Аймақтар • 21 Сәуір, 2024

Депутат зардап шеккен 10 отбасыға үй тарту етпек

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Самат Қалдығұлов су тасқыны кезінде баспанасы суға кеткен тұрғындарға көмек қолын созғысы келетінін айтты. Ол туған жері – Алға ауданы Аманкелді ауылынан су тасқынынан зардап шеккен 10 отбасыға үй тарту етпек, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат зардап шеккен 10 отбасыға үй тарту етпек

Фото: Видеоскрин

Депутаттың айтуынша, ауылда мал бағу арқылы мол табыс табуға болады. Бүгінде аталған ауылда мектеп, клуб, фельдшерлік пункт бар. Мекемелер интернетке қосылған.

«Биылғы су тасқыны кезінде қалада қаншама отбасының баспанасына су кіріп, әбігерге түсті. Қазір оларға мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Дегенмен менің ұсынысым осы: қалада жеке баспанаға қолы жетпей жүргендерге немесе қиындықтарға тап болған отбасыларға қолдау білдіргім келеді. Оларға өз қаржымнан үй тарту етуге дайынмын. Жұмыспен де қамтамасыз етемін», дейді депутат.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше «Реймқұл» ШҚ ұжымының күшімен Аманкелді ауылында монша салынып, мектеп ғимараты жөнделген. 86 миллион теңгеден астам сомаға су құбыры жүйесі толығымен жаңартылып, электр сорғылары ауыстырылған. Мәдениет үйі де салынған. Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда бақша егіп, мал бағуға мүмкіндік мол.