Қоғам • 20 Сәуір, 2024

Елдік іс

131 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарғын судан жапа шеккен аймақ тұрғындарына гума­ни­тар­лық көмек жөнелту акциясы Шымкентте қарқынды жалғасып келеді. Күні кеше қайырымдылық іс-шарасына қатысқан түрлі ұйымның сауапты ісінен қалыс қалмауды ұйғарған мегаполистің беделді 5 жоғары оқу орны апат болған аймақтарға гуманитарлық жүк көліктерін аттан­дырды. Осынау маңызды бастамаға ұйытқы болған – Тәшенов атындағы университет басшылығы. Қандай көмектің жіберілгені, басқа нендей қолдау шаралары қарастырылғаны жөнінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің стра­те­­гиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры­ Баршагүл Исабек айтып берді.

Елдік іс

«Тәшенов университеті­нің құрылтайшысы Оңалбай Аяшевтің қолдауымен Шым­кенттегі 5 жоғары оқу орны тасқын судан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына 5 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жіберді. Біз сол аймақ­тағы жоғары оқу орындарымен тікелей байланыс жасап, қауіпсіз жерге көшірілген және апат аймағында тұрып жат­қан отандастарымызға қандай көмек қажет екенін біліп, сол бойынша материалдық жәрдемнің тізімін жасадық. Негізінен бүгінгі таңда ол жаққа күректер, сусорғылар, көрпе-төсек, резеңке етіктер қажет екен. Біз солардың барлығын алып, салып жібердік. Мәселен, қызыл су басқан аймақтан эвакуацияланған 600 тұрғынға бүгінгі таңда көрпе-төсек жабдықтары, гигиеналық заттар, сүлгілер, кішкентай балаларға жаялықтар керек екенін анық­тадық. Сол қажеттіліктерді жүк көлік­терімен жөнелт­тік. Материалдық заттар­мен бірге тез бүлінбейтін макарон, пісте май секілді азық-түлік өнімдерін қоса жібер­дік. Әр жоғары оқу орны қайы­рымдылыққа шамамен 5 млн теңгеден жұмсады. Сонда мега­полистің 5 университеті 25 млн теңгеге гуманитарлық көмек жіберіп отыр», деді университет проректоры.

Сонымен бірге аталған оқу орнының басшылығы Арқалықтағы Ыбырай Алтын­са­рин атындағы педаго­гикалық институт әкім­шілігімен байланысып, үйлері суға кетіп, эва­куациялық орта­лықта қалған 21 студентке 300 мың теңгеден жалпы сомасы 6 млн 300 мың теңге қара­жат аударыпты. Осы орайда маман осындай қиын кезеңде ел басына күн туған шақта бір-бірімізге қолұшын беріп, бар қиыншылықты бірлесіп еңсеру қажеттігін еске салды. Гуманитарлық көмекті жіберудегі басты мақсат та сол болатын.

Ал материалдық көмек жіберген жоғары оқу орын­дарын атасақ, олар Тәше­нов университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүс­тік Қазақстан педагогикалық универси­теті, Шымкент уни­верситеті, Орта Азиялық университет, сондай-ақ академик Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті.

Жалпы, педагогикалық уни­­­­вер­ситет ұстаздары апат айма­­­­ғындағы тұрғындарға қол­ұшын созып, бір күндік жалақысын аударған. Ол 8,5 млн теңгені құрайды. Соның 6,3 млн теңгесі Арқалықтағы студенттерге жіберілсе, қалған қаражат кәсіподақ қолдауымен толықтырылып, жүк керуенін жасақтауға жаратылған. Сонда жалпылай алғанда аталған университет 10 млн теңгеге көмек көрсетіп отыр. Бұл университет тарихындағы ең ауқымды қайырымдық іс-шарасы десе де болады. Өз кезегінде уни­вер­ситетте ісмерлікпен, ұста­лықпен түрлі киім тігіп, бұйым­дар жасайтын өнерлі студенттердің жәрмеңке арқылы дүниелерін саудаға шығарып, одан түскен қаржыны Солтүстік Қазақстан облысындағы жапа шеккен тұр­ғындарға жіберсек деген ниет­тері бар екен. Осыған байла­ныс­­­ты келер аптада жоғары оқу орны ғимаратында ауқымды жәр­меңке өтеді.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі бүгінгі таңда ректорлармен, проректорлармен күн сайын жиналыс жасап отыр. Біз өз тарапымыздан жапа шеккен аймақтардың түлектеріне арнайы грант қарастырып, жатақ­ханамен қамтамасыз ету жағын қолға алатымыз жөнінде минис­трлікке ұсынысымызды жолда­дық. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын. Өзіміз алыста болсақ та, жүрегімізбен отандас­тарымызбен біргеміз», дейді Б.Исабек.

Жалпы, Шымкент қаласында қайырымдылық іс-шарасынан ешкім қалыс қалып жатқан жоқ. Әрбір ұжым, әрбір мекеме хал-қадерінше көмек қолын созуға тырысып жатыр. Мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкенттегі филиалы төсеніштер, 3 моторлы қайық, құм салатын қап­тар, күрек-саймандар жібер­ген. Сонымен бірге мегаполис мешіттері тасқыннан зар­дап шеккен Қостанай жұрт­шы­лы­ғына 10 млн теңге жинап берген.

Бұдан бөлек шаһардан қарғын сумен алысқан отан­дастарымызға техникамен жәрдем көрсету үшін екі жүздей техника да жіберілді. Ал «Жүректен – жүрекке!» қайы­рымдылық акциясы­ ­аясында Қазақстан халқы Ассам­­­­блеясының мүшелері, түрлі этномәдени бірлестік ұйымдасып, осымен бірнеше рет тонна-тонна материалдық көмек жіберуден аянып жатқан жоқ. Мәселен, жуырда Сол­түстік Қазақстан облысына мегаполистің этномәдени бір­лес­тіктері 33 тонна гумани­тарлық көмек жөнелтті. Жалпы, осы кезге дейін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассам­­блеясы Атырау, Батыс Қазақ­­стан облыстарына үш рет гумани­тарлық көмек жібер­ген болатын. Оның жалпы көлемі 60 тонна болса, қаражат жағы­нан 40 млн теңгені құрады. Шым­кент қалалық ҚХА мен іскер әйелдер қауымдастығы жуырда кезекті қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Тағы да апат аймақтарына тұрмыстық заттар мен азық-түліктерді тиеген жүк көліктері жолға шықты.

Түркістан және Шымкент Жанармай құю стансала­ры ұжымының басшысы Пердебай Мырза­шү­кіровтің айтуын­ша, Ассамблея мүшелері қауіпсіз аймаққа көшірілген адамдарға үрлемелі қайық, сусорғылар, ұзын резеңке етіктер, құт­қа­ру­шы жейделер, шам­шырақ, күрек, қолғап, құбыршек секілді қажетті керек-жарақ заттарын жөнелткен.

«Бұл – біздің ерікті түрде жасап жатқан көмегіміз. Бұған дейін азық-түлік өнімдері, түрлі тұрмыстық затпен көмек­тестік. Оған қосымша қаржылай да қолдау көрсетіп жатырмыз. Алдағы уақытта ел болып осы сыннан сүрінбей өтетінімізге сенімім кәміл», деді ол.

Шымкенттің ерік­тілері бүгінде тек гумани­тарлық көмекті жинап қана қоймай, су басқан аймақтарда апатпен күресіп жүр.

 

ШЫМКЕНТ