қаласының 9 жасар тұрғыны анықталды. Ол интернет желісінде компанияның жарнамасын көріп, бұзақылық ниетпен осы хабарламаны жолдаған.

Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы баланы тәрбиелеу шараларын қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құзырлы органдар ҚР Қылмыстық кодекстегі осы қылмыс үшін 5 мың АЕК (бұл 18 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл не болмаса бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделетінін тағы да еске салады.