*Қазақ хандығының 550 жылдығы
...одан соң інілер қаған болды
Қазақ мемлекетінің бұдан кейінгі төрт ғасырлық шежіресінде халқымыздың қасиетін арттырып, іргелі елдігін өрістетуге ұйытқы болған ірі тарихи тұлғаларымыз: Қасым хан, Хақ-Назар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, көкжал Кенесары хан газетіміздің алдыңғы нөмірінде сөз еткен Әз-Жәнібек ханның тікелей ұрпақтары болып келеді.
Атамекенінде азаттық туын көтеріп, дербес іргелі хандық құрған қазақ халқының талайым тағдыр алға тартқан тар жол, тайғақ кешулері осымен тәмам бола қалған жоқ. Тәуелсіз жас мемлекеттің бітіспес қас дұшпанына айналып, кек қуған Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбанимен жұлқыласқан соғыс отыз жылдан астам уақытқа созылды. Бұл қанкешу шайқастар
Керей ханның ұлы Бұрындық ханның (1480-1511) тұсында аса шиеленіскен сипат алды.
Әз-Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының билігі Керей ханның ұлы Бұрындықтың иелігіне көшеді. Бұл – 1480 жылдың шамасы болатын. Кешегі Көк Орда ұлысында, Дешті Қыпшақ даласында азаттық күресін бастап, Тәуелсіздік туын тіккен Қазақ хандығы осы ширек ғасыр уақытта төрт тағанына нық тұрып, төңірегіндегі елдерді санасуға мәжбүр еткен іргелі мемлекет ретінде қалыптасып алды. Ақылына іскерлігі сай Әз-Жәнібек өзі дара хандық құрған жеті жыл ішінде мемлекеттің құрылымын, басқару және заңдық жүйесін, әскери тәртібін жасап, берік орнықтырып кетті.
Қазақ хандығының алғашқы басқару жүйесінен кейінгі кезеңдеріне дейін жалғасқан озық үрдіс алғаш осы Әз-Жәнібек қалдырған заңдарда нақты көрініс тапса керек. Оның ішінде ерекше көңіл аударарлығы – хандық биліктің әкеден балаға емес, ағадан ініге көшуі. Ол – ағайын арасындағы алауыздықты болдырмай, туыстықты берік жалғастыруға, інінің ағаны, кішінің үлкенді құрмет тұтуына негізделген ұлттық дәстүрді нығайтуға бағытталған көрегендік саясат еді. Ол – сонау Түрік қағанаты кезеңінен ұлттық қанымызға сіңген ізгілікті үрдістің лайықты жалғасы болатын. Оған көнедегі VIII ғасырдан бізге жеткен Білге-қаған ескерткішіндегі «Әуелі әкелер қаған болды, одан соң інілері қаған болды, содан кейін балалары қаған болды» деген қасиетті шежіре жазулары айқын дәлел.
Төрт ғасыр бойы дәуірлеген Қазақ хандығының алғашқы «алтын ғасыры» тарихында осы бір ұлағатты үрдісті барынша бұлжытпай ұстауға күш салынғаны анық байқалады. Әз-Жәнібектің өзінен туған Махмұт, Еренші, Әдік, Қасым, Жаныш, Таныш сияқты ел ішінде естілігімен де, ерлігімен де аттары шыққан, өңкей сырттан тоғыз ұлы бола тұра, хан тағының аға баласы – Керейдің ұлы Бұрындыққа берілуінен де осы бабалар дәстүрін жаңа мемлекеттің заңдарында орнықтырып, ұрпаққа ұлағат етіп қалдыру мақсатынан туған ізгілікті үрдістің нақты жалғасын көреміз. Данагөй әкенің парасатты өнегесіне сөзсіз бағынған тоғыз сұлтан ата дәстүрін берік орнықтырып, қазақ елінің мерейін асырды. Олардың ешқайсысы Бұрындық ханның алдында тексіздік танытпады. Тіпті, сол кездің өзінде айбары асқан, «тақсыз хан» атанған Қасым сұлтанның өзі де Бұрындық ханға қарсы келмеді. Осы ұлағаты зор озық дәстүрді сол заманның тарихшылары да: «Бір кезде өз әкесі Жәнібек Керей ханның билігіне бас ұрғаны сияқты, Қасым да Бұрындық ханды ұлық тұтты», – деп ерекше мән бере жазған.
