07 Қаңтар, 2015

Біздің заманымыздың батыры

1673 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
4-14

Кәсіпкер Дильмұрат Кузиев туралы толғау

Жаңа 2015 жыл – индустрияландырудың нұрлы жолында қарышты қадам жасайтынымен қабат, үлкен-үлкен мерейтойлар жылы. Тек елімізге көз тимесін: тойы тойға ұласуда. Тәуелсіздігіміздің жиырма төртінші беле­сіне, шүкірлік, ел аман, жұрт тыныш жағдай­да көтерілсек, бұл Қазақ еліндегі береке-бір­ліктің, жүзден аса этностың тату-тәтті қол ұста­сып еңбек жемісін теруінің арқасы. Елбасы Жол­дауында айтылғандай, биыл Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясының жылы салтанатпен атап өтілмек. Дильмурате Кузиеве.Мәңгілік Ел халқының достығы, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымақтастығы көркем әдебиет айнасынан айқын көрініс табуда. М.О.Әуезов атында­ғы Әдебиет және өнер институтының ғылы­ми-зерттеу жоспа­­­­­­ры бойынша жасалған зерт­­теулерде туған әдебиетіміздің даму үр­дісімен қатар, міндетті түрде еліміздегі ұйғыр, корей, орыс жазушыларының шығар­малары да талқы, талдаудан өтуде. Бұл мақалада есімі елімізге әйгілі көрнекті ұйғыр жазушысы Ахметжан Аширидің «Дили Зия» («Жарқын жан») атты роман-эссесі сөз болайын деп отыр. Көркем әдебиет кейіпкерінің өз зама­нының бетке ұстар батыры атануы бір бүгін емес. Мейлі ойдан шығарылсын, мейлі тарихи нақтылы тұлға болсын, бейнесі сәтті құйылса, қай-қайсысы да ел түлегі қатарында жұрт аузына ілінбек. Михаил Лермонтов романын «Біздің заманымыздың батыры» деп атаған болса, бас геройы – Печорин ұлы суреткердің биік қиялынан туған образ. Ал Николай Остров­скийдің «Құрыш қалай шынықты» шығар­масының бас кейіпкері – социалистік револю­цияның қайсар жауынгері Павел Корчагин автордың өзі екені бесенеден белгілі. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдас­тарым» атты романының геройы инженер Рақмет – социалистік құрылыс қайраткері. Еңбек майданының ері. Ойдан шығарылған типтік бейне. Соңғы екеуі және де «тап жауларына» – бай, буржуйға қарсы күрес қаһармандары. Ал енді бүгінгі жаңа қоғамның геройы кім дегенге келсек, замана батыры туралы ескі түсінікке түбірлі өзгеріс енгенін байқаймыз. Бейне бір ақ пен қара орын ауыстырғандай. Бай атаулы қазіргі көр­кем әдебиет айнасында жағымсыздан жағым­ды кейіпкерге айналған. Қазақстандық ұйғыр жазушысы Ахмет­жан Аширидің «Дили Зия» – «Жарқын жан» (Мәскеу, 2013) атты роман-эссесінің бас геройы – «Бент» акционерлік қоғамының прези­денті Дильмұрат Пирмұхаметұлы Кузиев. Романды оқып шыққаныңда осы жой­қын кәсіпкердің бүгінгі біздің заманымыз­дың нағыз батыры екендігіне сөзсіз көз жеткізесің. Шынымды айтсам, өмірімнің негізгі бөлігін кеңес дәуірінде өткізген өз басым қазіргі байларға әлі де сын көзбен қарайтын­дық­тан, нарықтың геройы қалай суреттелер екен деп дүдәмалданып жүретінмін. Мұн­дайда шындықтың белінен басып өту ғажап емес. Геройы ойдан шығарылмаған, нақты­лы кісі болса, айтпағыңды айнытпай жеткізу оңай шаруаға жатпаса керек. Аталған роман-эссенің ілкі беттерін аздаған күмәнмен парақтауға кіріскенімді жасырмаймын. Бірақ сақтығым артық болып шықты. Кітаптың алғашқы бетін ашқан бойда-ақ күмән сейіле бастады. Алдында ақ қағаз, қолында қарындаш, жазу үстелінде әлденені ойластыру үстінде отырған самай шашы ағара бастаған орта жастағы ашық жүзді, денесі сыптай адамды көреміз. Бас қаһарман Дильмұраттың фотосуреті. Пішініне қарап, шонжар байдан гөрі, оқымыстыға, я мемлекет тұтқасын ұстаған қайраткерге ұқсатасың. Дильмұрат Кузиевтің өміріндегі ең маңызды оқиға