«Қазгидрометтің» Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Қымбат Мірғалымованың айтуына қарағанда, Есілдің Ақмола облысындағы Терісаққан, Жабай, Қалқұтан салаларынан күннің қызуымен өзенге құйылған судың әлегінен екінші толқын басталыпты. Қазір Есіл ағынының жылдамдығы – секундына 1 590 текше метр.
«Кейінгі кезде ішкі өзендердегі судың алғашқы көтерілуі басылған. Есілдің Петропавл қаласының түбіндегі ең биікке көтерілген нүктесі 1 340 см-ге жетіп тоқтағандай еді. Енді екінші толқын суды қайта көтеруі мүмкін», деді Қ.Мірғалымова.
Қазір облыстық ТЖД, ПД және жергілікті билік қызметкерлері волонтерлер және әскерилермен бірге Есіл бойындағы Петропавлдан төмен орналасқан ауылдардың халқын эвакуациялаумен айналысып жатыр. Бұл істе, әсіресе осы ауылдар аумағына кіретін Қызылжар ауданының басшылары аттан түспей, арпалысып жүр. Су бара қоймас деген Виноградовка, Пресновка, Налобино, Белое, Пеньково деген селоларда эвакуациялық бекеттер ашылды.
«Құжаттары мен бағалы заттарын ұмытып, су келіп қалғанда үйден қашып шыққан кейбір тұрғындарды үйлеріне қайықпен жеткізіп, бірінші кезекте қажетті дүниелерін алып келуді де ұйымдастырып жатырмыз», дейді Қызылжар ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанель Бейсенбаева.
Осы ауданның Долматов аулынан 25 отбасы ғана көшпей қалды. Олардың үйлерінің түбіне дейін су келгенімен, ішке кірген жоқ. Тұрғындар соған малданып, көшуден бас тартты. Ауылдың басқа 170 тұрғыны эвакуацияланды.
«Бұл ауылда барлығы 114 үй бар. Тұрғындардың саны 200-ден артық. 25 үй мен олардың тұрғындарынан басқасын түгел эвакуацияладық. Олардың 144-і туған-туыстарының үйіне кетті, 27-сі эвакуациялық орталыққа орналастырылды», дейді ТЖД-ның бас маманы Дәурен Таубаев.
Осындағы эвакуациялау жұмыстарына солтүстікқазақстандық жігіттермен бірге Түркістан облысынан келген құтқарушылар да қатысты. Петропавл қаласында барлығы 546 адамға шақталған 12 эвакуациялық орталық ұйымдастырылған. Оларда қазір жүзден артық бос орын бар. Мұнда жатқандар 3 мезгіл ыстық аспен қамтамасыз етілген. Медициналық, психологиялық көмектер де әзір.
«Қиын жағдайға душар болған жерлестерімізге қолдан келген барлық жағдайды жасап жатырмыз. Әйтеуір олардың тарапынан әзірге ешқандай арыз-шағым болған емес», дейді осындағы жұмыстарды ұйымдастырып жүрген қала әкімінің орынбасары Қалия Түренова.
Зардап шеккендерге осындай жергілікті көмектер беріліп жатқанда, қайырымдылық көмектер керуендері де толастамай, Қызылжарға ағылып жатыр. Кеше Астана қаласынан қайырымдылық көмек заттарын артқан екі бірдей ұшақ әуежайға қонды. Бұл жүктерді 400 кәсіпкердің басын біріктіретін «КІТ» атты бизнес қауымдастығы жіберген екен. Олар өздерінің серіктестері арасынан жиналған 300 млн теңгеге сатып алынған 30 тонна жүктің 10 тоннасын Петропавлға жіберіпті.
«Бұған дейін біз үш партия жүкті Орал мен Атырауға екі рет жіберген едік. Енді Петропавлға әкеліп отырмыз. Біз әлі де кәсіпкерлерден қаражат жинап, осындай көмектерді ұйымдастырамыз», деді «КІТ» өкілі Дәрежан Күшебин.
