* Қазақ хандығы – 550
«Қасым ханның қасқа жолы»
«Қасым хан ұлы князь үшінші Василий билеген Москва князьдігімен дипломатиялық байланыс орнатты. Қазақ халқы дербес ел ретінде батыс Еуропаға әйгілі болды. Австрия дипломаты Сигизмунд Герберштейн өзінің еңбектерінде бұл жайында құнды пікірлер жазған». («Қазақ КСР тарихы», 1979 ж.)
Қасым ханның мемлекет мүддесін, ел тыныштығын бәрінен жоғары бағалаған, бейбітшіліксүйгіш саясатын Мұхаммед Хайдар Дулати шежіресіндегі мына бір оқиғадан анық байқауға болады: 1512 жылы Қасым ханның ордасына Моғолстан билеушісі Саид хан келеді. Ол қазақтарды өзбектерге қарсы соғысқа шақырған өтінішін айтады. Саид ханның өтінішін қабыл алмау, одақтас екі мемлекет арасындағы достыққа көлеңке түсіретін еді. Сондықтан Моғолстан билеушісінің меселін қайтарып, ренжітуге болмайды. Екінші жағынан, жойқын соғыстардан қалжыраған халықтың енді ғана тыныштыққа қолы жетіп, бейбіт өмір сүріп жатқанда ел шырқын бұзу да қазақтарға өте тиімсіз еді. Қасым хан Моғолстан билеушісін құшақ жайып, зор құрметпен қарсы алады. Шежіреде былай делінген: «Қасым ханның Саидты жақсы қарсы алғаны сондай, хан өз өмірінің соңғы күндеріне дейін осы ілтипатты кездесуді ұмытқан жоқ. Қашанда, реті келгенде хан, Алла рухына иман берсін, Қасым ханды еске түсіріп, мақтап, оның ізгілігін еске түсіріп отырушы еді». («Тарих-и-Рашиди», «Қазақ хандығы тарихының материалдары» 1969 ж.).
Моғолстан билеушісі қазақ ханының ордасында шексіз құрмет пен сыйға бөленіп, жаздай қонақ болады. Қасым хан қадірлі қонағына көптеген бағалы сый-сияпат жасайды. Атағы алыс елдерге жайылған, арқасына хан тақымынан басқа жел де тимеген қос арғымағының бірі – Оғланторы атты сәйгүлігін сыйға тартыпты. Сонымен жаз өте шығып, қазақтар Қасым ханның шешімімен қыстауға жылжыды. Қасым хан қол астындағы елінің қыс қамына кіріскенін, бұл уақытта әскер жасақтауға болмайтынын айтып, қонағын зор құрметпен шығарып салады. Қазақ елі билеушісінің шексіз ілтипаты мен зор құрметіне, мол сый-сияпатына риза болған Саид хан риясыз алғысын айтып, еліне, Әндіжанға қайтыпты. Тарихта «қазақтармен бейбіт бітім» деп аталған осы сапардан кейін Қасым хан «қой да аман, қойшы да тыныш» дегендей елінің бейбіт өмір, мамыражай шаруашылығын басқара беріпті.
Кемеңгер Қасым хан ел басқару жүйесінде ата жолын берік ұстап, ескі билерден қалған қазақтың заңдық ғұрыптарын қадірлеп, оларды заманға бейімдеп, жаңа жағдайға сәйкес жаңа низам жүйесін жасады. «Қасым ханның қасқа жолы» аталған бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық, құқықтық қатынастарын қалыптастырды, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін бекітті, адамдар және ру-тайпалар арасындағы барлық қатынас жүйелерін реттеді.
Академик Ә.Марғұлан «Қасым ханның қасқа жолы» заңдарын былай түсіндіреді: «Қасым ханның қасқа жолының» негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «Ярғу» заңдарынан алынған, қазақша «Жарғы» деген ұғым береді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, тең бөлуден дәл, әділ айтудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық ардақтап, «қара қылды қақ жарған» деп мақтаған. Өзінің мазмұны бойынша, бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери-демократия арнасына барып тіреледі. XV-XVI ғасырларда Бұхардың Ишан қазылары қазақ өлкесіне діни үгіт таратып, «ежелгі Жарғы заңынан бас тартыңдар. Ол көкке табынатын дінсіздіктің ісі, оның орнына шариғат қағидасына ауысыңдар. Ант бергенде, көк соқсын деп айтпаңдар, құран соқсын деп құранды бастарыңа көтеріңдер», – деп үгіттейді. Бірақ, халық бұқарасы оған селқос қарап, көп заман шариғат қағидасына ойыса қоймады. Бұл тарихи жағдайларды жақсы түсінген Қасым халық тілегіне жақын ежелгі «Жарғы» заңын жаңадан күшейтті. Халық Қасымның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы – «Жарғыны» жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті» (Ә.Марғұлан «Қасым ханның қасқа жолы» ҚСЭ, 1975 ж., 6-том).
