Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Түркістаннан техникалар жіберілді

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Cу басқан аймақтарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында Түркістан облысында жауапты басқар­ма­лардың үйлестіруімен, Атырау облысына 160-қа жуық техника жолданды. Аталған техникалар Дарбаза, Түркістан, Манкент, Арыс стансаларында вагон-платформаларға тиеліп, Атырау стансасына «ҚТЖ» ҰК-ның белгіленген кестесіне сәйкес жеткізілді.

Түркістаннан техникалар жіберілді

Фото: turkistan.today

Кәсіпкерлерден бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы, «Қазавтожол» мекемесі атынан да ауыр көліктер жіберілді. Арнайы жүк артқыш және жүк тасымалдайтын, жер қазатын көліктер және өзге де техникалар су шайған аумақтарды тазалауға және бөгеттер салуға қолданылмақ.

Сондай-ақ Түркістан облысынан су басқан өңірлерге жалпы 600 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілгенін айта кетелік. Сонымен қатар 150-ден аса кәсіби құтқарушы мен төтенше жағдай қызметкерлері апат аймағында жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде гуманитарлық көмекті үйлестіретін штабтар құрылған. Су тасқыны болған уақыттан бері өңірден Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарына 371 тонна гуманитарлық көмек жөнелтіліп, еріктілер көмекке барды. Ал жуырда Түркістан халқы атынан 9 ауыр жүк көлігі мен қосымша көліктерге тиелген 200 тоннаға жуық кезекті гуманитарлық көмек керуені жолға шықты. 50 ерікті жас арнайы автобуспен жіберілді. Олар су тасқыны салдарын жою, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен – жүрекке!» акция­сы аясында облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері бірлесе отырып, 5 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті су басқан аймақтарға жөнелтті. Сонымен қатар Сарыағаш, Отырар, Келес, Сайрам, Сауран ауданы мен Кентау қаласы тұрғындары атынан қажетті заттар тиелген жүк көліктері де жолға шықты. Оларға негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және құрылыс материалдары артылған.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев атқарылып жатқан шараның маңыздылығына тоқталып, қиын жағдайда көмек қолын созған облыс тұрғындарына, кәсіпкерлеріне, жастарға, өңірдегі Ассамблея мүшелеріне алғысын білдірді.

«Арыстағы жарылыс, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де еліміздің барлық облысы көмек қолын созып, күн-түн демей гуманитарлық көмек жеткізгені есімізде. Алғашқы күннен бастап облыста штаб құрылып, аудан, қалалардан жүк керуендері жіберілді. Міне, енді бүгін сол ізгі істердің жалғасы ретінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен аудан, қала тұрғындарының атсалысуымен Батыс Қазақстан облысына 200 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жолға шығайын деп тұр», деді Б.Тәжібаев.

Айта кетейік, аудан, қалаларда жеке азаматтар да ұйымдасып, жүк көліктерімен көмектерін жіберіп жатыр. Сонымен бірге «Күшіміз – бірлікте!» қорына қаржы аударылып жатыр. Мысалы, Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі, Төлеби ауданы Майбұлақ, Жамбыл ауылдарының тұрғындары Наурыз мерекесін атап өтуге жиналған қаржыны су басқан өңірлерге аударуды ұйғарды. Облыс орталығында орналасқан «Экобазарда» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен гуманитарлық көмек пункті жұмыс істеп жатыр.

 

Түркістан облысы