Спорт • 19 Сәуір, 2024

Париж Олимпиадасының билеттері жаппай сатылымға шықты

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті спорттық іс-шараларға билеттердің жаппай сатылымы басталғанын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Париж Олимпиадасының билеттері жаппай сатылымға шықты

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитет атап өткендей, акция кеше, 17 сәуірде басталған. Ұйымдастырушылар билет сатып алып үлгермеген жанкүйерлерге сыйлық жасап, Олимпиаданың басталуына 100 күн қалуын атап өтуді жөн көрген.

Осыған дейін бірқатар спорт түрлерінде билет сатылымы тоқтатылған еді. Алайда өткен күннен бері қарай акция арқылы туристер мен жанкүйерлерге олимпиадалық жарыстарды көруге соңғы мүмкіндік беріліп отыр. Ол үшін барлық спорт түрлеріне, соның ішінде орындар толық сатылып кеткен жарыстарға 250 мың билет сатылымға шығарылған.

Билеттердің ең төменгі бағасы – 24 еуро. Ұйымдастырушылар мұндай билеттердің 20 мың данасын ұсынып отыр. Қалғандарының құны спорт түріне байланысты болады және шамамен 1000 еуроға дейін барады.

Оларды әлі де интернет арқылы тек ресми билет платформасынан сатып алуға болады. Қонақжайлық пакеттері де бар, онда билеттермен бірге тұрғын үй ұсынылады. Жанкүйерлер деңгейіне байланысты кез келген орналасатын жерді таңдай алады, әртүрлі экскурсиялар мен интерактивтерге жазылу мүмкіндігі де бар.

Мұндай пакеттерді сатып алғандар үшін Clubhouse24 қолжетімді болады. Бұл – Олимпиада өтетін орынның әртүрлі бөлігінде орналасқан 200 арнайы алаң. Жанкүйерлерге Франция тағамдарымен танысу, спортшылар мен әртістердің өнерін тамашалау, жарыстарды көру және т.б. ұсынылады.

Туристер Париж тынысымен танысуы үшін санаттар бойынша арнайы пакеттер жинағы дайындалған: тарих және мәдениет, тамақ пен шарап, сән және стиль, заманауи Париж, отбасылық, белсенді және сауықтыру демалысы.

Қонақжайлық пакеттерін On Location платформасы арқылы сатып алуға болады, ол үш-бес жұлдызды рейтингі бар бірқатар қонақүйлермен және топтармен жұмыс істейді. Оның ішінде ойындарды ұйымдастыру комитетінің серіктесі Accor да бар. Айта кетерлігі, жиынтыққа әуе билеттерінің құны кірмейді.

Олимпиада және Паралимпиада ойындарына билеттердің жалпы саны 13 миллионнан асады.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы Олимпиада ойындарында спорттың 32 спорт түрінен 329 медаль өз иесін табатын болады. Қазірге дейін Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарына 33 жолдама жеңіп алды. Төртжылдық доданың алауы 26 шілде күні тұтанып, 11 тамыз күні мәресіне жетеді.