Бұрындық хан билік құрған кезеңде Қазақ хандығы ата жауларының үздіксіз жүргізген басқыншылық соғыстарына күйрете соққы бере отырып, ел іргесін де кеңейте түсті. Қазақ хандығы Көк орданың байырғы астанасы Сығанақ қаласымен бірге Сырдарияның жағасындағы стратегиялық маңызы зор Созақ, Сауран, Аркөк, Үзкент, Аққорған сияқты қалалары мен шұрайлы аймақтарын өзіне қаратты. Сонымен бірге, қасиетті Түркістан, атақты Сайрам, ежелгі Отырар қалалары дұшпандардың көз құртын жеген қазақ мемлекетінің иелігі еді.
Сырдария бойындағы бай қалаларды жаулап алу жолында бітіспес қанды шайқастар жүргізген Қазақ Ордасының қас жауы – Мұхаммед Шайбани болды. Сол сияқты Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан хан мен Моғолстан билеушісі Жүніс хан да қазақтардың стратегиялық маңызы зор бай қалаларын өздеріне қаратып алуды көкседі. Мұхаммед Шайбани Сырдың бойындағы қалаларды басып алу және атасы Әбілхайырдың Дешті Қыпшақта құлаған үстемдігін қайта орнату үшін қазақтармен 30 жыл үздіксіз соғысты. Бұл соғыстарда ол бірде Әмір Темір әулеттеріне, бірде Ноғай одағына, бірде Моғолстан хандарына иек артты. Шайбани хан өзінің осы пиғылын қайткен күнде жүзеге асыру үшін Қазақ еліне төрт рет жойқын басқыншылық жорық жасады.
1509 жылы Мұхаммед Шайбани мұздай қаруланған 100 мың әскермен қаңтардың қақаған қысында Сырдарияның мұзынан өтіп, Әз-Жәнібектің ұлы Жаныш сұлтанның ұлысына шабуыл жасады. Қамсыз жатқан бейбіт елді қырып-жойып, Аркөк, Үзкент, Түркістан (Ясы) қалаларын басып алып, Жаныш сұлтанның қыстаулары Қарабдалға жетеді. Тосын жауға қарсы Жаныш сұлтан бүкіл ұлысын көтереді. Сол кезде Жаныш сұлтан ұлысында барлығы 100 мыңдай халық бар екен, содан 30 мыңдай азамат атқа қонып, қанқұйлы жауға қарсы тұрыпты.
Күш тең емес еді. Бірақ Жаныш сұлтан бастаған қазақ әскері басқыншылармен шайқаста туған жердің әрбір қаласы мен қырат-қырқасы үшін бастарын бәйгеге тікті. Өздерінен үш-төрт есе көп жаумен жанталаса арпалысқан Жаныш сарбаздары Шайбани қосындарының қатарын селдіретіп-ақ тастады. Бірақ кенеттен соқтыққан көп жау дегенін жасады. Ұзақ қантөгіс шайқастан кейін қазақ әскері түгелдей майдан даласында қаза тапты. Жаныш сұлтанның жаужүрек баласы Ахмет те осы соғыста мерт болды.
Мұхаммед Шайбанидің жартылай қансыраған ызалы әскері бейбіт жатқан қазақ халқын қырып-жойып, мыңдаған бала-шағасын құлдыққа, қыз-келіншектерін күңдікке алды. Жау қолына түскен мал-мүлік те қисапсыз еді. Шайбани әскерінің құрамында болған, кейіннен “Михманнама и-Бұхара” атты аса құнды тарихи еңбек жазған тарихшы Фазлаллах ибн Рузбеханның айтуы бойынша, қазақтардың бала-шағалары мен жүктерін артып, көшіп жүре беретін “жылжымалы үйлерінің” (арба үстіне тігілген кигіз үйлі күймелер) өзінен он мыңнан астам үй олжа болған. Үйір-үйір жылқы, табын-табын түйе мен қой қолды болған.
