«Өңірдегі төтенше жағдай уақытында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының және Орал қаласының орта білім беру, кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдары 15 сәуірден бастап оқу процесін тиісті платформалар арқылы қашықтан ұйымдастырады», делінген облыстық білім басқармасы таратқан баспасөз хабарында.
Қазір білім беру ұйымдарының басшылары оқушылардың техникалық оқыту құраладырмен қамту жұмысын ұйымдастырып жатыр.
Айта кетейік, Жайық өзенінің жоғары бастауынан келе жатқан мол су 17-сәуірде Батыс Қазақстан облысының аумағына жетеді дейді мамандар. Қазір суға кетуі мүмкін елді мекендер мен саяжай аумағынан тұрғындар көшіріліп, Орал қаласының қорғаныс бөгендері нығайтылып жатыр.
Биыл су тасқыны басталғалы өңірде барлығы 1226 тұрғын үй мен 1 905 саяжай үйі су астында қалды. 13 159 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның ішінде 5 506-сы – бала. Қазір облыс бойынша 17 эвакуациялық пунктке 1701 адам жеткізілді. Оларға қажетті заттар мен азық-түлік уақтылы жеткізіледі.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, облыс орталығының маңында 25 мыңдай халық саяжай, бау-бақша серіктестіктерінде тұрып жатыр.
Бүгінге дейін Орал қаласы бойынша 1532 саяжай суға кетті. Сондай-ақ Бөрлі ауданында – 245, Бәйтерек ауданында – 112, Теректі ауданында – 16 саяжай үйін су басқаны тіркелген.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысына еліміздің әр өңірінен гуманитарлық көмек те, адамдар мен техника да үздіксіз келіп жатыр. Сәуірдің 14-і күні Ақтөбе облысынан – 50, Түркістан облысынан – 49 арнайы техника келіп жетті.
«Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың арнайы тапсырмасымен бүгін 50 арнайы техника - «КамАЗ» жүк көліктері, топырақ қазуға, тиеуге арналған түрлі ауыр техника жеткіздік. Бүгін-ертең 20 шақты арнайы техника тағы келеді. Бұл Ақтөбе облысындағы мекеме-кәсіпорындар мен кәсіпкерлерден жиналған. Бұлардың барлығы су тасқыны қаупі сейілгенше осы аймақта болады», дейді Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Қаныбек Жақсығалиев.
«Қазір облыс су тасқынының екінші кезеңіне дайындалып жатыр. Жағдай әлі де күрделі. Себебі, Ресейдің Орынбор облысынан келе жатқан су 17-19 сәуірде облысқа жетеді деген болжам бар. Бүгін Жайық өзеніндегі су деңгейі 759 см болды. Яғни, қауіпті деңгейге жетіп қалды. Су деңгейі 850 см болса, Жайық арнасынан асады. Сондықтан өзен бойына 80 шақырымға жуық бөгет тұрғызылып, Жайық өзенінің жағасы барынша нығайтылып жатыр. Қазіргі уақытта Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары мен Орал қаласын су басу қаупі бар», деді БҚО әкімі баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Тәткен.
Өңірде су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Жергілікті бюджет есебінен 677 отбасыға біржолғы әлеуметтік көмек ретінде 125 млн теңге қаржы төленген.
«Бұл жұмыс жалғасады», дейді Ерхан Таткен.
Батыс Қазақстан облысы