06 Қаңтар, 2015

Елбасы құрметі – ерлікке тағзым үлгісі

606 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
женис-70Қамқорлығына қашанда ризамыз Өкінішке қарай, соғыс ардагерлері уақыт өткен сайын азайып барады. Оның үстіне, қариялар егде жасқа келген кезде оларға әр күн қымбат. Мұндай сәтте ардагерлерге оқтын-оқтын көңіл бөліп отырғанның да еш артықтық етпейтіні ақиқат. Мен Жаңа жыл қарсаңында және Жаңа жылмен байланысты демалыс күндерінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ардагерлердің үйлеріне барып, құттықтау қарт жауынгерлерге қаншалықты қуаныш сыйлағанын жақсы түсінемін. Осындай кезде Президентіміз үшін, оның ардагерлерге қамқорлығы үшін бойыңды мақтаныш сезімі билейді. Мен соғыстан кейін, 1952 жылы тудым. Бірақ соғыс зардабының балалық шағыма кері әсер еткені айтпаса да түсінікті. Әкемнің бес бауыры соғыс өртінен өтті. Ортаншы бауыры Сталинградты қорғау кезінде қаза тапты. Бүгінде оның есімі Мамаев қорғанындағы гранит тақтаға қашап жазылған. Қалған төрт бауыры аман-есен елге біреуі полковник, біреуі лейтенант шенінде омыраулары орден медальдарға толып оралды.  Ал әкем белорус партизаны болыпты. Мен үшін әр ардагер – батыр. Оларға құрмет ешқашан солғын тартпауы тиіс. Біздің Президентіміздің бастамасы бүгінгі күні ардагерлер жылы қарым-қатынасқа қаншалықты зәру екенін көрсетіп қана қоймай, осы үдеріске жаңаша серпін берді. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің әрбір Жолдауында адамды Қазақстанның ең үлкен байлығы ретінде қарастыру қажет екенін айтады. Міне, сол байлықты сақтай білу де бүгінгі күн міндеттерінің бірі болса керек. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыұлттық акция бізге ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін қаперге тағы бір мәрте салып беріп отыр. Олар: аға ұрпаққа құрметпен қарау, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм мен тағаттылық рухында тәрбиелеуге ұмтылу. Біз жарқын болашаққа тек осындай қадамдар арқылы ғана жете аламыз. Юсуп ШАХШАЕВ,  «Дағыстан» этномәдени бірлестігінің төрағасы. Маңғыстау облысы. 

 Рахметтен басқа айтарымыз жоқ

Жаңа жыл қарсаңында бүкіл кең-байтақ Отанымыз бойынша ТМД елдерінде баламасы жоқ жалпыұлттық акция болып өтті. Бұл ардагерлерге құрмет көрсету акциясының бастамашысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Президенттің осы үлкен бастамасын жан-жақты қолдаймыз. Мұндай кең ауқымды шараны бүкіл Қазақстан халқы қолдап қана қоймай, оған белсене қатысады ғой деп ойлаймын. Қысқасы, біздің майдангерлеріміз бен тыл еңбеккерлеріне басымызды иеміз. Бүгінгі сый-сияпат ардагерлердің бейбіт өмір, балаларымыз бен немерелеріміздің бақыты мен жарқын болашағы, ортақ Отанымыз аспанының ашық болуы үшін жасаған ерліктеріне көрсетілер құрметтің бір бөлшегі ғана. Қарт жауынгерлердің арқасында, жеңіс үшін бар күш-жігерлерін аямаған батырларымыздың ерліктерінің арқасында біз болашаққа жоспарлар құрып, ертеңгі күніміз туралы еркін ойлай аламыз. Соғысты кітаптан оқып, кинолардан көрген біздер үшін ұлы Жеңіс ортақ зұлматқа қарсы күш біріктірген барша халықтың ерлігінің нышанына айналды десек, қателеспейтініміз анық. Енді бүгінгі бейбіт өмірді көзіміздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымдылық арқылы бірлікке» ұранымен шараларды тұрақты өткізіп тұрады. Бұл шара аясында мүгедектер мен мүгедек балаларға қолдау, көмек көрсетіледі. Ардагерлерді Елбасының атынан құттықтауға да біз осы кемтар жандармен бірге бардық. Өйткені, біз – біртұтаспыз. Қысқасы, біз қайырымдылық шараларында да, табыстарымыз бен жеңістерімізде де біргеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі таңда ел халқы бірлігінің нышанына айналып үлгерді. Ұлттық, діни ұстанымымызға, жасымызға қарамастан, біз біргеміз. Шавкат ИСМАИЛОВ, қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. АСТАНА.

 Ортақ тарихымыздың ерлік беттері

Мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдау туралы жалпыұлттық бастамасын үлкен толқыныспен қабыл алдым. Біздің Президентіміз өзінің халыққа барлық Жолдауларында әрқашан Ұлы Отан соғысының ардагерлерін тұрақты қамқорлыққа алуға шақырып келеді. Оның үстіне, құрметтің тек 9 мамыр – Жеңіс күні кезінде ғана көрсетілмеуін әркез айтады. Мені еліміздегі 5115 ардагердің әрқайсысы Президенттің атынан сый-сияпат алып, құттықтау еститіні қатты қуантты. Шынайы көңілден шыққан ризашылық сөздері мен ізгі тілектер кім-кімнің де көңілін өсіретіні сөзсіз емес пе?! Және де мұны қарт жауынгерлердің туған Отаны мен болашақ ұрпағын қорғаудағы ерен ерліктеріне зор ризашылық деп қабылдаған да жөн. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – біздің ортақ тарихымыздағы ерліктің ерен үлгісі. Біз Ұлы Отан соғысы кезіндегі барлық тарихи шындықты сақтай білуге тиіспіз. Ұлы Отан соғысы уақытында халықтар Отанға деген сүйіспеншілік қатыгез жаудың қаһарынан да күштірек екенін дәлелдеп берді. Бұл – халық еркіндікке тек бірлік, өзара түсіністік және қайғы-қасіретке мойымау арқылы ғана жете алатынын көрсететін жайт. Жалпыұлттық акция арқасында біз көпэтносты, көпконфессиялы халық күшінің ерекше екенін айқын сезіндік. Сондықтан біз әкелеріміз бен аталарымыздың ерліктеріне лайықты болуларымыз керек. Қорыта айтқанда, біз аға ұрпақтың үмітін ақтауға, яғни барлық қиындықтарды, өткелектерді жеңіп, балаларымызға өсіп-өркендеген, азат, қуатты мемлекет қалдыруға міндеттіміз. Елена КИМ, корей этномәдени бірлестігінің төрайымы. Қызылорда облысы.

 Бұл – теңдессіз акция

Адам жанының терең білгірі, шыншыл жазушы Виктор Гюго бірде біздің бүгінгі күніміз қандай болса да, ертеңгі күніміз – бұл бейбітшілік деген болатын. Бір қарағанда, осынау қарапайым ұстанымда үлкен күш жатыр. Бұл күш бүгінде біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен үйреніп жатқан ерік-жігер мен үміттің күші. Нақ солар біз үшін ертеңгі бейбіт өмірді, бақытты бүгінгі күнді жасап берді. Ерлік үшін, олардың әрқайсысының көзсіз ерлігі үшін біздер олардың алдында қарыздармыз. Біздің белорус этномәдени бірлестігі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне әркез қолдау көрсетіп отырады. Бұл – материалдық көмек және Жеңіс күнін, Конституция күнін, Тәуелсіздік күнін бірлесе мерекелеу және Жаңа жылды бірлесіп қарсы алу. Бұл жұмысқа біздің этностың мүшесі, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші Максим Федорович Артемук үлкен үлес қосып келеді. Оған осы ізгілікті істері үшін зор рахмет. Біздің этнос осы қажетті де маңызды жұмысты әрі қарай да жалғастыра беретін болады. Қазіргі кезде ардагерлер аса көп қалған жоқ. Ал олар соғыстың қаншалықты кесепатты екенін өз көздерімен көрген куәгерлер болып табылады. Олар жеңіске барар жолдағы әрбір шақырымды, осы әрбір шақырымдар үшін төгілген қанды жақсы біледі. Олардың ерліктерін қандай да бір сандармен немесе сөздермен есептеп шығара алмайсың. Біздер, белорустар мұны ешқашан есімізден шығарған емеспіз. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында жүзеге асырылған бұл акцияның ТМД елдерінде баламасы жоқ. Осының өзі-ақ ардагерлердің қашанда қамқорлық құшағында екенін көрсетсе керек. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерен ерліктері ешқашан өшпейді, мәңгілік жасай береді! Соғыс аяқталғалы – 70 жыл. Оның зардабы да ескіріп бара жатқандай. Бірақ оның жүрек ауыртар жарасы толық жазылған жоқ. Леонид ШЕВЧЕНКО, белорус этномәдени бірлестігінің төрағасы.   Қостанай облысы.