Жеңіске желігіп, оңай олжаға құныққан Мұхаммед Шайбани Қазақ хандығын біржолата талқандап, ата кегін қайтару үшін 1510 жылы тағы қыс айында өзінің соңғы, төртінші жойқын жорығына шықты. Бұл жолы да Сырдарияны көктей өтіп, бейбіт қазақ қалалары мен ауылдарын қырып-жойып, әскерінің негізгі бөлігін Сарыарқаға аттандырады. Жаудың бір жыл бұрынғы басқыншылық жорығынан сабақ алған қазақ жұрты қамсыз емес еді. Жаужүрек қолбасшы Қасым сұлтан «жау қосындары қай қиырдан, қай мезгілде тиіседі» дегендей әскерін томаға-тұйық ұстап, Ұлытаудағы ордасында жатқан болатын. «Аттан!» деген алғашқы жаушы хабарынан кейін-ақ Мойынсыз Қасен батыр бастаған әскерінің алғашқы легін жауға қарсы аттандырады.
Жаужүрек баһадүр Мойынсыз Қасен жау қосындарын Кішітау маңында қарсы алады. Қазақ сарбаздары Мұхаммед Шайбанидің баласы Темір мен немересі Ұбайдолла сұлтандар бастаған басқыншылардың тас-талқанын шығарды. Үрейленген жауды түре қуып, көп шығынға ұшыратты. Әскердің қалдығы Сыр бойындағы Көк Кесене бекінісінде жатқан Шайбани қосындарына келіп қосылады. Шайбани әскерінің басын құрап үлгергенше қазақтардың негізгі жасағын бастап, Қасым сұлтан басқыншыларды қоршауға алады. Кескілескен шайқас ұзаққа созылды. Туған жерін қанға бөктірген жауға деген кек жігерлендірген қазақ сарбаздары Шайбанидің есін жиғызбады. Оңай олжа қуып келген он мыңдаған басқыншылар жер жастанды. Бар әскерінен айрылған Мұхаммед Шайбанидің өзі бас сауғалап, зорға қашып құтылады (Мұхаммед Хайдар Дулати, «Тарих-и-Рашиди»).
Отыз жыл бойы қазақ даласына дүркін-дүркін соғыс ашып, бейбіт елдің берекесін қашырған Мұхаммед Шайбанидің сағы мүлде сынды. Кір жуып, кіндік кескен атамекендерін ешбір жауға таптатпайтындықтарын іс жүзінде дәлелдеген қазақ халқының қайсарлығын ата жау да еріксіз мойындады. Ғұлама тарихшы Фазлаллах ибн Рузбехан: «Бұл қазақтар – өздерінің қайтпас ерлігімен де, қуат-күшімен де бүкіл әлемге танылған халық. Егер қазақтар рулы елімен бас құрап, ту көтеріп, уақытында шеп түзей алса, ешбір жауға алдырмайды», деп сүйсіне жазды.
Сол кездің тарихшылары орта ғасырлық ірі мемлекеттің іргетасын қалаған, Әбілхайыр әулетінің құлдыраған беделін қайта көтерген білікті хан, бүкіл өмірін жаугершілікпен өткізген дарынды қолбасшы деп бағалаған Мұхаммед Шайбанидің қазақтармен соғыста шын сағы сынып, бағы тайды. Бұрынғы күшінен де, беделінен де айырылып, қайта оңала алмады.
Қазақ еліне жасаған осы соңғы жорығынан соң шамалы уақыт өткеннен кейін бұрынғы ұлы қосындарының қалған-құтқанымен еліне тиіскен Иран әскерлерімен қарсы соғыста қоршауға түсті. Исмаил шахтың әскерлері Шайбани қосындарын түгелдей дерлік қырып жіберді. Мұхаммед Шайбанидің өзі осы соғыста Мерв қаласының түбінде қаза тапты. Мұхаммед Шайбани өлген соң, оның ұрпақтары билікке таласып, өзара абыройсыз қырқысқа түсті. Бұдан былайғы ширек ғасырға тақау уақытта Орта Азия тақ таласы үшін болған қанкешу соғыстың орталығына айналды.
Отыз жылға созылған басқыншылық соғысқа қарсы тұрып, Орта Азия әміршісі Мұхаммед Шайбаниді біржолата талқандағаннан кейін Қазақ хандығының мерейі өсіп, атақ-даңқы төрткүл дүниеге тегіс тарады. Сыр бойының қос жағалауына қоныс тепкен қалалардың барлығы Қазақ ордасына қарап, бейбіт өмір қалыптасты. Қазақтың жеңімпаз әскерінің бас қолбасшысы Қасым сұлтанның атағы бір жағы Мәскеу княздігіне, бір жағы Иран мен Үндістанға жетті. Өзара жауласқан Орта Азия билеушілерінің арасындағы бітіспес кикілжіңді Қасым тиімді пайдаланып, қазақ елінің шырқын бұзатындай бұл жақтан ешқандай қауіптің болмауына қол жеткізді. Қазақ хандығының іргесі нығайып, халқы бейбіт тіршіліктің берекесін көрді.
