Сенат • 18 Сәуір, 2024

Ғылымға қойылатын талапты төмендетпеу керек - Мәулен Әшімбаев

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сенатта ғылым және білім беруді жетілдіруге арналған заң қаралғаны мәлім. Отырыс барысында Scopus базасына енетін халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялау туралы талап докторлық диссертация қорғауға кедергі келтіретіні жөнінде отандық ғалымдардың пікірі назарға алынды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки сол тұрғыда жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. Осыған байланысты Палата Төрағасы отандық ғалымдар үшін шетелдік басылымдарға материал жариялау оңай емес екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол жалпы ғылымға қойылатын талапты төмендетпеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ғылымға қойылатын талапты төмендетпеу керек - Мәулен Әшімбаев

Фото: senate.parlam.kz

«Ғылым жан-жақты зерттелген қадамды талап етеді. Сондықтан PhD-ді қорғауға арналған критерийлерді төмендетуге болмайды. Болон жүйесіне көшердің алдында мұндай олқылықтың болғанын білеміз. Сол кезеңде кандидаттар мен докторлардың көбейіп кеткенін және олардың қалай қорғалғанын көрдік. Сол себепті, ондайға қайта оралмау үшін PhD-ді өз деңгейінде ұстап отыруымыз қажет. Жеңіл жолмен қорғаған он PhD-ден гөрі бір-екі нағыз ғалымды тәрбиелеп шықсақ, елдің ғылымына да, экономикасына да көбірек үлес қосатынымыз анық. Сондықтан бұрынғы қателіктерімізден сабақ алып, оның қайталануына жол бермеуіміз керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері ғалымдарымыз шетелде де құрметке ие болуы керек екенін айтып, мұндай деңгей жоғары талаптан басталатынына назар аударды. Оның пайымынша, тиісті министрлік аталған бағыттағы жұмыстарды жан-жақты пысықтап, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра беруі керек.

Айта кетсек, бүгін Сенат отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қаралып, мақұлданды. Жаңа нормалар ғалымдардың әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға және ғылымда қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған.