16 Маусым, 2010

“Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылаймыз

786 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

САЛАМАТТЫЛЫҚ – ҰЗАҚ ҒҰМЫР КЕПІЛІ

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменовпен әңгіме

Ақжайық өңірінде соңғы екі-үш жылда денсаулық сақтау саласында қол жеткен табыстар айтар­лық­тай. Осы уақыттың аралығында аймаққа әлемдік стандарттар деңгейіне сай келетін жаңа медициналық технологиялар батыл енгізілді. Мұнда денсаулық сақтау мекемелерінің мате­риал­дық-техникалық базасы жақсарып, кадрлар қатары толықтырылды. Сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында атқарылған шаралар тереңдей түсті. Ең бастысы, салада осындай жүйелі, іркіліссіз істердің бәрі Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасына сай атқарылуда. Аталған құжатта бұған дейін қол жеткен нәтижелер мен орайын таба алмаған істерге терең таңдаулар жасалды. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалардың жай-күйі мен ахуалына жан-жақты сараптамалар жүргізілді. Соның нәти­жесінде мұнда бүгінгі күні басты көрсеткіштер бо­йынша оң үрдістер байқалып отыр. Әрине, қол жеткен табыстар ешқайда қашпайды. Сала басшысы Қ.Ирменов те оны тізбелей бермей, алда тұрған міндеттерге көбірек ойысқан. –Қамидолла Мүтиғоллаұлы, Елбасының биылғы Жолдауында халық денсаулығы Қазақстанның страте­гия­лық мақсаттарға жетудегі табыс­тарының ажырамас бір бөлігі екендігі атап көрсетілді. Осы ұғым мен осы бір ауыз тіркеске терең бойлай түскенде нені түйсінер едіңіз? Сіз­дің ойыңызша, халық денсау­лы­ғын сақтау мен жақсартуда басты қағида қандай? – Халық денсаулығы дегеніміз – өте кең ұғым. Елбасы Жол­да­уын­да атап көрсетілгендей, рес­пуб­лика азаматтарының денсаулығын жақ­сар­ту арқылы елімізде тұрақты әлеу­меттік-демографиялық дамуды қам­тамасыз ете аламыз. Менің ойымша, денсаулық сақтау жүйе­сін­де бәсе­келестікке қабілетті қа­дам­­д­ар қажет. Бұдан әрі ме­ди­ци­на­лық қызметтің түрін таңдау, оны қа­лыптастыру деген мәселелер туындайды. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу, бол­дырмау, бір сөзбен айтқанда, халықтың денсаулығын ны­ғайту әлдеқайда тиімді. Бұл өз кезегінде халықты саламатты өмір салтын ұстануға бағыттау және санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылық пен саламаттылықты қалыптастыру деген сөз. Міне, ха­лық денсаулығын сақтау мен жақ­сартудың басты қағидасы осында деп ойлаймын. –Бүгінгі ұлттық денсаулық сақтау жүйесі туралы ойыңызды білсек. Оны бұдан әрі кеңейту жолдары қандай деп санайсыз? –Иә, бүгінде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жан-жақты жетіліп, қалыптасып келеді. Оны бүкіл ел азаматтары көріп-біліп, байқап отырғаны да белгілі. Бұған қоса­рым, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті одан әрі жетіл­діру, тұрғын­дардың өз денсау­лық­та­рын сақтау жөніндегі жауап­кер­ші­ліктерін көтеру және меди­ци­налық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жү­йені тұғыр­ландыра түспек. Со­нымен