Бұрындық хан Қазақ ордасының ішінде ешқандай алауыздық болдырмады. Ол Әз-Жәнібек ханның ұлағатын жалғастырушы Қасым сұлтан бастаған жаужүрек туыстарының көмегіне сүйене отырып, елінің босағасы бекіп, берекесі артуына тиімді жағдай жасай білді. Әз-Жәнібек қалдырған іргелі хандықтың күш-қуатын одан әрі арттырып, нығайта түсті. Ата кегін қуған Мұхаммед Шайбанидің отыз жылдық басқыншылық соғысына төтеп беріп, бітіспес жауды тізе бүктірді.
Отыз жыл билік құрған Бұрындық хан бар өмірін елінің тәуелсіздігін сақтап, бірлігін берік қылу жолында бел шешпей, ат үстінде өткерді. Ол аталары мирас етіп қалдырған қасиетті таққа да, қазақ елінің қолы жеткен азаттыққа да қылау түсірген жоқ. Ежелден еркіндік аңсаған халқымыздың тарихында Қазақ мемлекетінің іргесін шайқалтпай, жан-жақтан көз алартқан басқыншыларға таба қылмай, тәуелсіздік мұратын биік ұстап, ел бірлігін сақтай білген Бұрындық ханның алар орны ерекше. Төрт ғасыр дәуірлеген Қазақ хандығының ұлы билеушілерінің бірі – Бұрындық ханның есімі тарихшылар еңбегінде лайықты бағасын алуға тиіс.
Кемеңгер әмірші
Қасым сұлтанның атақ-даңқы ел арасында шарықтай көтеріліп, оның беделінің алыс-жақын елдерге де кеңінен танылғанын Бұрындық хан дер кезінде көре білді. Ол аға баласының мерейі өскендігіне іштарлық көрсетпеді. Бұрындық хан аталары мұраға қалдырған туыстар арасындағы татулықтың одан әрі салтанат құруын ойлады. Қасым сұлтанның ел басқарудағы қасиеттерін танып, өз мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қойды. Сондықтан да парасаты биік Бұрындық хан тақтан өз еркімен бас тартып, аталардан қалған қасиетті үрдіспен Әз-Жәнібектің баласы Қасым сұлтанға жол берді. Бұрындық құдай жолын қуып, шамалы нөкерлерімен Мәуеренахр жеріне қоныс аударды.
Ата салтымен
Қасым сұлтан ақ кигізге қондырылып, хан көтерілді. Қазақ халқының қасиетті шежіресінде «Қасым ханның қасқа жолы» деген атауға ие болған Қазақ ордасының нығайып, дәуірлеу кезеңі басталды. Үндістандағы Ұлы Моғол империясының негізін қалаған ұлы билеуші, ғұлама Бабыр өзінің атақты «Бабырнама» атты кітабында: «Қазақ халқының бұрын-соңғы хан, сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның үш жүз мың әскері бар еді», – деп жазды.
XV ғасырдың соңы мен XVІ ғасырдың алғашқы он жылдығында Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы ерекше нығайып, әскери күш-қуаты барынша артты. Қазақ мемлекетінің атағы төрткүл дүниеге түгел тарап, сол кезеңдердегі барлық империяларды өзімен санасуға мәжбүр етті. Моңғол шапқыншылығынан кейінгі заманда қазақ рулары мен тайпалары берік этностық негізі қалыптасқан біртұтас халық ретінде тұңғыш рет бір мемлекеттің туы астында топтасты. Қазақ мемлекетінің бірлігі бекіп, іргесінің нығаюына Қасым ханның сіңірген тарихи еңбегі өлшеусіз.
