Шаруашылық • 17 Сәуір, 2024

Егін басы – елдің қамы

69 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Cәуір келгелі жетісулық шаруаларда тыным жоқ. Дала төсі дүбірге бөленіп, өңірде еңбек көрігі қызып жатыр. Биыл барлығы 117 653,4 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Сондықтан диқандар техника және субсидия жағынан мемлекет тарапынан қолдау күтеді.

Егін басы – елдің қамы

Бүгінде диқандар то­пырақ ылғалы құрғамай тұрып, сүдігер, күздік, көпжылдық шөп тырмалау және жер жырту сияқты да­ла жұ­мыстарына білек сыбана кіріседі. Сала мамандары да шаруаны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып ұйымдастырып, сапалы өт­кізуге тырысады. Науқандық жұ­мыстарды мінсіз атқаруға күрең­белдіктер де атса­л­ысып жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары бөлімінің басшысы Мәди Саулхановтың берген мәліметіне жүгінсек, өңірде көктемгі дала жұмыстарына әзір­лік қызу жүруде. Трактор, тұқым сепкіш, қопсытқыш, тырма, соқа­ның бәрі дала төсін дүбірге бөлеуге да­йын. Ақауы барлары қажетінше жөндеуден өтіп, сақадай сай тұр.

Жоспар бойынша 117 653,4 гектарға ауыл шаруашылығы да­қыл­дары егіледі. Оның ішінде күз­дік бидай және жаздық ар­па, бидай мен сұлы, дәндік жү­гері, қарақұмық сияқты дән­ді дақылдар бар. Сонымен бірге 1313,4 гектарға картоп, 591 гек­тарға майлы дақылдар себіледі. Мақсары, күнбағыс, зығыр дақыл­дары да осының ішінде. Қант қызылшасының тұқымы 700 гектар­ға, бақшалық дақылдар 387,5 гектарға егіледі деп жоспарланып отыр.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізетін диқандар үшін жанар-жағармай ауадай қажет. Биыл 94 шаруа қожалығынан 868 тонна кепілді жанар-жағармайға өтінім түскен. Оның әр литрі 250 теңгеден белгіленіпті. Бере­кені тасытып, мол өнімге қол жет­кізу үшін минералды тыңайт­қыштардың алар орны ерекше. Сол себепті, оның көлемі анық­талып, нәтижесінде 8513,1 тонна минералды тыңайтқыш сатып алу қажеттігі белгілі болған. 508,7 тоннасы жаздық бидай, 7 947,4 тоннасы жаздық арпа, қалғаны жүгеріге арналмақ.

Ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жан-жақты қол­дау көрсету маңызды. Әсіре­се техникасы әбден ескірген жеті­сулық шаруалардың қаржы­лық ресурстар мен жаңа техноло­гия­­ларға қол жеткізуі – өзекті мәселе. Осы орайда облыс ор­та­лы­ғына Мәжіліс депутаты Жигу­ли Дай­рабаев, Қазақстан Фер­мер­лер қауымдастығы бас­қарм­а төрағасы­ның бірінші оры­н­басары Ермек Абуов, Ауыл ­­шаруашылығы ми­нистр­лігі­нің өкілі Асқар Санау­баров ке­ліп, жетісулық ша­руа­лардың көкей­кесті талап-тілектерін тыңдады.

Қазақстан Фермерлер қауым­­­дастығы облыстық фи­лиа­­­­лының басқарма төр­аға­­сы Асқар Шәріповтің айтуын­ша, былтыр қауымдастық эксперт­тік тұжырымдауларға қаты­сып, мемлекеттік бірнеше жоба­ға са­раптама берген. Ұйымдас­тырыл­ған арнайы конференция­да өзекті тақырыпқа айналған жүгері мәселесіне де ден қойылды. Мә­селен, былтыр облыста дәндік жүгері егілген алқаптың әр гектары 69 центнерден айналып, жалпы түсім 393,5 мың тоннаны құраған. Десек те ішкі және сыртқы нарықта дәндік жүгері бағасының күрт төмендеуіне байланысты сыртқы сұраныс тоқтап қалды. Сөйтіп, жүгері сату үлкен проблемаға айналды. Сондай-ақ су мәселесі де өзекті. Өңірде су үнемдеу мақсатында жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісін қолданатын алқаптарды 2 есе ұлғайту жоспарланып отыр.

Жиында биылдан бастап жаңа­дан ашылған «Бірыңғай ке­шен­ді бағдарлама» аясында көк­темгі дала жұмыстарына несие, субсидия, кепілдік алу үшін «Даму» қоры арқылы өті­нім беруге болатыны айтылды. Бұған қоса, агроөнеркәсіп ке­шенді дамытуда еңбектеніп жатқан шаруашылық иелерін қаржыландыруда атқарылған жұмыстар мен «Іскер», «Кең дала» бағдарламалары бойынша несие алу жолдары баяндалды.

Ветеринария саласындағы түйткілдер де қозғалды. Сала ма­ман­­­дарының айтуынша, жос­пар­ға сәйкес бүгінде қажетті вакци­на­ның жартысы жеткізіліп, малдан қан алу жұмыстары бас­талған. Қызметкерден де тапшы­лық жоқ.

«Бұл басқосу ауыл шаруа­шы­лығы саласына қозғау салады. Себебі азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекетіміз үшін басты мә­селе. Ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, түйткілді пробле­малардың түйінін тарқату, мемлекет тарапынан шаруаларға қолдау көрсету сияқты мәселелер төңірегінде ойымызды ортаға салып, пікір алмастық. Жиын ар­қы­лы ауыл шаруашылығы са­ласын­да қандай проблемалар бар, жұмыс істеуге не кедергі, фер­­мер­лерді нендей мәселелер ала­ң­­датады, ауылды қалай дамыта­мыз деген сұрақтар туралы тереңнен әңгіме қозғалды. Енді шаруалар көтерген ұсы­ныс-ті­лектер басшылыққа алы­нып, соның төңірегінде жұмыс­тар атқарылады. Ауыл шаруа­шы­лығы өркендесе, ел көсегесі көгереді. Сондықтан жұмыс істей­мін деген адамға барынша жағдай туғызып, мүмкіндік беру керек. Қалай десек те әрбір азамат бақуатты, әлеуеті өркен­деген мәдениетті елде өмір сүруге құқылы. Осыған жету ба­ғы­тында біз әрекет ететін боламыз», деді Ж.Дайрабаев.

 

Жетісу облысы