бірге бә­секелестікке қабі­летті кадр әле­уетін қалыптастыру, инно­ва­циялық технологиялар мен өнімдерді әзір­леу және енгізу – жүйені же­тіл­дірудің басты жолда­рының бірі болып қала бермек. Әрине, мұнда ме­дицина саласындағы білім мен ғылымды дамытудың да орны айрықша. –Аталған жүйені дамытуға өзіңіз басқаратын Батыс Қазақстан об­лыс­тық денсаулық сақтау басқар­масы нендей үлес қоса алды? –Денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі – адам­ның ғұмыр жасын ұзарту мен өлім деңгейін төмендетуге ықпал жа­сау. Бұл мақсатта біз қан айналымы жүйесіндегі басты ауруларды ерте кезеңінде анықтау үшін тиісті іс-шаралар кешенін белгіледік. Бұл үшін тұрғындарға тиісті меди­ци­налық тексерулер жүргізіліп келеді. Оған диагностика мен емдеудің озық әдістері пайдаланылуда. Сондай-ақ облыста кардио­ло­гия­лық науқастарға жоғары техно­ло­гия­лық медициналық көмектер көр­сету қолжетімді болып отыр. Об­лыстық кардиологиялық орта­лық базасында аортты-коронарлық шунттеу, қан айналымы жүйесі ау­ру­ларымен науқастанушыларға ко­ро­нография мен коронарлық қан та­мырларын стентирлеу жүргі­зі­лу­де. –Бұған дейінгі жылдарда өңір әлеу­меттік кесел – туберкулезбен ауыра­тындардың саны бойынша рес­пуб­ликада алдыңғы орындардың бі­рін алып жүретін. Бүгінгі жағдай қандай? –Қайта құрылымдау мен ин­фек­циялық статус түрлеріне қарай туберкулезбен ауыратындар легін бір бірінен бөлу жұмыстары жүр­г­і­зіл­ді. Соған сай өкпе ауру­ларын емдеу жөнінде шұғыл шаралар қа­былданды. Мұның тиісті нәти­же­лері де айтарлықтай. Атап айт­қанда, аймақта туберкулездің бел­сен­ді түрімен сыр­қат­тана­тын­дардың саны 26 пайызға төмендеді. Нақты де­ректерге сүйенсек, ол әрбір жүз мың тұр­ғын­ға 105,6 көр­сеткішті құрады. Бұдан екі жыл бұрын ол 142,9 адам деңгейінде болатын. Сондай-ақ тубер­ку­лез­бен қай­тыс болу көрсеткіштері де әжептәуір кеміді. Аталған ауру бо­йынша бала­лар мен жасөс­пірімдер ара­­сында өлім-жітім жағдайлары тір­келген жоқ. Әйтсе де тубер­ку­лездің таралуына эпи­де­миоло­гия­лық қадаға­лау­дың кү­шейтілуіне қара­мастан, оның мультирезис­тен­тік түрінің жиырма алты пайызға өсуі байқалды. Сондықтан да бұл топтағы ауруларды емдеу үшін бөлім­шелер елу төсектен сек­сен төсекке дейін ұлғайтылды. –Туберкулездің өзіңіз айтқан мультирезистентік түрі деген ұғымды қалай түсінеміз. Осыны айта кетсеңіз? – Мұның мәнісі туберкулезбен ауыратын адамның ағзасы айлар, тіпті жылдар бойы қабылдап жүрген дәріге үйреніп кетеді де, ем­делу үрдісі қиындайды. Осыны медицина тілінде туберкулездің мульти­резистентік түрі деп атайды. –Денсаулық сақтау саласында басталған реформалар бүгінде өзінің алғашқы нәтижелерін бере бастады. Әсіресе стационарлық емдеу жүйе­сінде айтарлықтай оң табыстарға қол жеткізілді. Дегенмен, елдегі ем­ханалар жүйесінде әлі де шешімін тап­паған мәселелер бар деп есеп­тейміз. Ең бастысы, мұнда кезек легі азаяр емес. Бұл көрсетілетін ме­ди­циналық қызметтің сапасына әсер етпей қоймайды. Бір адамға бө­лі­не­тін уақыттың аздығына