Аймақтар • 18 Сәуір, 2024

Қорғаста халықаралық әуежай салынады

97 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) Қытай, Орталық Азия, Орта Шығыс және Еуропаны бай­ла­ныстыратын стратегиялық нысан. Экономикаға үлкен пайда әкелетін аймақтың әлем елдерімен қатынасын кеңей­ту маңызды. Ол үшін халықаралық әуежай қажет. Шетел­дік инвесторлар осы бағытта қаржы құюға ниетті екенін жеткізді. Көп ұзамай Жетісуда заманауи әуе айлағы салы­нады.

Қорғаста халықаралық әуежай салынады

Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай

«Қорғас» ірі логистикалық хабына «The Hansa Consortium» ком­паниясы 250 млрд теңге қаржы құймақшы. Бірлескен жоба­ның жүзеге асуы 700 жұмыс орнын құрады деп күтіледі. Жоба қуаты 50 мың тонна жүк тасымалдауға, жолау­шылар терминалынан саға­тына 500 адамға дейін өткізуге қабілетті.

«Бүгінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның бірыңғай тізіліміне 56 қатысушы тіркелген, оларда жалпы құны 800 млрд теңге­­ден асатын жобалар бар. «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты – арнайы экономикалық аймақ­тың негізгі нысандарының бірі. Бұл – Орталық Азиядағы аума­ғы 103 гектарға жуық жерді алып жатқан ең ірі құрғақ порт және теңіз логистикалық хаб­та­ры­ның айрықша баламасы. АЭА ау­ма­ғында инвесторлар үшін, сол қатарда шетелдік инвес­тор­лар үшін де жеңілдіктер мен артық­шылықтар, арнайы тарифтер қол­данылады. Қаты­сушы саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, аумақта халық­аралық жүк-жо­лау­­­шылар әуе­жа­­йы­ның ашылуы транзиттік әле­уетті одан әрі да­мы­туға оң ық­пал етеді», деді облыс әкімі Бей­біт Исабаев инвесторлармен кез­десуде.

«Skymax tehnologies» компаниялар тобы» ЖШС Бас директоры Ерік Шортанбаевтың айтуынша, үш кезеңнен тұратын жоба аясында халықаралық жүк-жолаушылар әуежайын салудан бөлек, қажетті инфра­құ­рылыммен қамту, өндірістік қуат­ты ұлғайту, қонақүй, сауда-ойын-сауық орталығын іске қосу көзделген. Осылайша, жоба 2032 жылы толығымен аяқталады. Бірақ әуежай 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Е.Шортанбаевтың айтуын­ша, жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде әуежайдың негізгі инфрақұрылымы салынады, ал екінші және үшін­ші кезеңдерде қосымша инфра­құры­лымдарды аяқтау, жолау­шы­лар терминалының өткізу қабілетін, жүк және отын қойма­ларының қуатын кеңейту қарас­ты­рылған. Сондай-ақ инвесторлар сауда, туристік қызмет, тамақ­тану және орналастыру қыз­мет­терінің кешенін кеңейтіп, дамы­туға ниетті. Атап өтсек, әуе лай­нер­леріне заманауи Jet a-1 отыны пайдаланылмақ.

Бейбіт Исабаевтың сөзінше, жобаны іске асыру үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі.

«Стратегиялық маңызды жобаның сәтті аяқталуы үшін сыртқы инфрақұрылымды жүр­гізу мәселесінде заң аясында қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздердің қандай міндеттеме алатындарыңызды, біздің тарапымыздан нақты қандай қол­дау керектігін, соның бәрін әр кезеңге егжей-тегжей нақты белгілеу керек», деді өңір басшысы. Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

Жетісу облысы