Заманының заңғар перзенті, озық ойлы мемлекет қайраткері, дара тұлға Қасым ханның есімі содан бергі дәуірлерде халық жадында мәңгі жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат тұтар ұлылығымен паш етіліп келеді. Орта ғасыр шежіресін жасаған тарихшылар мен ғұлама ғалымдардың қай-қайсысы болмасын осы бір ұлы тұлға туралы шығармаларында пікір айтпай кеткені жоқ. Атап айтқанда, Әлкей Марғұлан өзінің еңбектерінде XV-XVІ ғасырларда өмір сүрген бірқатар тарихшы-ғұламалардың Қасым хақында айтқан пікірлерін, осы тарихи тұлғаға замандастары берген бағаларын жан-жақты атап көрсеткен.
Мәселен, «Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде, Жошы ханнан соңғы дәуірлерде Қасым ханға жететін құдіретті әмірші болған емес деп бағаласа, Ғафаридің айтуынша, Қасым хан Дешті Қыпшақтың ең ұлы білімпазы, Хайдар Разидің пікірінше, Жошы ұлысында Қасым ханның тәртібіндей ұлы бірлік жасау бұрын-соңды болмаған еді» (Ә.Марғұлан, «Таңбалы тас жазуы», «Жұлдыз». №1, 1988). Ал ғұлама ғалым Хантемір (Хондемир) өзінің «Хабиб ассиир» атты еңбегінде: «Қасым хан өзінің ұлы кемеңгерлік және жойқын ерлігімен Дешті Қыпшақты билеушілер арасында бәрінен де ерекше болды. Оның қасына ерген билері де, ел басқарушылар да өзіндей білгір, әскері де орасан көп еді. Оларды басқарушы – Мойынсыз Қасен, бәрі соның айтқанын екі етпейтін. Қасым ханның жойқын күшінен жеңілген Шайбани хан енді Сыр бойына бара алмай шаршап, Хорасанға келіп, сол жерде сафавиттер қолынан өлді» деп жазған екен. Тарихшы Қадырғали Жалаиридің еңбектерінде де Қасым хан туралы деректер мол.
Сонымен, Қасым хан Қазақ хандығының негізін қалаған қасиетті Әз-Жәнібектің бел баласы. Анасы – Жаған-бегім (Шахан-бикем). Болашақ ұлы хан 1445 жыл шамасында дүниеге келген. Есейген шағында дербес Қазақ Ордасының құрылуын көзімен көріп, атқа қонған азамат кезінде елінің тәуелсіздігін сақтап қалу жолындағы қанды шайқастарға қатысып, еркіндік үшін болған күрестерде шынығады. Ел еркіндігін, халық бірлігін ту етіп көтерген қасиетті әке ұлағаты, атамекенді жауға таптатпау жолындағы аға ұрпақ күресі Қасым сұлтанның ерекше тұрпаттағы қайраткер ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Қазақ хандығының төртінші әміршісі – Қасым хан ұлыстың тыныштығын, мемлекетінің ежелгі Көк Орда аумағында біржола бекіп, іргеленуін барлық билік саясатының тұғырнамасына айналдырды. Қасым ханның туы астында мұздай қаруланған жер қайысқан әскері бола тұра (оның әскері үш жүз мыңнан асты «Бабырнама»), жаңа жерлер жаулап алу үшін басқыншылық соғыстар жасамай, барлық күш-қуатын елінің тыныштығын қорғауға, мемлекетінің тұтастығын нығайтуға арнады. Кемеңгер Қасым осы халықтың көкейкесті мұраты жолында Орта Азия мемлекеттерімен көршілік татулық орнатып, ат тұяғы жетер жердегі іргелі елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасады.
Заманының шебер дипломаты Қасым хан алғашында Моғолстан мемлекетімен достық одақ орнатып, Шайбанилардың Жетісуға төндірген қаупіне тосқауыл қойды. Ойрат-жоңғар билеушісі Амасанжының Моғолстанға жасаған шабуылдарына қарсы күресті, Ноғай одағы, Сібір хандықтарымен одақтаса отырып, Әбілхайыр ханның мұрагерлерін тізе бүктірді. Қазақ ордасының бітіспес ата жауы – Мұхаммед Шайбаниді талқандағаннан кейінгі кезеңде Қасым хан мемлекетінің төңірегіндегі елдермен түгел тату, бейбіт жағдайда болды. Ірге көтергеннен бергі елу жыл ішінде үнемі басқыншыларға қарсы соғыс жүргізген қазақ халқы үшін бұл таптырмас тиімді саясат еді.
Жылқыбай Жағыпарұлы,
«Егемен Қазақстан».
(Жалғасы бар).