Аймақтар • 17 Сәуір, 2024

Құлсарыдағы тасқын: себеп пен салдар

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жылыой ауданының ор­та­­лығы Құлсары қаласын тасқын су бас­қалы 10 күннен асты. Тұр­ғын үй­лер, өзге нысандар әлі де су ор­тасында тұр.

Құлсарыдағы тасқын: себеп пен салдар

Атырау облыстық төтен­ше жағдайлар депар­та­мен­ті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, су тасқынының қаупінен қорғау үшін Жылыой ауданының 36 738 тұрғыны эвакуацияланды. Оның ішінде 8 382 бала бар.

Құлсарыда су астында қалған тұр­ғын үй мен өзге де нысан­дар­дың саны 2 800-ден асты. Тұрғын үйлерге кірген су әлі тартыла қоймады. Мәселен, Жылыой ауданындағы №2 және №9 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейтін 8 қыз­мет­кердің үйі тасқын су астында қалған.

«Тұрғындарды құтқару жұмыс­та­рын жүргіздім. Оқиға орнынан кетіп қалуға болмайды. Тіпті су басқан үйіме баруды ойламадым. Өйткені өзіме тапсырылған міндетті орындауым қажет болды. Әріптестерім менің ата-анамды, балаларымды су басқан үйден алып шығып, эвакуациялық пункт­ке жеткізді. Қазір отбасым Маң­ғыс­тау облысының Бейнеу ауданына уақытша тұрақтады», дейді өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Нұрболат Оразов.

Қазір Құлсары қаласында тас­қын суды сору, бөгеттерді нығайту жалғасып жатыр. Бұл жұмысқа 5 658 адам, 187 техника, 17 жүзу құ­ралы, 21 мотопомпа тартылған. Құл­сары қаласынан 14 сәуірге дейін 250 мыңнан аса текше метр су сорылған.

Жылыой аудандық электр жүйе­сі тора­бының басшысы Марат Таңатарұлының айтуынша, 5 сәуірде Құлсары қаласындағы 10 шағын ауданда жарық өшірілген. Енді су баспаған 500 үйге электр жарығы қайта берілді. Жағдайды жедел қалыпқа келтіру мақсатында уақытша трансформаторлар орнатылды. Жарықты қалпына кел­тіру жұмыстарын үйлестіру үшін Құлсары қаласында 4  бригада іске кірісті. Бригадалар құра­мын­дағы мамандар 8 арнайы техникамен тәулік бойы жұмыс істеп жүр.

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуы­­­на қарағанда, сауда орындары қалыпты жұмысына кірісті. Оның ішінде 100 азық-түлік дүкені, 2 ірі супермаркет, 3 ірі көтерме сауда базары бар. Сондай-ақ 20-ға жуық дәріхана қайтадан ашылды.

«Қаладағы қоғамдық тамақтану орындары да жұмысын бастады. Тәулік бойы жұмыс істейтіндері бар. Сауда орындарының иелеріне тү­сіндіру жұмысы жүргізіліп, баға­ны негізсіз қымбаттатпауды қада­ғалап отырмыз», дейді Г.Айшуақова.

Ал «Батыс Тех Инвест» ЖШС басшысы Әуез Әбіләкімнің мәлі­ме­тіне сүйенсек, төтенше жағдай жарияланғанға дейін Құлсары қаласында 55 автобус 12 бағытта жолаушы тасымалдаған. Бірақ су тасқынынан автобустар тоқтап қалған. Қазір қалада 14 автобус 4 бағытта жолаушы тасымалдайды. Бұған қоса Қосшағыл, Жаңа Қаратон, Майкөмген, Жем ауыл­дық округтеріне қатынайтын автобустар рейске шықты.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы Атырау облыстық филиалының директоры Мұрат Мықтыбаевтың мәліметінше, 4 сәуірде Жем өзенінің суы «Доссор – Құлсары» тасжолының 101-шақырымын шайған. Содан бері бұл жолмен көлік қозғалысы тоқтатылды. Осының салдарынан 470 жүк көлігі Маңғыстау өңірі мен Өзбекстанға жете алмады. Жүк көліктері Доссор кентінің маңында бір аптадан аса тұрып қалды. Олардың арасында Түрікменстан мен Өзбекстанның, Украина мен Молдованың, Румынияның, еліміздің өзге өңірлерінде тұратын жүргізушілер бар. Аустрия елінің екі жүргізушісінің тұрғанына біраз болған. Мәселен, түрікменстандық Мехбан Амангелдиев Ресейден келе жатыр. Ол мұнда 5 сәуірден бері тұр. Ал Өзбекстан азаматы Шохир Раббиев Түркиядан жолға шыққан.

«Қазавтожол» компаниясы 13 сәуірде трассаның су шайған бөлігін қалпына келтіруге кіріс­ті. Бүлінген жол учаскесін жөн­деуге 45 адам, 28 техника жұмыл­ды­рыл­ды. Жол бөлігіне су өткізуге арналған 12 құбыр салынды. Оның үстіне инертті материалдар төселді.

Облыстық полиция департа­менті патрульдік полиция рота­­сының командирі Әділбек Шахме­товтің айтуынша, жолдың жөн­дел­ген бөлігі үздіксіз бақы­лауға алынады. Өйткені жолдың бұл бөлігінде көліктердің бір бағытпен ғана қозғалуына рұқсат берілді. Сол себептен полиция қызмет­кер­лері көліктердің кезекпен жүруін реттейді.

Биылғы су тасқынының зардабы аз болмайын деп тұр. Өкі­ніш­ті­сі, адам шығыны да, мал шығыны да бар. Су астында қалған мүліктің есебін әзір ешкім білмейді. Төрт адам тасқын судың құрбаны болды. Әне-міне 50 жасқа толғалы жүрген жігіттің тракторы аударылды. Ол досымен бірге суға батты. Бұдан соң әкесі мен баласы тасқын судан шыға алмай қалды.

Ветеринарлық бақылау және қа­дағалау комитеті Жылыой аудан­дық аумақтық инспек­ция­сы­ның басшысы Жәнібек Сабы­ров­­тың айтуынша, су тасқы­нының сал­дарынан өлген мал, ит пен мысық өлексесі жиналып жатыр. Өлек­се­лер әлі де табылуы мүмкін. Сол себептен өлекселерді жинау, жою жұмысы әлі де жалғасады.

«Жылыой аудандық ветеринария стансасы қызметкерлері Құл­сары қаласында су тасқыны кезінде өлген төрт түлік пен құс­тардың өлексесін жинауды бастады. Қазір төлін қоса алғанда 60 қой-ешкі, 8 үй құсы, бір ит пен бір мысықтың өлексесі жиналды. Өлек­селерді мал қорымдарында және арнайы белгіленген шұң­қыр­ларда өртеу жолымен жою жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр», деді Ж.Сабыров.

 

Атырау облысы