Қоғам • 21 Сәуір, 2024

Құрманғазы оркестрінің көмегі

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жеткізді. 

 

Құрманғазы оркестрінің көмегі

Қ.Құттымұратұлы

Жүк көлігіне тиелген көмек Алматыдан Орал қаласына сәуірдің 17-сі күні келіп жетті.

«Алатаудың баурайынан ат терлетіп арнайы келдік. Құрманғазы оркестрі ұжымы елімізде болып жатқан жағдайға байланысты ағайынды сабырға шақырады. Соның ішінде біз үшін Ақжайық өңірінің орны ерекше ғой. Өнеркәсіппен, саудамен айналысатын ірі фирма, компания емеспіз, сонда да болса тасқын судан зардап шегіп жатқан халыққа ниетіміздің бірлігін білдіріп, көмегімізді жеткізіп отырмыз», дейді оркестр артисі және инспекторы Руслан Баймұхатов.

Гуманитарлық көмектің ішінде су басқан өңірге аса қажетті қапшық, күрек, қайық, генератор, сорғы құралдары, төсек-орын, балалар жаялықтары секілді 18 текшеметр жүк бар екен. Барлығы қатталып тіркеліп, қоймаға түсірілді. Осы жерден табиғат апатынан зардап шегіп жатқан тұрғындарға, эвакуациялық бекеттерге, қорғаныс алаңдарына бөлініп жөнелтілетін болады.

«Қазақ халқының біртұтастығының дәлелі – елдің бір шетінде қиындық туындап жатса, келесі қиырындағылар бұл мәселеден шет қылмай, көмек қолын созып жатады. Ақжайық өңіріне су стихиясы салмақ салғанда, сонау Жетісуден ат арытып келіп гуманитарлық көмек көрсетіп жатқан Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі ұжымының қолдауына қалай разы болмайсың! Мәдениет саласының жағдайы аса шылқып тұрмағанын білеміз. Сондықтан қалтасынан қаражат шығарып, көмек көрсетіп жатқан өнер ұжымына алғысымыз шексіз», дейді Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңес мүшесі,  Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның сенімді өкілі Нұрлан Сәдір.

Батыс Қазақстан облысы