Сұхбат • 07 Наурыз, 2024

Майя Мыңбаева: Қаржы саласындағы жетістігімнің себебі – инвестицияға деген қызығушылығым

49 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаржы нарығында белсенді қызметімен көзге түсіп, көпшілік құрметіне бөленіп жүрген қыз-келіншек қатары артып келеді. Солардың бірі де бірегейі – Майя Мыңбаева. «Фридом Финанс» АҚ, Сату жөніндегі атқарушы директоры болып жұмыс істейтін Майяны бұл күндері әсіресе, банк секторының қыр-сырына қаныққан, нарық табысы мен тәуекелін салмақтай алатын салауатты маман деп нық сеніммен айта аламыз. 8-наурыз арулар мерекесі қарсаңында Майя Мыңбаева «Егемен Қазақстан» басылымына қызметі, іскерлік бағыттағы белсенділігі, отбасы жағдайы туралы сұхбат берді.

Майя Мыңбаева: Қаржы саласындағы жетістігімнің себебі – инвестицияға деген қызығушылығым

Ең бірінші кезекте қаржы саласына қалай келдіңіз, қаржы нарығына деген қызығушылығыңыз қалай басталды деп сұрағымыз келеді?

– Қызметтік жолым банкте қарапайым консультант болып жұмыс істеуден басталды. Өршіл мінезімнің, жұмысқа жауапкершілікпен қарағанымның және оқуға деген ынтамның арқасында vip-менеджерге дейін өстім. Сөйтіп,  халықаралық инвестициялық компанияға ауыстым. «Freedom Broker»-де 10 жыл жұмыс істеп, қарапайым инвестициялық консультанттан Сату департаментінің атқарушы директорына дейін көтерілдім. Жалпы, нарықтың осы түріне деген қызығушылығым оқуға деген ынтамнан басталды, инвестициялар саласында жаңа дүниелер үйреніп, өскім келді.

Брокерлік компаниядағы ұзақ жылдық еңбек өтіліңіз барысында, талай қызықты да, қиындықты да көргеніңіз анық. Отандық қаржы, биржа секторы не түрлі кезеңдерді бастан кешірді. Есіңізде ерекше қалған қандай жағдайды айтар едіңіз?

– Клиенттермен жұмыс жасағанда ыңғайсыз жағдай туындайды. Десе де, есіңе көбіне керемет сәттерді алғың келіп отырады. Клиенттер қызмет көрсету сапасына және өз портфелінің өскеніне көңілдері толған кездер тамаша әсер береді.

– «Фридомнан» бөлек, басқа қаржы ұйымдарында жұмыс істедіңіз бе? Сіздіңше, «Фридомның» басты ерекшелігі не?

– «Фридомға» дейін тек банктерде жұмыс істедім. Менің ойымша, банк – негізгі дағдыны меңгеру үшін мықты мектеп. Онда тәртіп пен жүйені үйренуге болады. Сондай-ақ ол жерде vip-клиенттермен жұмыс жасаудың негізгі дағдыларын меңгеріп шықтым. Freedom-дағы жұмыс маған кеңірек, еркінірек ойлауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мен сату департаменті басқармаларының біріне жетекшілік етемін. Менің міндетіме команданы басқару ғана емес, сондай-ақ команданың керемет нәтижелеріне қол жеткізу үшін барынша тиімді жұмыс жасау жүйесін құру кіреді. Мен үшін басшы болу – қызметкерлерге күрделілігі жағынан әртүрлі мәселе бойынша көмектесу, ынталандыру, оқыту, тәжірибе және білім алмасу, бағыт-бағдар беру, олардың жұмысын жеңілдету, әртүрлі жобаға қатысу дегенді білдіреді. Міне, осылардың арқасында автоматтандырылған шешімдер қабылдауға, әр қызметкер және жалпы алғанда команда үшін психолог болуға, департаменттің мүддесін қорғауға болады, бірақ бизнес көрсеткіштер мен тәртіптің сақталуын талап ету қажет. Тәуекелдерді басқаруда ең бастысы – нақты инвестициялық стратегия құру әрі оны сақтау. Консервативті стратегия болғанда қор нарығындағы тәуекелдер көбіне тым аз болып жатады. Портфельді әртараптандыру жайын да ұмытпаған жөн. Бірақ клиенттер әртүрлі, тәуекел дәрежесі де әртүрлі болып жатады. Барлығы таңдалған стратегияға байланысты.

Отбасылық жағдайыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Тұрмыстамын. Екі балам бар. Жолдасым мен қанша жыл жұмыс істеп келе жатсам, сонша жыл қолдап келеді. Менің ойымша, жолдасыңның арқа сүйер азаматың ғана емес, сондай-ақ қызмет саласында да қанат бітіріп, қолдау көрсетуі аса маңызды. Жақын адамыңның «Берілме!», «Қолыңнан келеді!», «Шешіміңе сенімді бол!» деген сияқты сөздер айтуы нағыз қолдау екен.

8 наурыз мерекесін қалай атап өтесіз? Бұл мейрамның сіз үшін мәні мен маңызы қандай?

– Мен үшін 8 наурыз – көктемнің басталғаны, табиғат ананың жаңаруы, шуақты күндер. Мерекеге дайындық, мейрам алдындағы қарбалас, гүл ұстаған, жүздерінен қуаныштың лебі есіп тұрған қыздарды көру мені қуантады.

Мерекеде сізді құттықтайтындардың аз болмайтыны белгілі, ал өзіңіз әдетте кімді құттықтайсыз?

– Мен тек өз жақындарым мен туғандарымды құттықтап қоймаймын. Байланыс жасайтын, жұмыс бойынша жиі өзара байланысты болатын әріптестерімді құттықтауға тырысамын. Жұмыста біз өміріміздің көп бөлігін өткіземіз. Ал әріптестермен, оның ішінде басқа бөлімшелердің қызметкерлерімен жақсы қарым-қатынаста болу – маңызды дүние. Биыл мен Алматы Сату департаментіндегі арулардың барлығына шағын сыйлықтар әзірлеп қойдым.

Қазір елімізде қаржы саласында еңбек етіп жүрген әйел азаматтардың іскерлігін, белсенділігін қалай бағалайсыз?

– Мен әртүрлі салада жұмыс істейтін әйелдердің қызметі мен белсенділігін қашанда қолдаймын. Қаржы секторындағы әйелдердің белсенділігіне деген құрметім жоғары, себебі қаржыгерлер мен брокерлер ерлердің кәсібі деген түсінік қалыптасқан. Әйелдер еліміздің экономикасына өз белсенділігімен зор үлесін ерлерден артық қоспаса, кем қоспайды әрі өздері жұмыс істеп жатқан компанияларға пайдасын тигізеді деп санаймын. Әйелдер қауымы қаржы секторында үлкен жетістіктерге жетіп жатса, мен үшін асқан қуаныш жоқ. Себебі бұл саладағы ерлермен бәсекелесу және отбасыға аяулы ана әрі сүйікті жар ретінде көңіл бөлу оңай жұмыс емес. 

Рақмет! Ісіңізге табыс тілейміз!

Әңгімелескен Абай Аймағамбет