Озық ойлы Қасым хан заманының халық болашағына пайдалы жаңалықтарын көре білді. Шариғат заңдарын қабылдамағанмен, ислам діні уағыздарының жақсы жақтарын да көре білді. Исламнан Қасым ханға ерекше ұнағаны – араб жазуы болды. Ол дереу араб жазуын жаппай үйренуді бұйырды. Араб жазуын жастарға, хан ордасының жылнамасын жүргізетін, ресми хат жазатын абыздарға үйретіп, діннің санкриттік түрін кеңінен пайдаланды (Ә.Марғұлан, «Таңбалы тас» жазуы).
Сыртқы саясатта көрегендік дипломатиялық қатынастар жасай отырып, Қасым хан елінің ұзақ уақыт тыныштықта тіршілік етуіне жағдай жасай келе, мемлекетінің іргесін кеңейтіп, шекарасын нығайтуда да асқан дарындылық танытты. Қаһарман қолбасшы Қасым хан Сыр бойындағы, Түркістан аймағындағы қалаларды түгел өзіне қаратты. Хандықтың шекарасы оңтүстікте Жетісу жерінің дені, солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тауларына дейін жетті. Батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтып, Сарайшық қаласын бағындырды.
Қасым хан мемлекетінің ішкі жағдайын да нығайтып, елдің бірлігін бекітті. Тарихи деректерден хан Ордасының бірде Жетісуда, Қаратал өңірінде, бірде Шу бойында, енді бірде Арқада, Ұлытауда немесе батыста, Жайық жағасында болғанын көреміз. Бұл кемеңгер билеушінің халық ортасында жиі болып, мемлекетінің бірлігін арттырып, тұтастығын танытудағы көрегендігі болса керек. Міне, осындай парасаттылықтың арқасында ол Қазақ хандығының мерейін биікке көтеріп, әскери күш-қуатын жеңімпаздық дәрежеге жеткізді. Ол хандық құрған жылдар қазақ мемлекетінің тарихындағы жан-жақты даму, шекарасы нығайып, дербес әскери-державалық ел ретінде кеңінен танылу, сауда, дипломатиялық қарым-қатынастардың дәуірлеу кезеңі болды.
Осындай мемлекеттік дәрежедегі ірі қайраткерлігімен қатар Қасым хан мол ақыл-парасатымен де, жеке басындағы ізгі адамгершілік қасиеттерімен де, жан-жақты білімімен де замандастарынан көш бойы озық тұрған тұлға болды. Ол халқына тән барлық асыл қасиеттерді бойына сіңірген жан еді. Ұлы ханның даналығын, көреген көсемдігін, халқының қамын жеген парасаттылығын, батырлығымен бірге ғұламалығын сол заманның тарихшылары мен ғалымдары жарыса жазып кетті. Көнеден жеткен сол мұраларда Қасым ханға халқының бақытына туған дара тұлға деген бірауызды баға берілген. Хас перзентінің туған елі үшін, атамекен жері үшін атқарған жанқиярлық ұлы істерін халқы да қастерлеп, ұлы ханның есімін ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмас ұлағат, мақтан тұтар мәңгілік мұра етіп қалдырып келеді. Бұл тарихи тұлғаның есімі мен еңбегін терең зерттеп, ұлттық мақтанышымыздың символдарының біріне айналдыру – тарихшы-ғалымдарға аманат.
Ерлік пен елдік сыны
Тарих сахнасына екпіндей кіріп, жарты әлемге танылып үлгерген Қазақ хандығы Қасым хан қайтыс болғаннан соң өзінің ішкі-сыртқы саясатында біршама тоқырау кезеңін бастап өткерді. Қырсық шалғанда, ұлы таққа отырған
Қасым ханның баласы Момыш хан (1522-1523) бір жыл өтпей жатып, қанды соғыстардың бірінде қаза тапты. Енді ұлы таққа Қасым ханның ағасы
Әдік сұлтанның ұлы Тайыр (1523-1533) отырды. Тарихшылардың айтуынша, Тайыр әскери-саяси істерге шорқақ, дипломатиялық дарыны төмен, мінезі қытымыр адам болса керек. Ол ішкі бақталастық қырқысуларды өршітумен бірге, төңіректегі елдердің бәрімен жауласып үлгереді. Қазақ хандығымен үнемі жауласып келген Шайбани әулетімен ғана емес, мемлекеттің сенімді одақтасы болып келген Ноғай ордасындағы маңғыт мырзаларымен де, Моғолстан хандарымен де текетіреске түсті. Ішкі билікте халыққа рақымсыз қаталдық көрсету, сыртқы саясатта дос пен қасты айырмай жаппай елмен жауласу Тайыр ханның түбіне жетті.