болғандықтан шығар, бірқа­тар суреттен оның Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірде завод өндіретін қомақты тұрбаларды көріп, бірде «Бент» акционерлік қоғамының құс фабрикасы цехтарын аралаған кезінде Елбасын өндіріс жаңалықтарымен таныс­тырып жүргенін көреміз. Символдық сурет, жоғары билік пен кәсіпкерліктің мақсат тұтастығын бейнелейтін. Президент Ақордада еліміздің бизнес-элитасымен өткізген жиналыста соңғы жылдары қаулап өскен бұл буынның жаңа қоғамдағы рөлін дәлме-дәл анықтап берді. «Кәсіпкерлік – экономиканың пәрменді қозғаушы күші болып табылады», деді Елбасы. Дильмұрат Кузиев жаһандық кәсіпкер­лердің аламан бәйгесіне жүрегі шайлықпай түсетін үздіктердің санатынан. Мұндай белеске ол қалайша көтерілді? Бұл геройдың өткен жолын, іс-әрекетін кісі қызығатындай етіп бейнелеу үшін бүгінгі күрделі өндіріс үдерісінің тетігін бес саусағыңдай білуің шарт. Жазушы Ахметжан Аширидің тауып кеткен жері – роман-диалог жанры тәсіліне жүгінген. Екеуара қызу әңгіме үстінде шығарма геройы өндірістің күрделі проблемаларын қолмен қойғандай етіп баяндайды. Жеке басынан кешкен не түрлі оқиғаларды ара-тұра айтқанда да әңгіменің майын тамызады. Өмір тарихы шынайылығымен баурайды. «Дили Зияның» алғашқы тарауы «Нравст­­­венные источники побед» деп тегін­нен тегін аталмаған. Жеңістен жеңіске жетуінің адами негіздері сонау балалық шағында еңбекқор ұйғыр отбасында қаланған. Асыра сілтеудің әлегі әке-шешесі Пир­мұ­хамед пен Шарапатханды Қазақстаннан шетелге қоныс аударуға мәжбүр етеді. Олар Қазақстанға қайта оралғандарында Дильмұрат үш жастағы бала болатын. Тарихи Отаны – Қазақстан. Қазақ политехникалық институты (қазір академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атында), ауылдың қара домалақ баласын мәпелеп баулыды. Жоғары мамандақ алған еңбексүйгіш жас ұлан тез жетілді. Шебер зергер атанды. Темір-бетон зауытының инженер-технологі болып істеген алғашқы қызметінен сатылап жоғарылай берді. Цех, тұрба өндірісі бастығы, зауыт директорының орынбасары... 1987 жылы қысым тұрбалары зауытының директоры дәрежесіне көтерілді. Көріп отырғанымыздай, Дильмұрат кешегі кеңестің кезінде де оза шауып бәйге алғандардың қатарынан табылған. Адал еңбек иесін кеңес қоғамы аталық қамқор­лық­қа бөлегенін жазушы жасырмайды. Қай­сы­бір қаламгердей кеңеске жөні жоқ күйе жаға бермейді. Мейлінше объективті бо­луға ұмты­лады. Шығармасының сол тұста­рынан сю­жеттік өзегі жаңа мен ескінің арасын­дағы айқас-тартыстан тұратын бәз-баяғы өн­дірістік романның сілемдері байқалады. Күндердің күні нарық заманы туды. «Дили Зияның» геройы қызмет істеп жүр­ген ұжымымен бірге кәсіпорынды жеке­ше­лендіру амалына кіріседі. Бұрынғы бұрынғы ма, ескі мен жаңаның қырқысы тіптен ушығады. Дильмұрат күтпеген жерден бас дирекцияның қасарысқан қарсылығына кезігеді. Басқа бөгесін де аз ба еді? Өтпелі кезеңнің қиыншылықтары шыдас бермей, көптеген кәсіпорындар бірінің соңынан бірі жабылып жатты. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын, Бас иіп қара жерге сұлағанын» демекші, алып КСРО дүрс етіп құлаған бойда бұрынғы экономикалық байланыстар күрт үзілді. Апаттың ащы дәмін Дильмұрат аз татқан жоқ. Мәселеңки, бұлар тер төгіп өндіріп жатқан өнім – тұрбаға деген сұраныс күрт кеміді. Бас кейіпкердің өрге шапса өршелене түсетін характері осы қиямет қиыншылықпен айқаста ашылады. Автор геройының іс-әрекетін, жігер-қайратын көкейге қонымды етіп кестелеу мақсатында коллаж тәсілін пайдаланған. Әртүрлі шығармалардан цитаталар, құжат­­тар мен қанатты сөздер, көптеген