Тобыл қаласының тұрғыны Николай Стешин көп жыл бойы Сарыкөл ауданының ауыл шаруашылығы саласында кәсіби ғалым-агроном болып қызмет еткен. Кейін осы ауданға қарасты «Маяк» кеңшарын, одан соң қазіргі Бейімбет Майлин ауданын басқарады. Еңбек ардагері қазір құрметті зейнет демалысында.
2017 жылы Николай Васильевич сал ауруына ұшырап, оң жақ денесі түгел қозғалмай жатып қалады. Ауыр сырқатқа, терең уайымға бой алдырғысы келмеген қажырлы зейнеткер осы кезеңнен бастап қылқалам ұстап, бейнелеу өнерін алданыш еткен. Оң қолы қозғалмай қалғандықтан сол қолымен сурет салып үйренеді. Содан бері жеті жыл бойы үзбей сурет салып, қылқаламнан жан тыныштығын тапқан әуесқой суретшінің бірталай туындысы бейнелеу өнеріне біртабан жақын қалың көрерменге жол тартып отыр. Автор өзінің «Қансонар», «Аңшы», «Қайыңдар», «Көкжалдар», «Аюмен бетпе-бет», «Қасқыр алу», «Жаңғалақ аңшы», «Ауыл», «Зират шетіндегі сәкі» атты туындыларына туған жердің әсем табиғатын, аңшылық өнері туралы өзі басынан кешірген, естіген, көрген оқиғаларды арқау еткен.
«Мен өткен өмірімді ой таразысынан өткізіп ойланып жатамын да, сол сәтте есіме түскен қызық бір оқиғаны кенеп бетіне түсіруге кірісемін. Менің туындыларым – жүрегімнен, жанымнан шыққан естеліктерім. Өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында тер төктім. Шынымды айтсам, ауыр дерт меңдегенге дейін өнерден алыстау жүрген адаммын. Аз-кем еңбегімді жоғары бағалап, облыс орталығындағы мәдениет ордасына орналастырып, көпшілікке көрсетіп жатқан музей қызметкерлерінің ыстық ілтипатына рахмет айтамын», дейді еңбек ардагері.
Көрменің ашылу рәсіміне қатысқан Георгий Соков, Николай Торшин, Сергей Луговой, Вадим Быков тәрізді кәсіби қылқалам шеберлері автор туындыларының тақырыптық аясы кең, көпқырлы екеніне тоқталып, жоғары баға берді.
Қостанай облысы