Үкімет • 18 Сәуір, 2024

Салалық маңызды заңдар қабылданды

175 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошановтың төрағалығы­мен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде 16 заң жобасы талқыланды. Атап айтсақ, экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту, эндаумент-қорлар және олардың қызметі, масс-медиа, көпшіліктің мазасын алған мопедтер мәселесі талқыланып, ұсынылған заң жобалары қабылданды.

Салалық маңызды заңдар қабылданды

Бір-бірін толықтырып тұрған алғашқы екі мәселе бойынша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева баяндама жасады. Алғашқы заң жобасында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзу­шылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылса, екіншісінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеген заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде мәселе қаралды.

Аталған заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде қаулы жобасы қабылданды.

Ал бір-бірімен байланысты «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нысаналы капитал қорларының (эндаумент-қорлардың) қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнін­де Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ортақ баяндама жасап, Комитет заң жобасын жұмыс­қа қабылдауға және қорытынды әзірлеуге да­йын екенін мәлім етті.

Сондай-ақ А.Аймағамбетов масс-медиа мәселелері бойынша да заң жобасына енгізілетін өзгерістер жайлы хабарлама оқыды. Заң жобасын Үкімет әзірлегеніне және оның Мәжілісте қаралып жатқан «Масс-медиа туралы» заң жобасына ілеспе заң жобасы екеніне тоқталды.

– Заң жобасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 1-бабының 2-1-бөлігін іске асыру үшін әзірленді. Заң жобасы «бұқаралық ақпарат құралдары» деген анықтаманы «масс-медиа» деп өзгерте отырып, негізгі заң жобасына сәйкес келтіруге бағытталған, – деді комитет төрағасы.

Комитеттің бұл заң жобасын жұмысқа алу және ол бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі қаулыны отырысқа қатысып отырған 88 депутаттың барлығы жақтап дауыс берді.

Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев «Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде баяндаса, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде хабарлады. Аталған заң жобаларына қатысты шешімнің қаулысы қабылданды.

Ал еліміздің Әділет министрі Азамат Есқараев пен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ (қосымша баяндама) баяндаған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы, сондай-ақ «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифр­ландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы да бірінші оқылымда қабылданды.

Осыған ұқсас мәселе қаралған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифр­ландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева хабарлама жасап, ол Заң жо­басы мопедтердің қозғалысын реттеу жөнін­дегі жұмыстың жалғасы екенін атап өтті.

– Реттеу қажеттілігі жолдардағы мопед­тердің көбеюімен байланысты. Бүгінгі таң­да мопедтер көліктің ең қолжетімді түрлері­нің бірі болып отыр. Алайда оның санының артуы мопедтердің қатысуымен болатын апаттарды да көбейтті. Тек 2023 жылы 750 дерек тіркелсе, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп, – деді баяндамашы.

Осы тақырып төңірегінде қосымша баян­дама жасап, өзге де өзекті мәселелерді жіпке тізген Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов әріптестерінен заң жобасын бірінші оқылымда қолдауларын сұрады және депутаттардың бастамашы тобы аталған заң жобаларын екінші оқылымға шығару жөніндегі жұмысты жалғастыра беретінін айтты.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақты­қожа Ізмұхамбетов пен комитет төрағасы Айгүл Құспан «Қазақстан Республикасы­ның мемлекеттiк наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндады.

– Аталған заң жобасы мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруге бағытталған және ол арқылы «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаев есімдерін беру жөнінде өзгерістер мен толықтыру енгізілмек. Атап айтқанда, орденнің бірінші дәреже­сіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, екінші дәрежесіне – Бауыржан Момышұлының, үшінші дәрежесіне – Рахымжан Қошқарбаевтың есімі беріледі, – деді Б.Ізмұхамбетов.

Заң жобасы бірауыздан қабылданды және мақұлдануы үшін Сенаттың қарауына жіберілмек.