байланысты қа­былдаушы дәрігерлер келген ем­де­лу­шілерге көбіне құшақ-құшақ ре­цепт дәрілер жазып берумен шек­те­летіндей. Яғни, бұл арада кешенді көзқарас жетіспей ме деген ойға қаласың. Осы түйткілдерді қалай реттеуге болады деп есептейсіз? –Жоғары білікті дәрігер кад­р­лар­дың жетіспеушілігі емханалар қыз­метіне де елеулі әсер етуде. Біз бұл проблемамен шұғылданып жүрміз. Алайда мәселе әлі түбегейлі шешімін тауып үлгермегенін де жа­сырып қала алмаймыз. Екіншіден, бү­гінде бұрынғыдай емес, тұр­ғын­дардың емхана дәрігерлеріне қаралу үрдісі екі есеге дейін өсіп отыр. Ай­талық, Орал қаласының ортал­ы­ғын­дағы № 1 емхананың мүмкіндігі қырық мың адамға лайықталса, оған тұрақты түрде келушілердің саны бүгінде алпыс бес мыңға артып отыр. Бұған дейін әйелдерге кеңес беру орталықтары бөлек бо­ла­тын. Қазір бұл істі атқару да ем­ханалардың құзырында. Бұған қоса, тұрғындардың әр түрлі дең­гейдегі про­филактикалық бай­қаулары да емханаларда жүргізіледі. Осының бәрі кезектің өсуіне әсерін тигізеді. Бұл тығырықтан шығудың бас­ты жолы – елдегі емханалардың санын өсіру болмақ. Орал қала­сын­да алдағы екінші жарты жыл­дықтың бас кезінде тағы бір жаңа емхана салынып, пайдалануға бе­ріл­­мек. Сонда белгілі бір емханаға берілген жүктеме елеулі түрде азая­ды деп күтілуде. Өңірде қабыл­дан­ған бағдарламаға сай алдағы жылдарда да емханалар жүйесін одан әрі кеңейту шаралары белгіленген. –Жуырда Қазақстан Респуб­ликасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағ­дарламасының жобасы жарияланды. Осыған байланысты айтар ойыңыз бен ұсыныс-тілектеріңіз қандай? –Бағдарлама жобасында ха­лық­тың орташа өмір сүру ұзақтығын жет­піс жасқа дейін ұлғайту көз­дел­ген. Сонымен бірге, ана мен ба­ланың өлім-жітімін 1,5 есеге дейін төмендету қарас­тырылған. Әрі жал­пы өлім-жітімді 15 пайызға дейін төмендету көрсетілген. Туберку­лез­бен сырқаттану­шы­лық­ты 10 пайыз­ға дейін төмендету белгілен­ген. Бұл өте күрделі де жауапты міндет, аса ауқымды шара болып табылады. Бұған қол жеткізе алсақ, денсаулық сақтау саласындағы көп­теген түйіндер өзінен-өзі шешіл­мек. Айтайын дегенім, саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал жасау, бұл істе кешенді іс-шаралар белгілеп, оны аяғына дейін жеткізу республиканың Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстардағы ден­саулық сақтау басқар­мал­а­рының төл ісіне айналмақ. Осы арқылы олар өздері атқаратын басты мін­дет­теріне бір табан жақындай түспек. Бұлай деуімнің басты себебі – аталған мемлекеттік органдар денсаулықты сақтайтын емес, ауруларды емдеумен шұғылданатын органдарға айналып бара жатқандай көрінеді. Яғни, біздің басты мін­детіміз – денсаулық сақтауды жолға қою болатын болса оның басты жолы жоғарыда айтқа­ны­мыз­дай, сала­матты өмір салтын қалып­тастыру екені белгілі. Бұл ұзақ өмір сүрудің таптырмас кілті іспеттес. Міне, мем­лекеттік бағдарлама жобасына қатыс­ты айтар ұсыныс-пікірлеріміз осындай. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН. ОРАЛ.