кеңес-мәжі­лістерде көтерілген проблемалар құр тіз­­бектеле бермейді, ішкі байланыста үйле­сі­мін тауып баяндалады. Қиыншы­лық екі өкпе­ден қысқан мезеттің бірінде бас герой: оу, осы біз тұрбаға жіпсіз байлан­ғаны­мыз қалай? – деп толғанады. – Зауыты­мыз­дың құрал-жабдығын біршама жаңалап, басқа өнім шығарумен шұғыл­дансақ қайтеді? Айталық, шетелден тасымалданатын теміржол шпалдарын неге өзімізде өндірмеске? Роман-эссе геройының бойында дип­ломат қасиеті бары дәп осы тұстарда ғой жарқ етіп көрінетіні. Ол германизм докторы Исабековті тілмаш есебінде қасына ертіп Германияға аттанады. Идеясы игілікті іске айналады. «БЕНТ-ФОССЛО» атты қазақ-неміс бірлескен кәсіпорны дүниеге келеді. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, ісінің оңға басуына Үкімет көмегі де аз болған жоқ. Шетелмен бірлесіп ұйымдастырған кәсіпорындарға жеңілдіктер беретін инвестиция туралы заңның дер кезінде қабылданғаны жаңа бірлестіктің ойдағыдай жұмыс істеуіне айтарлықтай септігін тигізді. Шпал төсемін рельске бекітетін болт-шегемен қоса өндіру жай техникалық іс-шара көрінгенімен, астарында мемлекеттік мәні зор құбылыс жатқанын роман-эссе авторы байсалды аша білген. «Жол азабын тартқан біледі». Жиырма шақты жыл ғана бұрын Қазақстан Республикасы аудандарының ішкі экономикалық аралас-құраластығы жоқтың қасы-тын. Бір-бірімен машина тұрсын, жай көлікпен, ат-арбамен қатынауының өзі мұң болды. Тәуелсіздік туы желбіреп, өз билігі өз қолына тиген ел жол азабын тартудан құтылу үшін ішкі темір­­жол қатынасын қарқынды дамытып, еңсе­­сін тез тіктеді. Ол-ол ма?! Көне Жі­бек жолы қайта жанданданды­ры­лып, Батыс Еуро­па мен Батыс Қытайды тіке­лей байланыс­­тыра­тын ғасыр жобасы жүзеге асырылуда. Жазушы Ахметжан Аширидің үлкен табысы, бас геройы Кузиев бейнесін бола­шақ­қа бастайтын нұрлы жол салуға мол үлес қосу­шы, үлкен қоғами, рухани категориялар­мен ойлайтын қаһарман дәрежесіне көтеріп суреттейтін шеберлігінде деп білсек керек. Шығарманың «Бақыт құсы» атты келесі тарауы беймәлім жайларымен елең еткізеді. Бас алдырмай оқытады. Тараудың тілге тиек ететіні...кәдімгі тауық. Сол шіркінің тұтас бір ұжымның береке, байлығына, бақ құсына қалайша айналғанынан сыр шертеді. Жоғары орындардың иек қағуына орай Кузиев Алматы құс фабрикасын қамқорлығына алған болатын. Бастапқыда: е, тауыққа тарыдан тәтті тамақ жоқ, тойдырдың, жұмыртқасын төге бермесіне амалы қайсы деп ойлаған. Бірақ көп ұзамай қателескенін түсінді. Фабрика 270 гектар жері, ет боршалайтын цехы бар тәп-тәуір кәсіпорын сияқты көрінгенімен, азық-түлік базасынан жұрдай екен. Тауық жемін сырттан сатып алуға тура келді. Оған жұмсайтын қыруар қаражат тұрба зауытының мойнына түсті. Бас қатыратын басқа да проблемасы жетіп-артылады. Не істеу керек? Дильмұраттың есіне темір-бетон хикая­сы түседі. Дереу шетел тәжірибесін зерттеуге кіріседі. Сонда ғой, өз тауығының Израиль тауығына қарағанда жемді екі есе көп қылғытса да, өсімді не себепті екі есе кем беретініне түсініп жеткені. Нәтижесінде израильдік «Анак-Бридер» компаниясымен бірлескен кәсіпорын жасақталды. Жаңа кәсіпорынның қызметі роман-эссенің суреттеуіне қарағанда шынында да айтып тауыса алмайтын жырға сұранып тұрғандай. Дәлеліне шығарманың мына бір жолдарына үңілісек (Біз цитатаны әдейі аудармадық. Бір жағы автордың ұйғыр, қазақ тілдері үстіне орыс тіліне де жорға екенін көрсету үшін). «...