Өндірісі өскелең Өскеменде таяуда «POSUK Titanium» ЖШС-нің зауыты іске қосылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күніне орай өткен жалпыұлттық телекөпір барысында пайдалануға берілген жаңа зауыт электронды-сәуле қуатымен балқыту әдісі бойынша титан құймалары мен балқымаларын өндіреді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығында «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ әлемдік құрыш құю өндірісінде жетекші орынға ие алып кәсіпорындардың бірі болып табылатын оңтүстіккореялық «POSCO» компаниясының қатысуымен ірі инновациялық жобаны жүзеге асырды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аталған жобаны жүзеге асырғаны үшін Астана қаласындағы «Алтын сапа» атты Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанатында «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамытованы «Инновациялық серпіліс» аталымы бойынша марапаттады.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің қолдауыңыздың арқасында Өскемен титан-магний комбинаты әлемдегі жетекші металлургиялық кәсіпорындардың бірі саналатын оңтүстіккореялық «POSCO» компаниясымен бірігіп, осы өндіріс орнын құрды. Титан құймалары мен балқымаларын өндіретін кәсіпорынды іске қосуға рұқсат етіңіз, – деп мәлімдеді аталған телекөпір барысында зауыт директоры Валерий Сычев.
Мемлекет басшысы жаңа кәсіпорынның Қазақстан үшін маңызды жоба екенін атап өтіп: «Бұл – ең озық өнім. Зауыт үлкен. Болашағы бар. Сіздерді кәсіпорынның іске қосылуымен құттықтаймын және еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Титан өндіру – Қазақстан үшін жаңадан қолға алынып жатқан жобалардың бірі», – деді және жаңа зауыттың салтанатты түрде іске қосылуына рұқсат берді. Бұл мерейлі сәтті зауыт ұжымы зор қуанышпен қабылдап, ду қол соқты.
Айта кеткен абзал, 2010 жылы «ӨТМК» АҚ оңтүстіккореялық «POSCO» компаниясымен бірге «POSUK Titanium» ЖШС біріккен кәсіпорнын құрған болатын. 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысының орталығында зауыттың құрылысы басталды. Қуаты жылына 6 мың тоннадан астам титан құймалары мен балқымаларын шығаруға жететін зауытта әрі қарай мұнай өндіру, химия өнеркәсібі, кеме құрылысы, энергетика, сумен қамту және тұщыту қондырғыларына арналған ыстық һәм суық күйінде иленген титан табақтары мен құбырлары өндіріледі. Жобаның құны 70 млн. АҚШ долларын құрады. 2014 жылдың 23 қыркүйегінде зауытта еліміздің тарихында алғаш рет 10 тонналық титан құймасы алынды. Қазіргі кезеңде кәсіпорында 70 жұмыс орны құрылды. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта 200 адамға дейін жұмыспен қамтылмақ.
«POSCO» прокатының заманауи технологиясын пайдалану «POSUK Titanium» ЖШС қазақстандық-кореялық бірлескен кәсіпорнына титан прокаты бойынша әлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік береді. Балқытудың жаңа технологиясы «ӨТМК» АҚ инновациялық технологияны енгізуге және титан өнімдері тізімін кеңейтуге, ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және экспорттық әлеуетін арттыруға тың серпін әкелмек.
Зауыт директоры Валерий Сычевтің айтуынша, «POSUK Titanium» зауытының бірінші кезегі толығымен пайдалануға берілді. Осыған дейін үш сынақтық құйма алынды. Жуырда ғана ұзындығы 5 метр болатын салмағы 20 тонналық құйма құйылған. Қазір оңтүстіккореялық «POSCO» компаниясымен келісімшарт жүргізілуде. Яғни құймалар Оңтүстік Кореяға жөнелтіледі. Олар өнімді сертификаттаудан өткізген соң өндірістік жоспарды орындау басталады. Осылайша, титан құймалары прокаты шетелдерге экспорттала бастайды.
– Бұл біздің ұжым үшін өте қуанышты сәт. Президент телекөпірде жаңадан құрылған өндіріс орнының тиімділігіне тоқталды. Әлбетте, титан құймаларын өндіру елімізде енді өркендеп келе жатқан салалардың бірі. Бүкіл әлемде титанның 15 пайызы өндіріледі. Яғни зауыт Қазақстанның титан өндірісінде жетекші ел болуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді «ӨТМК» АҚ өндірістік-техникалық басқарма бастығы Владимир Колчев.
В.Колчев бүгінде зауыттың екінші кезегіне әзірлік жүргізіліп жатқанын, оның құрылысы келер жылы пайдалануға берілуі мүмкін екенін жеткізді. Сол кезде зауыттың жалпы қуаты 12-13 мың тоннаға дейін титан құймаларын өндіруге жетеді.
Зауыттың ашылу салтанатында өңір басшысы Даниал Ахметов Президент пәрменімен жүзеге асырылған жаңа өндіріс орны арқылы өнім құны жоғарылағанын жеткізді.
– Бұл – өте үлкен жоба. 6 мыңнан астам титан құймасы қаржылай есептегенде шамамен 60 млн. долларға тең болады. Зауыттың өзіндік ерекшелігі, даму келешегі бар. Кәсіпорын цехында жақында екінші алаң іске қосылып, өнім көлемі көбейе түспек. Әлемдік нарықта орын алу үшін шикізат қана емес, оның құнын жоғары бағада сата алатын өнім өндіру қажет. Бұл орайда біздің облысымыз мен кәсіпорындарымыздың әлеуеті үлкен. Кенді Алтайымыздың қойнауы қазба байлыққа толы. Сондықтан металлургиялық сала – ұдайы назарымызда. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың жетекшілері мен ұжымдарының жоғары марапаттарға ие болып жатқаны қуантады. Бұл – жоғары сапа белгісі. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастады. Осы одақ құрылымы аясында бәсекеге қабілетті болуымыз үшін сапаға да жоғары көңіл бөлеміз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.