16 Маусым, 2010

ОЛҚЫЛЫҚҚА ОРЫН БЕРМЕЙІК

435 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­ми­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты 2010 жыл­ғы Қазақстан халқына Жол­дауында қойған міндеттерді іске асыру мақсатында Денсаулық сақ­тау министрлігі Қазақстан Рес­пуб­ликасының денсаулық сақтау саласын дамытудың “Саламатты Қа­зақстан” 2011-2015 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағ­дарламасының жобасын әзірледі. Премьер-Министр К.Мә­сімов­тің тапсырмасына сәйкес, аталған бағдарлама жобасы жұртшылықтың кең талқылауына ұсынылып отыр. Осыған байланысты мемлекетімнің азаматы ретінде мен де осы мәсе­леге байланысты өз пайымдауымды айтқым келді, себебі зейнеткер болсам да, бұл саланың тағдыры маған бәрібір емес. Біз, денсаулық сақтау сала­сының ардагерлері, көптеген ре­фор­малар мен өзгерістерді бастан өт­кіздік. Олардың барлығы ме­ди­ци­налық қызметтердің сапасын жақ­сартуға арналды. Кейбір пози­циялар бойынша белгілі жетіс­тіктерге де жеттік. Бірақ өмір әр­қашан өз түзетулерін енгізуде. Ойға алған көптеген жағдайлар өзінің өзек­тілігін жоғалтып, шешілмей қалды. Бұл бағдарлама басымды мем­лекеттік жобаларға жатады, оның мақсаты – азаматтардың ден­саулығын жақсартуға бағытталған денсаулық сақтау саласында жүйелі өзгерістер жүргізу болып табылады. Медицина саласының табанды және біріккен жұмысы арқасында туудың 1,5 есе өсуіне, сәби және ана өлім-жітімінің екі есеге қы­с­қар­уына қол жеткізілді. Өмір ұзақтығының орташа көрсеткіші артты. Барлық өңірлерде жүректің ишемиялық ауруы, артериалдық гипертония науқастарына шұғыл көмек көрсетудің халықаралық стандарты енгізілді. Кардио­хирур­гиялық және интервенциялық араласулардың барлық меди­ци­на­лық көмек түрлері кеңінен қол­данылуда. Денсаулық сақтау жү­йе­сін басқарудың тиімділігін арттыру үшін әлемнің дамыған елдері үлгісі бойынша денсаулық сақтау сала­сының бюджеттік моделінің үздік стандарттарын кезең-кезеңімен енгізу жүзеге асырылуда. Елімізде телемедицина дамып келеді десем, биылғы жылы дәрігер мен меди­циналық ұйымды еркін таңдауға бағытталған Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Әрине, бұл салада әлі күнге дейін шешілмеген мәселелер бар. Олардың кейбіреулері кідіртпей шешуді талап етеді. Мысалы, амор­ти­зацияны қоспаған тарифтерді құ­рас­тырудың объективті емес жүйесі, денсаулық сақтау мем­ле­кеттік ұйымдары дербестігінің тө­мен болуы, жас мамандар білік­ті­лі­гінің төмен болуы, ірі ста­цио­нар­лардың компьютерлік техникамен төмен жабдықталуы (60 төсекке 1 компьютер) жаңарту үдерісін айтарлықтай тежейді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың 1-кезеңінде осы мәселелерді шешу жүйені толығымен жақсартуды біршама тездетер еді. Бағдарлама жобасын қарап отырып, осы құжатта денсаулық сақтау саласының барлық тұстары қамтылғанына менің көзім жетті. Жетістіктер де, кемшіліктер де, оларды шешу жолдары да көр­се­тіл­ген. Айталық, “Денсаулық сақтау ұйымдары қызметінің тиімділігін арт­тыру” 4.2.3-тармағына көңіл аудар­ғым келеді, мұнда кеңінен мем­лекеттік-жеке әріптестікті қол­дану көрсетілген. Идеясы жақсы. Бірақ іске асыру бағыттарында объек­тілерді жекешелендіру, негізгі құралдарды (ғимараттар, жаб­дық­тар) жеке адамдарға беру ұсы­ныла­ды. Осы күнге дейін сонау кезеңдегі жалпы жекешелендірудің зардаптарынан әлі арыла алмай жүрміз. Бүгінгі таңда балабақ­ша­лар­ға деген сұранысты қанағат­тан­дыра алмай отырмыз. Қызылордада же­кешелендіру нәтижесінде қала­дағы жалғыз қалалық аурухананы жо­ғалтып алдық. Әзер дегенде қай­тарып алғанда, тек жалаң қабыр­ға­лар ғана қалған, коммуникациялық жүй­елер де болмады. Осындай мысалдарды біраз келтіруге болады. Ендеше, мұндай олқылықтарға жол бермеудің жолын іздестірген жөн. Тұтас алғанда, аталған жоба нақтылы, дәлелді және оқырманға қолжетімді екені байқалады дей оты­рып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа халықтың әл-ауқаты жөнінде тынымсыз қам­қор­лығы үшін алғысымды білдіргім келеді. С.Ыбыраев, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген дәрігері. ҚЫЗЫЛОРДА.