Қарауындағы халықтың наразылығы күшейіп, маңайында аз ғана әскері қалған Тайыр хан Қасым заманынан бері қазақтармен бір ұлыс болып келе жатқан қырғыздардың арасына барып паналайды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың, Тарих-и-Рашиди» атты еңбегіндегі деректер бойынша: «Алғашқыда Тайыр ханның қол астына қараған 1 миллион халықтан кейін 400 мыңдай адам ғана қалған, бастапқыда 10 лек болған әскерден 2 лек әскер ғана қалған. Ақыры ол қырғыздарды ғана билеп қалған». 1533 жылдар шамасында Тайыр хан қайтыс болды. Енді Қазақ Ордасының ұлы ханы болып Әз-Жәнібектің тағы бір немересі,
Жәдік Сұлтанның баласы Тоғым (1533-1537 жылдар) ақ кигізге көтерілді. Алайда, осы кезеңде Тайыр хан билік құрған он жыл ішіндегі келеңсіз істер ел ішіне терең іріткі салып, ұлы хандықтың іргесі шайқалып, әрбір өңірде жеке хандар билік құра бастады. (Мәселен, Әдік сұлтан ұлы Бұйдаш хан Жетісу өңірін билесе, Жаныш сұлтан ұлы Ахмет хан Сырдария маңында билік құрды).
Тайыр ханның дарынсыз билігі Қазақ хандығының өркендеу дәуірін тежеп, елдің дамуына үлкен нұқсан келтірді. Дегенмен, бір кездегі Керей мен Жәнібек негізін салып, Бұрындық хан мен Қасым хан әрі қарай нығайта шыңдалған Қазақ мемлекетінің елдік қасиеті өзінің көшелі арнасынан әлі де жаңыла қойған жоқ еді. Тоғым хан «қар жастанып, мұз төсене» жүріп, береке-бірліктен айырылып, бытырай бастаған қазақ ұлыстары мен қырғыз елінің басын қосып, қайтадан бір арнаға ұйыстырды. Қазақ хандығының әскери-саяси әлеуетін қайтадан қалпына келтіру үшін жан аямады. Тоғым ханның талайым тағдырына орай, Қазақ мемлекетін тарих сахнасынан біржола өшіріп жіберуге ұмтылған жаулары – бір жағынан қалмақ, бір жағынан моғол, бір жағынан өзбек тоқтаусыз соғыс салып, қыспаққа алды.
Қазақ Ордасының күлін көкке ұшыруды көксеп, өзара одақ құрған өзбек ханы Ұбайдолла мен моғол ханы Әбдірәшид 1537 жылдың жазында бірі Мәуеренахр жақтан, бірі Шығыс Түркістаннан лап қойды. Жау хабарын естіген Тоғым қазақ пен қырғыздың біріккен жасағымен шеп құрды. Моғол мен өзбектің жер қайыcқан әскері Ыстықкөл маңында қосылды. Тарих бойынша, 944 жылы, 18 сафар, яғни 1537 жылдың 27 шілдесінде Тоғым ханның тас түйін әскері басқыншыларға қарсы шайқасқа шықты. Бірақ күш тең емес еді. Өзбек пен моғолдың біріккен әскері қазақ-қырғыз жасағынан әлденеше есе көп еді.
Жау әскерінің сан жағынан сөзсіз басымдығын біле тұра, Тоғым хан ерлік пен елдік сынға түскен ұлы шайқасқа тайсалмай түсті. 1537 жылдың 27 шілдесінде таң азаннан, түн қараңғылығына дейін созылған қиян-кескі шайқаста қазақ-қырғыз жасағы түгелге дерлік қырғынға ұшырады. Елінің еркіндігі жерінің азаттығы жолында көзсіз ерлікке барған қазақ-қырғыз жасағының барлық әскер басы – Тоғым хан бастаған 37 сұлтан ұрыс даласында мерт болды. Оның ішінде Тоғым ханның тоғыз ұлы бірдей қыршын кетті...
