01 Қаңтар, 2015

«Алтын адам»

1226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алтын Адам(Кулсары) Сарматтар дәуірінің жауынгеріне ескерткіш орнатылды Қазақ хандығының 550 жыл­дығына орай Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында ерекше ескерткіш ашылды. Ерекше болатыны сол, бұл – «Ал­тын адамның» ескерткіші. Ал бұл «Алтын адам» қайдан, қашан, қалай табылып еді? Дәл осы ауданның аумағында Аралтөбе аталатын қорым бар. Бел­гілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы 1989 жылы осы қорымды ашқан екен. Алайда, әртүрлі себептермен аталған қорымда археологиялық қазба жұмысы жалғасын таппаған. Кейін арада он жыл өткенде, яғни, 1999 жылы дәл осы қорымнан үш зират қазылды. Қай кезде екені белгісіз, әйтеуір бұрын тоналған екі зираттан мәйіт қаңқалары, шыны моншақ пен жебе, қанжар сынықтары табылған. Сол кезде қазба жұмысын жүргізген Зей­нолла Самашев қорымдағы үшінші зираттың тоналмағанын айтып еді. Үшінші зиратты қазу барысында шалқасынан жатқызылған мәйіт, оның жанында жүзден астам жебе салынған қорамсақ пен қыш құмыраның бары анықталды. Сонымен бірге, қайқы қылыш та болған. Мұны археологтар сарматтар қоғамының жоғары лауазым иесі, қолбасылыққа қоса абыздығымен танымал болған деген тоқтамға келді. Өйткені, ер адамның қасында әйелі де, екі аты да жерлеген. Бұл қорымға жерленген адамдардың киім-кешегі өте қымбат асыл бұйымдармен, көркем әшекейлермен безендірілгені белгілі болды. Қару-жарақпен бірге абыздың асатаяғы да табылып еді. Сол себептен, ел шежі­ресіне Аралтөбеден табылған сар­мат­тар дәуірінің жауынгері «Алтын адам» ретінде қосылған болатын. Сарматтар дәуірінің жауынгері енді, міне, алда айтқанымыздай Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Құлсары қаласының қақ ортасында еңселі ескерткіш болып бой көтерді. «Алтын адам­ға» ескерткіш орнату идеясын, шындығын айту керек, Жылы­ой ауданының әкімі Мақсым Ізба­сов көтеріпті. Өйткені, дәл осы азамат 1999 жылы Зейнолла Сама­шев бастаған археологиялық экспедиция мүшелеріне ұдайы қолдау білдіргенін білуші едік. Сол кезде ол осы аудандағы «Құлсарымұнайгаз» басқармасын басқаратын еді. Қазір ауданның басқару тізгінін қолына алған елжанды, мәдениет пен өнердің шынайы жанашыры Мақсым Ізбасов былай дейді: – «Аралтөбе қорымынан та­былған «Алтын адам» – көш­пенділер тарихы мен мәдениетінің тым әріден басталатынын дәлел­дейтін, сонау сарматтар дәуірінен біздің заманымызға дейін-ақ өркениетті ел болғанының белгісі. Осындай тарихи құндылығымызды дәріптеу жастардың елі мен же­рінің тарихын тереңірек тануына, елжандылық пен ұлттық рухани мақтаныш сезімін қалыптастыруға зор әсер ететіні сөзсіз. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ха­лыққа арнаған Жолдауында, «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау», деген болатын. Біз де бүгін тарих қойнауынан жеткен бабалар жәдігерін құрметтеп, оны елдің мақтанышына айналдыруды көздедік. «Алтын адам» ескерткішінің биік­тігі – 5 метр. Оны жергілікті мү­сінші Серік Мәтениязов сомдапты. Бұған дейін 20-ға жуық мүсінді сомдаған шебер «Алтын адам» ескерткішін үш айда жасап бітірген. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Жылыой ауданы. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.