Азық-түлік, шаруашылық тауарлары, киімдер салынған бұл жүкті облыстық мәслихат пен «Республика» партиясы атынан Сергей Домаев қабылдап алып, волонтерлердің көмегімен таратуды өз мойнына алған. Осы күндері Петропавл тұрғындары таза ауызсуға мұқтаж болып отырғанын бұрын да жазғанбыз. Еске сала кететін болсақ, қалаға ауызсу айдайтын «Қызылжар су» кәсіпорнының сорғы стансасын мұзды тасқын бұзып кеткен еді. Бірақ облыс басшылығы рекордты қысқа мерзімде қала түбіндегі Пестрое көлінен 900 метрлік құбыр тартуды ұйымдастырып, оның суын жаңа сорғылармен «Қызылжар судың» су тазалағыштарына жеткізіп, қаланы техникалық сумен қамтамасыз етіп тұр. Алайда бұл суды ішуге болмайды. Сондықтан таза ауызсу 5 литрлік тетрапакеттермен аудандардан, көршілес қалалардан жеткізіліп жатыр. Кеше 18 тонна таза ауызсу тиеген жүк көлігі көршілес Ресейдің Омбы қаласындағы мұсылман бауырлардың ұйымдастыруымен жеткізілді. Оны «Қызылжар» орталық мешітінің қызметкерлері қабылдап, күні бойы тегін таратып, халықты риза қылды.
Павлодар, Ақмола, Көкшетау қалаларынан да қайырымдылық көмек келуімен бірге Бескөл аулын тасқыннан қорғайтын бөгетті құруға елуден аса жігіт келіп, қолұшын беріп жатыр. «Қазақтың «Ел басына күн туса, ат ауыздықпен су ішер, ер етігімен су кешер» деген сөзі бізді үйімізде қарап жатқызбады. Бауырларымызға Павлодар, Екібастұздан қырық жігіт келіп, міне, көмек беріп жатырмыз», дейді павлодарлық Махамбет Амангелді. Қалған жігіттер Көкшетау өңірінен жетіпті. Олардың басшысы Мерген Тоқсанбай да ел басына қиындық түсіп жатқанда, қарап жата алмағандарын айтты.
Көмекке келген әскерилерді, волонтерлерді, таңнан кешке дейін үй бетін көрмей жүрген ТЖД мен ПД қызметкерлерін тамақтандыруды қаланың тамақ өнімдерін өндіретін кәсіпкерлері де естен шығармай, қолынан келгенін жасап жатыр. Мәселен, Ирина Әубәкірова басқаратын университеттің асхана қызметкерлері де күнде бауырсақ, самса, бәліш пісіріп, жәрдемші жандарға жіберіп жатыр. Осы СҚУ-дың 4-корпусындағы 101-кабинетінде қайырымдылық заттары да қабылданып жатыр. Кейбір студенттер мен оқытушылар волонтерлермен бірге алыстан келетін қайырымдылық заттарын түсірісіп, бөлу жұмыстарына да көмектесіп жүр.
Қалаға бір кезде өте үлкен коммуналдық базар салынған еді. Бірақ оның көп орны халық келмегендіктен, пайдаланылмай бос жататын. Міне, осы базардың үлкен залдары мен сөрелері қазір Жастардың ресурс орталығына беріліп, онда қайырымдылықпен келген негізгі жүктер қораптарға бөлініп, тұрғындарға түнгі сағат 12-ге дейін таратылып жатыр.
«Біз келген адамның аты-жөні мен ЖСН-ын интернет арқылы базадан тауып алып, олардың су басқан ауданнан екенін анықтаған соң ғана қайырымдылық қорабын береміз. Кеше 921 адамға азық-түлік пакеті берілді. Бүгін таңғы 8-ден түнгі 00.00-ге дейін жұмыс істейміз», дейді «Жастардың ресурс орталығының» басшысы Дәмір Әбдин. Осындай орталық қалалық мәдениет үйінде де ұйымдастырылған.
Зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмектерін «Солтүстік» ӘКК АҚ да жасап жатыр. Олар қаланың екі ауданында халыққа картоп пен пиязды тегін таратты. Екі күннің ішінде 300 қаптан таратылған екен. Өткен демалыс күндері ӘКК осы азықтарды Жамбыл облысынан қабылдаған көрінеді.
Солтүстік Қазақстан облысы