Халқымыздың тарихындағы толып жатқан ақтаңдақтың бірі – елінің ертеңі үшін ондаған мың боздақтар жер жастанған осынау Санташ соғысы. Тарихшылар осы бір сұрапыл жылдардың ақиқатын ашып, кіндігінен тараған тоғыз ұл, бүкіл әулетімен қазаға ұшыраған Тоғым ханның өшпес ерлігінің шежіресін жасауы керек. Ел тәуелсіздігі жолында шейіт болған ұландар өрлігін ұрпаққа ұлағат ету парыз.
Орнында бар оңалар. Тарих сахнасында өзінің орнын ойып алған Қазақ хандығының алғашқы жүзжылдық даму кезеңіндегі қайтадан дәуірлеу жылдары басталды. Қазақ хандығының қайтадан нығаюы, Қасым хан заманындағы дәрежесіне көтеріліп, сол замандағы ірі де іргелі мемлекетке айналуы –
Хақназар (Ақназар) ханның есімімен байланысты.
Хақназар – қасқа жолды Қасым ханның бел баласы. Ол билік құрған кезеңде (1538-1580) ел іргесін кеңейтіп, мемлекеттің беделін арттырып, халқының сенімін нығайтып, Қазақ Ордасын берік ұйыстырды. Ол ел басқаруда, мемлекеттің әскери-саяси істерін жүргізуде қабілеті мол қайраткерлік танытты. Сонымен бірге, аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екенін көрсетті. Қасым хан заманында пайда болған қазақ-қырғыз одағын үздіксіз нығайтты. Тіпті сол заманның тарихи деректерінде Хақназар хан «Қазақтар мен қырғыздардың патшасы» (Хайдар иби Әли әл-Хұсайн Рази «Тарих-и-Хайдари») деп атап көрсетілген.
Хақназар хандық құрған дәуірде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар орын алды. Бұл кезеңде Қазақ мемлекетінің батысындағы орыс патшалығы тым күшейе бастаған еді. Орыс патшалығы шекарасын шығысқа қарай кеңейту мақсатындағы соғыстарды сәтті жүргізді. 1552 жылы Қазан хандығы, 1556 жылы Астрахань хандығы тізе бүгіп, Ресейге бағынды. Орыс шапқыншылығының салдарынан Ноғай ордасы ыдырай бастады. Хақназар хан билігіндегі Қазақ хандығының күшеюі және халық тұрмысының жақсаруы Ноғай ордасына қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлігі – қаңлылар, қыпшақтар және басқалар Қазақ хандығына қосылуымен тұспа-тұс келді. Хақназар еліне келіп қосылған тайпаларды құшақ жая қабылдады. Онымен ғана шектелмей, қажет кезінде Ноғай билеушілерімен ашық соғыс жүргізіп, Қазақ хандығының батыс шекарасын Еділ мен Жайықтың сағасына дейін созды. Ыдыраған Ноғай ордасы бірнеше топқа бөлінді. Мәселен, Ысмағұл мырзаның тобы – Мәскеу княздығына қосылуға ұмтылды, ал оған қарсы топ Қазақ хандығына қосылуға күш салды. Осы жағдайды пайдаланып, Хақназар хан Ноғай ордасының бірқатар ұлыстарын (олардың көпшілігі алшын одағына кіретін қазақ тайпалары болатын) өзіне қосып алды. 1557 жылы Ысмағұл орыс патшасы IV-Иванға хат жазып: «Менің туыстарым қазір Жайықтың арғы жағында, бізден қалып қойып, қазақ патшасына қосылып кетті» (В.Веньяминов-Зернов «Қасым хандығын зерттеу») деп шағымданды.
1569 жылы Ноғай одағы мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты. Бұрын Ноғай одағына қараған қазақ тайпалары өздерінің этникалық атамекені қазақ хандығына бірікті. Ноғай одағының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығының құзырына өтті. Орыс патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы ұлан-ғайыр өңірді алып жатқан Ноғай одағының құлауы, Шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын қазақ мемлекетінің шекарасымен жақындата түсті. 1563 жылы Сібір хандығының билігін тартып алған Көшім хан қазақтарға қарсы соғыс ашты. Моғол билеушілері де қуаты артқан Қазақ хандығына шабуылдауын қоймады. Осындай күрделі жағдайларды жете түсінген Хақназар хан мемлекетінің сыртқы саясатын өзгертті. Қазақ хандығының бітіспес жауы – Мәуреннахрдағы Шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп Шайбани әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Екі мемлекет арасындағы соғыс қимылдары біраз уақыт тоқтады. Осы кезеңдегі Хақназар ханның жеңісті жорықтарының нәтижесінде бүкіл Шығыс Түркістанды иеленіп отырған, күні кеше Жетісуға ауыз салған Моғолстан мемлекеті күйрей жеңілді. Енді ол Қазақ елі үшін қатер болудан қалды. Моғол қонысы Тәңіртаудың арғы бетіне ысырылды. Оқтын-оқтын тұтанып жорықтар ұйымдастыруды әдетке айналдырған қалмақтарды ойсырата жеңіп, бетін қайтарды.