«Масс-медиа туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы екі заңының жобасы екінші оқылымда қабылданды. Ол жөнінде баяндаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжанов негізгі заң жобасында журналистердің мәртебесін арттыру, журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, журналистердің артықшылықтарын кеңейту үшін нақты ұсыныстар көзделгенін атап өтті.

– Заң жобасында жекелеген журналис­терге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылған. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, баспасөз картасы туралы норма жойылды.

«Бұл заң жобасы бірінші кезекте кәсіби журналистердің кедергісіз жұмыс істеуіне, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы мен ықпалдығын, тиімділігін арттыруға, ақпарат таратуда бәсекелестіктің дұрыс бағытта дамуына, жалпы қоғамдық-саяси өміріміздің тұрақтылығы мен мемлекеттік саясаттың ілгері жылжуына әсер ететіні даусыз», деген баяндамашы Ж.Әшімжанов енгізілген өзгерістерге жеке-жеке тоқталды. Олардың арасында журналистің кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеу, шетелдік теле-радио арналардың бағдарламаларын ретрансляциялауды 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарту, балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарын қаржылай грант тағайындау сынды өзекті мәселелер норма ретінде енгізілген.

Еліміздің медиа саласын реттейтін Заң жобалары дауысқа салынып, қабылданды. Осылайша Мәжіліс қоғамда ұзақ уақыт талқыланып келген Заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады.

Күн тәртібінде ғылым және технология, технологиялық саясат, сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жайлы маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңдардың да жобалары қызу талқылаудан кейін қабылданды.

Жалпы отырыстың депутаттық са­уал жолдау бөлімінде де өте көп мәселе көтерілді. Депутат Еділ Жаңбыршин еліміз­дегі жолаушы тасымалдаушы бірқатар компанияның іс-әрекетін сынға алды.

– Өңірлеріміздің басым бөлігін су басып, тұрғындар тілсіз апатпен күресіп, әбігерге түсіп жатса, кейбір әуе және теміржол компаниялары билет бағаларын шарықтатып жіберді. Ойлары – осындай күрделі сәтті пайдаланып, пайда тауып қалу. Жол қаты­насы бағасының қымбатшылығы және әуе, теміржол көліктерінің аздығы, тасқын су басқан облыстардан басқа өңірлерге тұрғындардың кетуіне қиындық туғызуда, – деген депутат бұл бассыздыққа тек Президент араласып, тасымалдаушы компанияларға қатаң ескерту жасағаннан кейін ғана баға біршама түскенін айтты.

Депутат Ринат Зайытов та елімізге үлкен сынақ болып келген тасқын судан зардап шеккен өңірлерге барып, елдің үнін тыңдап келгенін алға тартты.

– Тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. Жергілікті билік пен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерім Д.Тұрғанов, Б.Базарбек және Жылой аудандық мәслихатының депутаты С.Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бейжай қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады. Сондықтан Президент айтқандай, жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар жазалануға тиіс, – деді Р.Зайытов.

Сондай-ақ депутат мал-мүлкінен айырыл­ған тұрғындардың дүниесін түген­деп беру ісінде де нақты алгоритмнің жоқ­ты­ғын, халықтың әлі де комиссия жұ­мы­сынан хабардар еместігін айтып, осы мәселені шұғыл арада реттеу керек деді.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев те тасқын басталғалы елдің арасында болғанын, есеңгіреп қалған жұрттың талап-арызын Астанаға ала келгенін атап өтті.

– Қазақ «Алпыс күн тасыған су алты күнде қайтар» дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын әкетпейді. Қазір елі­міздің жартысы қызыл судың қақпа­нын­да қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдай осылай жалға­са­тын болса, жауапкершілік алудан қаша­тын, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажеттігін айтты. Шынымен, жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы, – деді Н.Аралбайұлы.

Мәжілістің жалпы отырысында өзге де халық қалаулылары Үкімет басшысына, министрліктерге депутаттық сауалдарын жолдады.