06 Қаңтар, 2015

Кілемші

1104 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
_MGM7354 Кішкентай кезімізде әпкелеріміздің ауылда кілем тоқығанын талай көргенбіз. Көп қыздар қатар отырып алып, ағашқа керулі кілемді тоқпақтап жататын. Қазір енді заман да, сана да өзгерді. Бүгінде ешкім қолдан кілем тоқымайды және бір кездері қабырғаға ілетін кілемді бүгінде аяқтың астына төсейтін болдық. Бірақ, қандай заман өтсе де, кілем ешқашан сәннен, тұрмыстан қалған емес. Міне, Жуалы ауданының Қайрат ауылында тұратын ерлі-зайыпты Нұрғали мен Әзиманың кілем тоқуды қолға алуына осы мәселе түрткі болса керек. Әрине, бұл ана үйдің, мына үйдің қыздарын шақырып, асарлатып тоқып тастайтын ауылдың баяғы кілемі емес. Бұл отбасы қолға алған жұмыстың бас­ты ерекшелігі – шағын кілемге кез келген адамның бейнесін дәл түсіретіндігінде болса керек. Бір жағы табыс тауып, бір жағы ұлттық өнерді жаңғыртып, ұлықтап жүрген Нұрғали мен Әзима осы кәсібінің арқасында бірнеше ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Құдайға шүкір, дастарқаны дәмге, кең даласы әнге толы елімізде көптеген тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілуде. Одан бөлек жеке адамдардың қуаныштары қаншама... Содан болар жуалылық кілем тоқушылар қол қусырып, жұмыссыз отырған емес. Сұраныс көп. Жіп иіріп, адамның бет-бейнесін кілемге айнытпай салу да үлкен өнер. Оған да қабілет керек. Ендеше, осы іспен айналысып жатқан 8 келіншектің жұмысын жүйелеп, тоқылатын кілемдердің негізін салып, бас-көз болып жүрген Әзиманың еңбегін ерекше атап өтуге болады. – Әлі есімде, әкем Қуантай 25 жыл кеңшар жылқысын бақты. Сонда жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонған кезде анам киіз үйге ши тоқып іліп, алаша төсеп қоятын. Анамның қолынан шыққан ши мен алаша көздің жауын алардай әдемі болушы еді. Анамның осы ісмерлігі маған бұйырды. Ағайынды 10 ұл-қыздың ішінде мен ғана кілем тоқуды кәсіп еттім. 1979 жылы осы Жуалыға келін болып түскенімде кілем тоқитын арнайы фабрика болатын. Сонда жұмыс істедім. Бірақ 1996 жылы жабылып қалды да, жалақыма фабрикадағы 1 станокты сатып алдым. Сөйтіп, кілемді өзім үйде тоқи бастадым. Біртіндеп ісім өне келе қасыма 4 қызды көмекшілікке алдым. Алдымен оларға істің жөнін үйреттім. Кілем тоқуда әр жіпті теріп іліп, түсін дұрыс таңдай білу өте ұсақ шаруа болғандықтан, асқан шыдамдылықты талап етеді. Тек табиғатынан сабырлы адам болмаса көбісі шыдамайды. Өзім үйретіп, іске біраз төселіп қалған талай қыз-келіншектер түрлі себептермен бұл кәсіпті тастап кетіп қалды. Қазір 2 станогымыз бар, әрқайсысында 4 адам жұмыс істейді. Кілемге тоқылатын суретті, бейнені әуелі торкөз параққа сызып аламыз. Ондағы әр тордың сызығы кілемнің бір жібі ретінде есептеледі. Бұл істе Ғалия есімді суретші келіншек пен жолдасым Нұрғали көмектеседі, – дейді Әзима Байсейітова. Жуалылық кілем тоқушылар жұмыстарын жандандыру мақсатында еліміздің әр өңірінен арнайы өкілдер ұстап, сайттарында әр туындыларының суреттерін, өздері жайлы мәліметтерді, жаңалықтарын жариялап отырады. Бір кішігірім портрет кілемді 5-6 күн, ал, үлкен кілемдерді 15-20 күн тоқиды екен. Бүгінге дейін Төле би, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы секілді белгілі тұлғалардың бейнелерін, тіпті арнайы тапсырыспен Елбасының бейнесін де тоқыпты. Одан бөлек Тараздың – 2000, Түркістанның 1500 жылдығында, Семейде Абай Құнанбаевтың, Петропавлда Үкілі Ыбырайдың, Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың, Шымкентте Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойларына арналған еңбектері бар. Сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясы бұлардың кілемдерін ұнатып, шетелдіктерге естелік сый жасауға үнемі тапсырыс беріп келеді. Яғни, Әзима бастаған жуалылық келіншектердің қолынан шыққан кілемдер шетелге де жол тартты деген сөз. – Бұл кәсіпті заңды түрде 2003 жылы аштық. Расында да бұл тек кәсіп емес, ұлттық өнер ғой. Сол жылдары алғаш рет шымкенттік ағайындардан Шәмшінің 50 дана портретін жасауға үлкен тапсырыс алдық. Олар 1 айда аяқтауды өтінді. Күндіз жұмысшы келіншектер тоқыса, кешкісін үйлеріне қайтқан соң түнімен өзіміз 4 баламызбен жабыла тоқыдық. Сол жұмысымыз үшін 200 мың теңге алғанымыз әлі есімнен кетпейді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпес» деген, одан бері де қаншама үлкен тапсырыстар болғанымен алғашқы қомақты табысымыз, алғашқы сынақ, алғашқы қуаныш ешқашан ұмытылмайды екен. Дәулет, Диас, Нұрдәулет есімді үш ұл, Аида есімді бір қызды тәрбиелеп, өсірдік. Қызымызды құтты орнына қондырдық. Енді ибалы келін түсірудің қамында жүрміз. Арманым – осы кәсібімізді балаларымыз жалғастырса екен. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысымыз зор, отбасылық бизнеске зор қолдау көрсетуде. Осы мақсатқа берілетін грантқа қолымыз жетсе, көздеген жоспарымыз көп. Біз қазір Бішкектен мақтаның жіңішке жібін сатып алып, оның бірнеше талын біріктіріп, иіреміз. Егер грант алсақ, қойдың жүнін жуып, тазалап, өзіміз түтіп, иірер едік. Өзіміз бояп, өнімге қажетті шикізатты табиғи түрде әзірлесек, бәрі таза отандық өнім болар еді. Шығын да азаяды, жұмыс орны да көбейер еді – дейді Нұрғали Рахманқұлұлы. Әрине, кілемнен кіріс кіргізіп, табыс тауып отырған жуалылық кәсіпкердің тірлігімізді өрістетсек, дамытсақ деген ойлары қай жағынан алса да қолдауға тұрарлық. Өйткені, Нұрғали мен Әзима өз істерінің нағыз мамандары, осы кәсіптерін бес саусағындай біледі. Содан шығар сұраныс та көп. Ал, сұраныс болған жерде бизнестің де тасы өрге домалай беретіні тағы ақиқат. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы, Жуалы ауданы. Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.