Осылай Қазақ хандығының саяси ахуалын нығайтып, халықаралық жағдайын қалпына келтірген соң Хақназар хан мемлекетінің болашағы үшін үлкен қауіп болып отырған Өзбек-Бұхар хандығына қарсы жүйелі күресін бастады. Бұл кезде, Бұхара ханы Абдолла ІІ-нің тұсында Ташкент маңайын Норозахмет (Барақ) ханның баласы Баба сұлтан биледі. Ол Бұхараға бағынбай, үнемі Абдолла ханмен соғысты. Хақназар хан өзбек билеушілерінің өзара қырқысында біресе Абдоллаға, біресе Баба сұлтанға жақтас болып, олардың бодандығында болған Түркістан, Сауран сияқты бірқатар қалаларды қайтарып алды. Абдолла ханға қарсы ұйымдастырылған шешуші соғыс қимылдары басталған 1580 жылдың көктемінде Қазақ Ордасының одақтасы, Ташкент әміршісі Баба сұлтан опасыздық жасап, бірге аттанған жорық жолында хан шатырына тұтқиылдан шабуыл жасап, Хақназар ханды қапыда өлтіреді. Осы опасыздық салдарынан Қазақ хандығының бірқатар әскербасы, оның ішінде Хақназар ханның екі ұлы, інісі Жалым сұлтан және оның екі ұлы өкінішті қазаға ұшырайды.
Қазақ хандығының төрт құбыласын кеңейтіп, мерейін өсірген Хақназар ханның кенеттен болған қазасы артындағы халқын, жорық үстіндегі қалың әскерін үлкен дағдарысқа тап қылады. Осындай күйзелісті кезеңде қайрат танытып, қалың қолды жауға қарай бастаған Шығай сұлтан болды. Кешікпей Жәдік сұлтанның баласы,
Әз-Жәнібек ханның немересі Шығай сұлтан ақ киізге салынып, хан сайланды.
Шығай хан (1580-1582) опасыздық жасаған Баба сұлтаннан кек қайтаруды мақсат етті. Шығай хан мен оның ұлы Тәуекел сұлтан Абдолла ханмен бірлесе отырып, бірнеше жорық жасады. 1582 жылы қазақ-өзбек әскері Баба сұлтан әскерін ойсырата жеңді. Осы ұрыста Шығай хан мерт болды. Сол жылдың маусым айында Түркістан қаласының түбіндегі қанды шайқаста Тәуекел сұлтан бастаған қазақ қолы Баба сұлтан әскерін толық талқандап, Баба сұлтанды өлтірді. Қас жауын жойғанға риза болған Абдолла хан Самарқанд өлкесіндегі Афойкент уалаятын Тәуекелге тарту етті. Сонымен бірге, Сырдария бойындағы Сауран, Түркістан, Отырар, Сайрам сияқты қала-бекіністер де Қазақ хандығының құрамына берілді.
Шығай хан соғыста шейіт болғаннан кейін
Қазақ хандығының тағына оның ұлы Тәуекел сұлтан отырды. Тәуекел әкесі Шығайдың тірі кезінде-ақ қол бастаған дарынды баһадүр еді. Тарихшы Хафиз Таным өз еңбектерінде: «Бүкіл Дешті-Қыпшаққа даңқы шыққан Тәуекел сұлтан ерлігі жөнінен де, мәрттігі жөнінен де, қажыр-қайраты жөнінен де әлемде теңдесі жоқ дара туған жан», – деп сипаттайды. Тәуекел хан кезеңінде (1582-1598) Қазақ хандығы мен Ресей патшалығы арасында дипломатиялық қарым-қатынас күшейе түсті. Ресейдің мақсаты: Қазақ хандығымен одақтасып, Сібір билеушісі Көшім ханға қарсы күресу, Тәуекел хан мен Иран шахы Аббас І арасында Бұхара хандығына қарсы одақ құрғызу еді. 1595 жылы Тәуекел хан В.Степанов бастаған орыс елшілігін қабылдады. Сөйтіп, Қазақ хандығы мен Орыс мемлекеті арасында Сібір ханы Көшімге және Бұхара ханы Абдоллаға қарсы одақ қалыптасты.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
(Жалғасы бар).