К курице, как оказалось, надо относиться как к ребенку – чувствовать, когда голова заболит, когда свет надо ярче сделать, когда кормить, когда поить. А уколы, то бишь вакцинации – вообще отдельная тема, ведь от рождения цыпленка до вырастания его на убой (а это 42 дня), птица должна получить 5-7 акцин, причем по схеме, как положено. Иначе – дунешь не так – все пойдет на мор...». Баяғыда өзім көрген ауылдағы қазекең тауығы жаз-күз бойы күресіндегі көң-қоқырды қазбалап, қыс әулетінде қорада ағаш қондырғыда қонақтап үрпиіп отыратын. Ал Ахметжан Аширидің жазуындағы тауық, көріп отырғанымыздай, ақсүйектей әспеттеледі. Компания Израильден тауық нәжісінің ауыр иісін жоятын арнайы төсенішіне дейін сатып алады. Күтушілер таңғы 4-5-терде тұрып, тауықтың ішіп-жемін беруге кіріседі. Сонымен бірге, жұмысшы әр балапан, шібидің дерлік ауанын қадағалауы тиіс. Өйткені, біреуі дімкәстанды, бір бөлімдегі құс түгел қырылады. Ал мұның өзі – аз да болса 25-80 мың бастан демде айырылдың деген сөз. Құс күтімінің бітпейтін бас-аяғы жоқ жұмысына шыдас беру қиынның қиыны. Кешен жылына 10 мың тонна ет береді. Ендігі шаруа – өсірілген өнімді лайықты бағасына сату. Бастапқыда директордың өзі бас болып, күллі зауыт ұжымы ақ халат киіп базарда сауда жасайтын. Өйтпеуге шарасызсың. Кезегі күтіп тұрған келесі сойыс найқалуды көтермейді. Герой-протоганистің, яғни шығарма тартысының от-жалынында күйіп-пісіп жүретін бас кейіпкердің ағынан жарылған сөзіне сенесің: нағыз еңбектің арқасы ғой, кәдімгі тауықтың тұтас ұжымның ырысы, бақ құсы болғаны. Ахметжан Аширидің роман-эссесіне қарағанда, қазіргі әдеби үрдіс әнеу бір жылдарғы басталған өндірістік тақырыпты жаңа мазмұн, соны көзқараспен байытып отыр. Қазақстан Республикасы – 130-дан аса ұлт пен этностың тату-тәтті мекені. Бұлардың әрқайсысының шаңырағы сүйікті Отаны үшін жанқиярлықпен еңбек иелерін, талай тарланды баулып өсірген. Үлкен ортақ үйіміздің алдындағы әлеуметтік борышын терең түсініп, адал атқарып жүрген Кузиев – сол сынды арыстарымыздың бірі. Бұл герой Оноре де Бальзактың Гобсегіндей емес, баюдың жөні солай екен деп қойны-қонышын ақша-пұлмен сықай беретін. Осыдан жиырма жылдай бұрын Елбасы кәсіпкерлерге: жазушы, ғалым, өнер қайраткерлерін, еліміздің рухани байлығын жасаушыларды қолдау жағын ойластырғандарыңыз жөн болар еді деген. Сол тілекке орай Дильмұрат Кузиев Қазақстан кәсіпкерлер ассоциациясы жанынан «Ильхам» – «Шабыт» атты меценаттар клубын ашып, соңғы он жылдың қаразында көптеген ауызға аларлық іс тындырды. Жетпістен аса әртүрлі мамандық шеберлеріне ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Компания шағын және орта бизнеске қолұшын беріп, пайызсыз қарыз бөліп отырады. Кедей отбасыларына ұдайы қарасады. Студент балаларына 100 мың теңгеден стипендия тағайындайды. Ассоциацияның рухани орындарға жасаған көмегі де қомақты. Соңғы жылдары композитор Құддыс Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театры ғимаратының іші-сырты құлпырып шыға келсе, Шонжыдағы мектеп, оншақты мешіт, балалар бақшаларының үйлері тұрғызылса, не бүгінгі талапқа сай етіп жөнделсе, бұл да Кузиевтің жаңа тұрпатты кәсіпкер қасиетін айғақтайтын қарымды дәлел. «Где духовность, там всегда возвышенная аура» деп жазады роман-эссе авторы. Қазақшасының мәні: жаны байдың жамалы жарқын. Роман-эссенің соңғы бетінде оқырман­ның қаперінде жүрсін деген ниетпен бас кейіпкер Кузиевтің ел-жұртына сіңірген еңбегін паш ететін Үкімет наградалары атал­ған: «Құрмет», «Алтын тәж» ордендері, «Ең­бектегі ерлігі үшін», «Астана», «Ерен еңбегі үшін» медальдары. Бұдан тыс, шетел­дік, қоғамдық марапаттары қаншама. Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. АЛМАТЫ.