Аймақтар • 20 Сәуір, 2024

Қатер әлі сейілген жоқ

177 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы көктемгі су тасқынына байланысты күрделі де қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында қауіпті деңгейге жақындады.

Қатер әлі сейілген жоқ

Өңірде тасқын суға қарсы құрылған жедел штаб жұмысын облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі бақылап, бүкіл жұмысты жедел үйлестіріп отыр.

– Қазір бізге Ресейден келетін су Орынбор облысынан және Саратов облысының Первомай ауданынан келіп жатыр. Саратов облысынан келетін су Шаған өзеніне, ал Орынбордан келетін мол су Жайық өзеніне түседі. Жалпы, Жайық өзеніне Ресей мен Қазақстан аумағында 80 өзен келіп қосылады екен. Солардың барлық суы Батыс Қазақстан облысы арқылы өтіп Каспийге құйылады ғой. Осыған байланысты Орал қаласы мен 4 ауданның – Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандарының 84 елді мекеніне қауіп төніп тұр, – деді өңір басшысы.

Бұл ауылдардың бәрі Жайық өзенінің бойында орналасқан. Әкімнің айтуынша, тасқынның алғашқы күнінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің үлкен қолдауымен Батыс Қазақстан облысына қосымша күш-құрал жіберілген.

«Қазақстанның барлық қаласымен, өзімнің әріптестеріммен хабарласып отырмын. Бізге қазір өзге өңірлерден мыңнан аса техника келді. Бұл – қазіргі бөгет құрылысын жүргізуге қажетті арнайы техника. Қазірдің өзінде 100 километрдей бөгет соқтық», деді Нариман Төреғалиұлы.

Мол суды ең алдымен қабылдайтын – Бөрлі ауданының Жарсуат аулы. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметінше, 20-22 сәуірде судың ең көп көлемі Бәйтерек ауданындағы Январцев аулының тұсына жетеді. Ал Орал қаласына ең көп су 22-24 сәуірде жетеді деп болжанып отыр. Су деңгейі 934 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін, бұл – «Қазгидромет» мекемесінің болжамы. Яғни Жайық бойындағы барлық елді мекен үшін әлі қауіп сейілген жоқ.

«Біз су жағасындағы қорғаныс бөгендерді көтере береміз. Мақсатымыз – ең алдымен, тұрғындардың өмірін қорғау. Қауіпті елді мекендердің бәрінде эвакуациялық жұмыс жүргіздік. Қауіпсіз жерге төрт түлік малды шоғырландырып, бағуды ұйымдастырып жатырмыз. Үлкен кісілер, әйел адамдар, денсаулығы нашар жандар, балалар бірінші кезекте қауіпсіз жерге көшірілді. Жоғарыда аталған қауіп төніп тұрған елді мекендердегі стратегиялық нысандарды да бақылауға алып, қорғауды күшейттік. Егер су 934 сантиметрден аспаса, біз үшін жақсы. Егер одан да әрі көтерілген жағдайда Орал қаласына да, аудандарға да қауіпті. Сондықтан қазір барлық аудан әкімдері менің тапсырмама сәйкес тиісті жұмысты атқарып жатыр. Барлық жерде қорғаныс бөгендерді биіктете береміз. Бұған техника да, жанар-жағармай да жеткілікті. Ауыр техника әрі-бері босқа жүрмеуі үшін арнайы техникалармен жанармайды сол жерде жеткізіп отырмыз», деді облыс әкімі.

Батыс Қазақстан облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрланның айтуынша, өңірде интернет және байланыс әдеттегідей жұмыс істеп тұр. «Қазақтелеком» АҚ филиалдары кез келген жағдайға, апатқа дайын. Жарық сөнсе, дизельдік генераторлар қосылып, байланыс пен интернетті ұстап тұра алады. Резервте 30 дизель генераторы бар екен. Сондай-ақ қажет кезінде «Starlink»  спутниктік терминалдары да іске қосылуға дайын.

14 сәуірден бастап облыстың 6 ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін қоғамдық штаб ашылған еді. Штабтың мақсаты – су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға кеңес беру және мемлекеттің әлеуметтік шараларын түсіндіру. Штаб құрамына белсенділер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар көшбасшылары мен кәсіпкерлер кіреді. Штаб несиелер мен ипотека төлемдерін кейінге қалдыру, тұрғын үйге өтемақы төлеу, біржолғы материалдық көмек, бүлінген мүлікке өтемақы төлеу, үйлерді жөндеу және қалпына келтіру және басқа да мәселелерді қарастырып жатыр.

Кейінгі мәліметтерге қарағанда, облыс аумағында бүлінген 22 жол бөлігі бар. Бұрынғыша 9 елді мекенмен қатынас үзілген. Қазір саяжайлардағы 2 994 үйді су басты. 13 771 адам эвакуацияланды. Оның – 5 717-сі – бала, 19-ы – мүмкіндігі шектеулі жан. Эвакуациялық бекеттерде 2 314 адам орналасқан, оның да тең жарымы – балалар. 4 925 үй жануары қауіпсіз жерлерге айдалды. Дәл қазір апаттан құтқару жұмыстарында 10 444 адам, 1 715 техника, 212 су сору құралы, 164 қайық және 3 тікұшақ жұмылған.

 

Батыс Қазақстан облысы